Протеин (ақуыз) — құрамында көп мөлшерде сапалы ақуыз бар ұнтақ. Ол дененің бұлшықет тінін қалпына келтіруге көмектеседі. Протеинді көбіне спортшылар дене массасын қалыпта сақтап қалу үшін ішеді.

Адам ағзасына қанша ақуыз қажет?

Ішіп жүрген тамағыңыздан ағзаңызға түсетін ақуыз жеткілікті ме, әлде қосымша ақуыз ішу керек болса, оны қалай білуге болады? Егерде денеңіздің өскенін қаласаңыз, сізге көп мөлшерде ақуыз қажет. Ең алдымен ішіп жүрген тамағыңызға мән беру қажет. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас міндетті түрде ішілу қажет. Ең дұрысы күніне 5-6 рет тамақтану керектігін ұмытпаған жөн. Жаттығу залында дайындықты бастамас бұрын, дәрігер мен жаттықтырушының кеңесін алыңыз. Жақсы нәтиже шығарам десеңіз, өз бетіңізбен дайындалмаңыз.

протеин
©dribbble.com

Ағзаңызға қажетті ақуыз мөлшерін білу үшін, 1 кг салмаққа күніне 2-3 грамм ақуыз керектігін есте сақтаңыз. Ақуызды мөлшерінен көп ішсеңіз, ол артық салмаққа алып келуі мүмкін. Мысалы, егер салмағыңыз 90 кг болса, сізге күніне 135-180 грамм ақуыз қабылдау қажет.

Протеин, әлде дұрыс тамақтану?

Жарнамаға сүйенсек, протеиннің көмегінсіз үлкен дене бұлшықеті туралы армандамасаңыз да болады. Көп адамның бірден протеин ешетіні де осыдан. Егерде тамақтану рационыңызды дұрыстап, қажетті мөлшерде ақуыз жеп, жаттықсаңыз, сізге ешқандай да протеин ішудің қажеті жоқ.

Құрамында көп мөлшерде ақуыз бар тағамдардың тізімі:

  • Жұмыртқа;
  • Сүт;
  • Майсыз ет;
  • Балық;
  • Жаңғақтар;
  • Бұршақ пен соя.

Ескеру қажет! Күніне 135-180 грамм ақуыз жейтіндер, күн сайын көп  мөлшерде тамақтанудың қандай қиын екенін біледі. Күнделікті ішетін тағамдардың құрамында май көп болса, онда аз уақыттың ішінде артық салмақ жинап алуыңыз мүмкін. Протеиннің спортта атақты болуына да осы себеп. Күнделікті асыңызға мән бермей, бірақ артық салмақ жинап алудан қорықсаңыз, мұндай жағдайда сізге протеин көмектесе алады.

Ең оңтайлысы құрамында ақуызы көп тағамдар ішіп, жетпегенін протеинмен толтырсаңыз да болады.

протеин
©dribbble.com
Пайдасы

  • Тез сіңіріледі;
  • Құрамында көп мөлшерде ақуыз бар;
  • Майлар мен көмірсудан тазартылған;
  • Өзіңмен бірге алып жүруге болады;
  • Күнделікті ақуызы бар тағамға жұмсаған ақшадан, едәуір арзанырақ.
Зияны

  • Құрамында ақуызы бар тағамдардың құрамында бар дәрумендер жоқ;
  • Кейбір адамдарға кері әсеру тиеді;
  • Бір банканың бағасы қымбат болуы мүмкін;
  • Тез тойдырып, жалықтырып жібереді.

 

Диас Мұханбет, 26 жаста: Бұлшықет шығару, салмақ тастаудан әлде қайда қиынырақ

21 жасымда салмағым 132 кг болды. Өте семіз болдым. Бір күні жаттығу залына жазылып, бірден дайындықты бастап кеттім. 16 айдың ішінде 62 кг салмақ тастадым. Бойы 1,85 жігіт үшін 60 кг деген өте аз. Ап-арық, ұсқынсыз боп шыға келдім. Қайтадан салмақ жинаумен әлектендім. Бұлшықет шығару, салмақ тастаудан әлде қайда қиынырақ екен. Тамақтану рационымды өзгертіп, бар ынтаммен шұғылдандым. 1 жыл өткен соң, нәтиже айтарлықтай болмады. 9 кг салмақ қоссам да,  бұлшықеттерім мен қалағандай өспеді. Қалай дайындалсам да, одан ары салмағым мен бұлшықеттерім өзгермеді. Интернеттен протеин туралы оқып, ішуді бастадым. Нәтижесі 1 айдың ішінде байқала бастады. Протеин ішудің де өзіндік ережесі бар. Уақытылы нормамен ішіп отырсаң, еш зияны жоқ. Протеин ішкен адам, міндетті түрде спортпен шұғылдануы қажет. Протеинді үйде жатып ап, күш қосамын, денемді шығырамын деген оймен ішуге болмайды. Протеин күшіңді екі еселендіреді, шаршамауға көмектеседі. Әдетте өз күшіңмен штанганы 50 рет көтеретін болсаң, протеин ішкен адам 100 рет көтере алады. Осындай бірнеше мысалдар келтіруге болады. Бүгінде ақуызды ұнтақты ішіп жүргеніме 3 жыл болды. Жақында ішуді доғарып, тек спортпен айналыссам ба деймін. Жаттықтырушым шығарған денемді ары қарай протеиннің көмегінсіз-ақ сақтап қалуға болатынын айтты.

протеин
Иллюстрация:Бекзат Исамбергенов

Мирас Оспанов, 32 жаста: Салмақ қосамын деп, протеин ішудің қажеті жоқ

Таныстарымнан «тым жүдеусің» дегенді жиі еститінмін. Салмақ қосумен әлектеніп жүргенімде, достарым протеин туралы айтты. Спортқа мүлдем жақындығым жоқ. Бірақ әлсіз, арық Мирас атанып жүруден де шаршадым. Протеинді тек салмақ қосу үшін ғана бастадым. 2,5 айдан соң үйде меннен семіз адам болмады. Тамақтың алдында және ішіп болған соң, ұнтақты суға езіп ішіп аламын. Алғашқы 2-3 күнде аса бір әсерін қатты сезінбедім. Кейін ұйқым жиілеп, тәбетім ашылып, белсенділігімнің арта бастағанын байқадым. Осылай болу керек шығар деп ойладым. Біртіндеп салмақ қосып, белімнің екі жағынан майлар шыға бастады. Ішуді доғарып едім, дене бітімім өзгермеді, сол семіз қалпымда қалдым. Қателігім мамандардан протеин ішу туралы кеңес алмағаным болды. Қазір протеин шығаратын компаниялар өте көп. Себебі «ақуыз ұнтағын ішсең, аз уақыттың ішінде денең үлкейіп, сымбатты болып шыға келесің» деген жарнамасы мықты. Мен сияқтылар анық қанығына бармай, қалай ішу керектігіне мән бермей, көз жұмып іше салады да, кейін зардабын шегіп жүреді. Протеин ішерде құрамына, мамандардың кеңесіне жүгініп барып, таңдау жасау керек. Еріншектерге, салмақ қосамын деушілерге протеин ішудің қажеті жоқ.

Дәрігер Асия Мұхтарқызы протеиннің пайдасы мен зияны туралы

Байытылған протеин кейбір адамдарда аллергия тудыруы немесе ас қорыту процесін бұзуы мүмкін. Ақуыздың барлық адамдарға жаға бермейтінін ескеру қажет. Протеин қабылдамас бұрын алдымен дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн. Протеинді көп ішіп қойып, дәретке баруыңыз қиындап кетсе талқалмаңыз. Бүйрегіңіз ауыратын болса, протеиннің мөлшерін азайтыңыз. Ал асқазаны ауыратын адамдарға дәрігердің нұсқаулығымен ғана ішуге рұқсат беріледі. Себебі жіті гастрит болған жағдайда сүтті тағамдар ішіп жеуге мүлдем болмайды.

Мерзімі өтіп кеткен протеинді қабылдауға болмайтынын ескеріңіз. Спорт тағамдарын сатумен айналысатын адамдар протеиннің мүлдем бұзылмайтынын айтады. Денсаулығыңызды құртқыңыз келмесе, мұндайға сенбеңіз. Себебі өндіруші компания әр тауарға өту мерзімін бекер жазбайды.

Протеинді коктейль қатерлі ісік ауруына алып келеді деген миф бар. Кейбір зерттеулердің нәтижесі қатерлі ісіктің пайда болуы мүмкін деген тұжырымдамаға келеді. Бірақ бұл 100% дәлелденбеген және бұдан аса зардап шегушілер жоқ.

Протеин ішу бедеулікке алып келе ме?

Егер протеин ішетін еркектердің барлығы бедеу болатын болса, онда әлемнің жартысы ұрпақсыз қалар еді. Бұл жалған ақпарат. Бірақ мұнда мәселе қандай протеин жайлы айтып отырғаныңызға да байланысты. Сарысу протеинін ішкен еркек бедеу болмайды, ал соялық протеин бедеулікке алып келетін жолдардың бірі деседі. Себебі соялық протеин ерлердің тестостерон гормонына кері әсерін тигізеді.

Протеинді кімдерге ішуге болады, кімдерге болмайды?

Негізі протеинді спортшыларға, әсіресе темір көтеретіндерге, спортпен белсенді шұғылданатындарға арнап шығарған. Адамға қосымша күш беріп, ынтасын арттырады. Шаршамай, екі-үш есе көбірек жаттығуға көмектеседі. Оның құрамында энергетикалық сусын бар. Яғни ұйқың сергек болады. Қазіргі таңда протеин қызық қуғандардың ермегіне айналып отыр.

Протеинді жаттығардың алдында бір, сосын жаттығып болғаннан кейін тағы бір ішесің. Ішу мөлшері бар. Мысалы ұнтақты 1 литрге езіп алсаң, соны 3-ке бөліп, жаттығу басталғаннан аяқталғанға дейін ішіп бітіруің керек. Спортпен айналысатын адамның денесі ісінеді, сол кезде протеин ісінген дененің орнын толтырып, бұлшықетті өсіреді. Сонымен қоса протеиннің зиянды тұстары да бар. Егерде спортпен айналысып және протеин ішіп, бірден спортты тастап кетсеңіз, денеңіз бірден салбырап, бос орынға толған бұлшықет майға айналып кетеді. Протеин ішетін адамға спортты тастамаған жөн. Сондықтан бірнәрсені бастамас бұрын ол туралы толық біліп алған дұрыс. Әйтпесе кейін зардабын шегіп, бармақ тістеп қалуыңыз мүмкін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!