Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданын аумағынан басталып, Атыраудың Индерінде жалғасып, одан соң қайтадан Бөкейліктегі Аралсор мен Хан Ордасына оралып, ғылыми зерттеулер жүргізуді көздеген бұл сапарды Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аргарлық-техникалық университеті ұйымдастырып отыр.
Экспедицияның мақсаты туралы брифнгте ресейлік ғалым-палеонтолог Владимир Ефимов былай мәлімдеді.
-Біздің міндетіміз — барған жерлеріміздегі жер қыртысын зерттеп, пайдалы қазбалардың бар-жоғын анықтау, қазба жүргізіп, табылған жәдігерлерді жергілікті музейге тапсыру. Сонымен қатар, өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы қызықты мәліметтер жинау. Келешекте Жайық өңірі республикадағы туристік маршруттар арасынан озық шыға алады. Бұған қол жеткізу үшін біз барлық көрген-білгенімізді қаттап, қағазға түсіріп, туристер назарына ұсынбақпыз, — деді ол.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аргарлық-техникалық университетінің профессоры Қажымұрат Ахмеденов экспедицияның маңызына тоқталды.
— Индер тұзды көлі мен Индер таулары Атырау және БҚО шекарасында орналасқан айрықша аймақ. Оны зерттеуге он жылдан аса уақыт жұмсадық. Осы уақыт ішінде 14 үңгірді тауып, күкіртті, минералды бұлақтарды зерттеудің сәті түсті. Ендігі міндет — осы тамаша табиғат ескерткішін көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа аманаттап қалдыру. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатыр, — деді жергілікті ғалым.
Құрамына жергілікті ғалымдармен қатар ресейлік ғалымдар, БАҚ өкілдері кірген экспедиция алдымен БҚО Тасқала ауданы аумағында орналасқан Ешкітаудың флорасы мен фаунасын зерттеді. Одан әрі Атырау облысы аумағындағы Индер көлінде және Индер тауларында болды. Осы жерде делегация құрамы Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығынан келген жас экологтармен толықты. Ендігі бағыт — Бөкей ордасындағы Аралсор мен Хан ордасы ғылыми кешені болмақ.
Тоқтар Ғабдрешұлы