Бір минут үнсіздіктен кейін Бауыржан Байбек жиналған қауым алдында нәубет жылдарында Қазақстанда 2 миллионнан астам адам көз жұмып, өткен ғасырдың 30-жылдары жүз мыңнан астам адамның жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағанын еске салып, нәубет пен қуғын-сүргіннің шындығының ашылуы – Тәуелсіздігіміздің жемісі екенін атап өтті.
Қала әкімі келесі жылы саябақтағы белгітастың орнына қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылатынын, биыл ескерткіштің үздік жобасына байқау жарияланатынын хабарлады.
Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ат салысуымен белсенді жастар шараға еліміздің туы мен сұрапыл жылдары жазықсыз құрбан болған қазақтың көрнекті тұлғаларының портреттерін ұстап шығып, бүгінгі Тәуелсіздігіміз бен арыстарымыздың арасындағы тікелей сабақтастық бар екенін символикалық түрде бейнеледі.
Атап өтетін болсақ, бүгін Алматыда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған бірқатар шаралар өткізіліп, ас берілмек.
Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қазақстанда 1997 жылдан бері аталып келеді.
Бақытжан Бұхарбай