Қалалар бойынша Ораза айт намазының уақыттары

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақытын ұсынады:

1. Астана қаласы — 07:00

2. Алматы қаласы — 06:00

3. Алматы обл. — 06:00

4. Ақтөбе — 07:00

5. Ақмола — 07:30

6. Атырау — 07:00

7. Ақтау — 07:00

8. БҚО – 06:30

9. Жамбыл — 06:30

10.Қарағанды — 06:00

11.Қостанай — 07:30

12. Қызылорда — 07:00

13. ОҚО — 06:30

14. Талдықорған — 06:30

15. Павлодар — 07:00

16. ШҚО — 07:00

17. СҚО — 07:30

18. Семей – 07:00

19. Жезқазған – 07:00

Айт күнгі сүннет амалдар қандай?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Fatua.kz сайтының ақпаратына сай, Ораза және Құрбан айт күні ғұсыл алу, мисуакпен тісін тазалау, ең әдемі киімдерін кию, иіссу себіну мұстахаб амалдарға жатады. Сүннет бойынша Ораза айт күні бір не үш түйір құрма немесе тәтті нәрсе жейді. Намазға шығардан бұрын садақа береді. Құрбан айт күні тамақ жеуді айт намазынан кейінге қалдырды. Айт намазынан кейін құрбандық шалып, сонымен ауыз ашады.

Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің көзқарастары бойынша Ораза айты намазына бара жатқанда да тәкбір айтылады. Әбу Ханифаның пікірінше айтылмайды.

Айт намазына барарда бір жолмен, қайтарда басқа жолмен қайту мұстахаб іс. 

Ораза айт намазы қалай оқылады?

Жамағат сапқа тұрып, имаммен екі рәкәғат намаз оқиды бірінші тәкбір тәхримені жасайды. Сонан соң Сәнә дұғасын оқып, одан кейін үш рет дауыстап тәкбір айтады. Үшеуіне де қолдарын көтереді. Сонан кейін ішіне «Ағузу» мен «Бисмилланы» одан соң Фатиха мен бір сүрені дауыстап оқиды. Әрі қарай бұл рәкәғатты әдеттегі басқа намаздардағыдай етіп орындайды. Сосыг екінші рәкәғатқа тұрып, «Бисмилланы» іштей, Фатиха мен бір сүрені дауыстап оқиды. Оқып болған соң үш рет қолын көтеріп, тәкбір айтады. Бұл үшеуін айтып болған соң қолын көтермей, жәй тәкбір айтып, рукуғқа еңкейеді. Бұл рәкәғатты әдеттегі басқа рәкәғаттардағыдай етіп аяқтайды. Тәшәһһуд оқып, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, сәлем береді.

Қосымша тәкбірлерден кейін қолдарын төмен түсіреді. Тек қана бірінші рәкәғаттағы үшінші қосымша тәкбірден кейін қолдарын кіндігінің астына байлайды.

Имамның артында тұрған ұюшылар оның барлық іс-әрекеттерін қайталайды. Тек «Ағузу» мен «Бисмилланы», имамның қырағатын қайталамайды. Тәкбірлерді дауыстамай іштерінен айтады.

Айт намазында хұтпа айту сүннет. Имам мінберге шығып, айттың үкімдері туралы жамағатқа түсіндіреді. Ораза айты болса пітір садақасы туралы айтады.