Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша 2016 жылы 121 092 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 83 330-ы – қазақ тілінде, 37 762-сі – орыс тілінде. ҰБТ тапсыруға 86 991 түлек өтініш білдірді. Бұл жалпы санның 72 пайызын құрайды. Ал қазақ тілінде – 63 021, орыс тілінде – 23 970 түлек тапсырады.

ҰБТ 166 пунктте өтеді. Оның 116-сы аудан орталықтарында, 50-і облыстық орталықтарда, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының жоғарғы оқу орындарының ғимараттарында орналасқан. Бір пунктте тестілеуден өтетіндер саны 1 күнде 600 түлекті құрайды.

Айта кетейік, биыл талапкерлерге қойылған талап өзгерген жоқ. Оқушылар 5 пән бойынша тест тапсырады, 3,5 сағатта 125 сұрақтың жауабын белгілеуі тиіс. Жоғары оқу орнына түсемін десе, кемінде 50 балл жинауы қажет. Ал ұлттық университетте білім алғысы келетіндердің көрсеткіші 70 баллдан төмен болмауы керек. Бірақ аздаған өзгерістер бар. Сынақтан сүрініп, 50 балл жинай алмағандар ҰБТ-ны қайта тапсыра алады.