1 маусым күні еліміздің емханаларында балалар үшін ашық есік күндері өтеді

Бұл күні болашақ аналар үшін емізуді қолдау бойынша «емізудің 10 қағидасы» атты семинарлар өтеді. Дені сау бала кабинеттерінде балалар мен мектепке дейінгі жастағы балалардың ата-аналар үшін имуннологиялық профилактика, дұрыс тамақтану, жеке гигиена бойынша шаралар, медициналық кабинеттерде – битшеңдік, қышымаға тексеру және оларды емдеу шаралары өткізіледі.

2016 жылы баланың денсаулығын ерте жастан сақтау мен нығайту, қоғамдық және жеке гигиенаның, балалар мен жасөспірімдердің бойында денсаулық сақтау әдеттерін қалыптастыру, дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділік бойынша халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында өткізілетін барлық шаралар «Басты байлық – балалардың күлкісі!» ұранымен өтеді.

Жас жеткіншектердің денсаулығын қорғау – мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеті болып саналады. Өйткені ересек тұрғындардың денсаулығы бала жастан қалыптасатыны белгілі.

Жеткіншектер ересек өмірге қадам басар алдында денсаулық үшін түрлі қауіп-қатерлер мен таңдауға жүгінер жағдайларға тап болады. Олардың денсаулығына ішімдіктер, наша мен темекіні қолдану, жарақаттанулар, оның ішінде жол-көлік апаттарының нәтижесінде түрлі қауіп төнуі мүмкін.

Жұқпалы емес аурулар қаупінің жетекші факторлары – дене салмағының шамадан тыс артық болуы, семіздіктің түрлі деңгейлері, сонымен қатар, дұрыс емес тамақтану, оның ішінде майлы тағамдарды, қант пен тұзды шамадан тыс (тәулігіне 5 грамнан артық) қолдану, жеміс-жидектер мен көкеністерді жеткіліксіз түрде пайдалану болып табылады.

СӨС Ұлттық орталығының мәліметінше, Қазақстанда 2015 жылы 9 жастағы балалар арасындағы шамадан тыс дене салмағының таралуы – 12,3%,, семіздік — 6,3% болған. Мектеп жасында дұрыс тамақтанбау жүрек-қантамырлар, онкологиялық аурулардың дамуына, артық дене салмағы мен семіздікке, ересек өмірде қант диабетінің пайда болу қаупін туындатып, мерзімінен бұрын мүгедектікке шалыну мен өмір сүру ұзақтығын қысқартуға себеп болады.

Дұрыс тамақтану, жұқпалы ауруларға қарсы иммундау мен балалардың физикалық белсенділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағымды, қолайлы орта қалыптастыру – денсаулықтың жақсы болуына әсер етеді.

Естеріңізге сала кетейік, 1950 жылдан бастап Халықаралық балаларды қорғау күні жаз мерзімінің бірінші күнінде атап өтіліп келеді.