Басты бетЖаңалықтарҚазақстан Орталық...

Қазақстан Орталық Азия елдерінің жастар кеңесін құру бастамасын ұсынды

Конференцияны Өзбекстандағы ЕҚЫҰ Жобаларының үйлестірушісі, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты және Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырды.

Екі күндік конференция экстремизмге күштеу және радикалдануды болдырмау үшін жастарды тарту қажеттігі туралы хабардарлығын арттыру және саяси ұсынымдарын әзірлеуге бағытталады.

Конференцияға халықаралық ұйымдардың басшылары, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының және ҮЕҰ өкілдері, сарапшылар қатысты.

Вице-министр Абзал Нүкенов «Экстремизмге және терроризмге күштеуге қарсы іс-қимылдағы мемлекет пен азаматтық қоғамның ынтымақтастығы» панельдік сессиясында сөз сөйледі және мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының өзіндік моделін қалыптастыру бойынша, Қазақстандағы жастардың дамуы мен әлеуметтенуіне жағдай жасау үшін жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты.

«Біз жастарды жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Біздің мақсатымыз – жастарды қолжетімді біліммен, жұмыспен,  сапалы бос уақыттарын сапалы өткізуді қамтамасыз ету. Осы бағытта тиісті кешенді жұмыс жүргізілуде», — деді А. Нүкенов.

Вице-министр Орталық Азия елдері жастарының кеңесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Қазіргі таңда Орталық Азия кеңістігінде ынтымақтастықты дамыту және ортақ мәселелер бойынша бірігіп шешім қабылдауға жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Жұмысты жүйелі жүргізудің тиімді механизмдерінің бірі ретінде әріптестерге әртүрлі сала өкілдерінен құралатын жастарды қамтитын Ортаазиялық аймақ елдерінің Жастар кеңесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Кеңес аясында біз өзекті мәселелерді, оның ішінде экстремизмнің және терроризмнің алдын алу мәселелерін талқылай алатын едік», — деді вице-министр.

Қатысушылар жастар арасында экстремизмге және терроризмге әкелетін радикалданудың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша кешенді тәсілдерді талқылап, діни радикализмге қарсы күресте жастардың әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде Орталық Азия елдеріне арналған ұсынымдар әзірледі.

Сонымен қатар, конференция барысында Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің сенаты төрағасының орынбасары Садык Сафаев, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер, БҰҰ Бас хатшысының жастар ісі жөніндегі уәкілі Джаятма Викраманаяке, БҰҰ Контртеррористік басқарма директоры Жехангир Хан, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан, Өзбекстан Республикасы Президентінің жастар ісі жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі, Өзбекстан жастарының одағы Орталық кеңесінің төрағасы Кахрамон Куранбаев сөз сөйледі.