Басты бетЖаңалықтарСаяси қуғын-сүргін...

Саяси қуғын-сүргін құрбандары. Сәкеннің ұстаздығы

Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейі, Қазақ ССР Министрлерінің кеңесінің 1988 жылдың 21 қаңтары №12-р Жарлығы негізінде ашылған болатын. Сол кездегі Ақмоладағы жеке тұлғаға арналған жалғыз музей еді.

Ашылған күннен бастап алғашқы директоры Роза Иманғалиқызының біліктілігіннің арқасында қорды жасақтау жұмысы дұрыс жолға қойылып, жан-жақты материал, жәдігер жинақтау жұмыстары жүргізілді. Музейдің экспозициясы жасалды. Экспозиция «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы тарихи желіс бойынша жан-жақты қамтылған. Негізгі кеңесшіміз марқұм Тұрсынбек Кәкішұлы болды. Ол кісінің барлық еңбегі музейде сақталған. Кенжелеп тұрған, Сакенннің педагогика саласындағы еңбектері.

Сәкен Сейфуллиннің ұстазыдық етуді 1912 жылы Ғабдулла халфе Сұлтанұлы медресесінде қазақ-татар балаларына орыс тілінен сабақ беруден бастайды. 1916жылы 10 мамырда Омбы мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, Ақмола уезі Сілеті-Бұғылы ауылында Ш.Уәлихановтың жиені Сұлтан Абылаевтың қолдауымен үйінде мектеп ашып, сол жерде ұстаздық етеді. Ол мектепке биыл 100 толып отыр. Бұл мектеп қазіргі Нұра ауданында орналасқан. Мектептің жалғасы ретінде Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп бар.

1917 жылы Ақмола қаласына келіп, орыс – қазақ мектебінде екі кластық училищеде сабақ береді. Осы мектепте тәжірибелі мұғалім Давид Гобузовпен бірге жұмыс жасайды. Тәжірибелі ұстаздан сабаққа арналған қолдан жасалған көрнекіліктері музейде көрсетілген. Енді өзі 1968 жылы жазып кеткен естелігін келтірейін; «Мен Сәкенмен 1917-1918 жылдары Ақмола қалалық орыс-қазақ училищесінде бірге жұмыс жасау сәті түсті.

Күзде мені осы оқыту орнына меңгеруші етіп ауыстырды. Бұл училище Ақмоладағы алғашқы училищелердің бірі еді. Үш бөлмелі көпес Болашевтың үйінде оқыттық. Бір бөлмесінде жанұяммен тұрдым, қалған екі бөлмеде балалар оқыды. Мектепте оқылатын балаларды Сәкен екеуміз іріктеп алдық. Сәкен балаларды өте жақсы көрді. Қолы бос болып қалса, ойын ұйымдастыратын. 1918 жылы Ақмоладағы төңкерістен кейін училище жабылып қалды». Бұл естелік, Целиноград қаласы 1968 жылы жазылған екен.

Ал енді осы кезеңді Сәкен Сейфуллиннің шәкірті, журналист-ұстаз Жұмабай Орманбаев өз естелігінде былай суреттейді: «Халықтық билік депутаттар кеңесі негізгі қызметін мектеп ашу мен балалар жинақтаудан бастады. Осы орайда, Сәкеннің атсалысуымен 1917 жылы мектеп Ақмоланың Слоботкасында ашылды. Үш бөлмелі үй еді, екі бөлмесінде балалар оқыды, бір бөлмесінде Сапайұлы Дүйсекей мен Сәкен тұрды. Сәкен 1-сыныпқа сабақ берді. Мен де сол 1-сынып оқушысы едім. Класта 45 оқушы болды. 12-13 жастағы балалар. Менімен бірге Мәжит оқыды/Сәкеннің інісі/. Көпшілігі кедейдің балалары еді. Оқушыларды мектепке қабылдау үшін іріктеу жұмысын Сәкен өзі жүргізді. Мектепте оқимын деген талапкерлер көп еді. Ауқатты жанұя балаларын қабылдамады. Балалардың бәрі ересек. Ұстаз –Сәкен 22-23 жастар еді. Бізге бірден ұнады. Өз ойын нық, қарапайым тілмен көзіңе қарап жеткізетін. Өз ісіне ұқыпты, басқадан да соны талап ететін. Бірінші күн сабаққа келгенімізде, біздің түріміз ұнамады ма, сабақтан кейін балалрды алып қалып, сабаққа келу тәртібін айтып, түр-тұрпытты жөндеп, шашты қиып, сабақта және сабақтан тыс қалай жүріп-тұру керектігін ескертті. Оқулықтар мен дәптерлерін ұқыпты ұстауды ескертті. Сол кезде Ақмоладағы орыс-қазақ жастары Сәкеннің сұлу кескініне, еркін жігерлі жүріс-тұрысына қызыға қарайтын. Үстіне әр мезгіл қып-қызыл (не жібек, не сәтеннен), қысқа жағалы украинша көйлек киетін, аяғында жақсы шеблет, белінде кестелі өрме белбеу, шалбары қара шұғадан, шашы иығын жауып тұратын… ». (5 март 1966 жыл).

Бұл естеліктен Сәкен Сейфуллиннің басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілеттерімен бірге, білім беру саласындағы үлкен еңбектерін, жастарға білім беру барысында эстетикалық талғамының қалыптасуына ықпал еткенін байқаймыз. Ішкі рухани байлық, жан сұлулығы мен сыртқы кейіптің үйлесуіне аса назар аударған ұстаз әр қазақ баласының білімді, таза әдемі жүріп, әдепті өсу жолында қызмет атқарып, елінің ертеңін ойлайтын адал, да, патриот жастар тәрбиелген. Сол кезеңнің солақай саясатына қарсы тұра алатын қазақ жастарын көргісі келеді. Соның бір дәлелі осы естелікті жазып отырған- Жұмабай Орманбаев. Қырық жыл әртүрлі республикалық газеттерде бас редактор, бөлім меңгерушісі, тілші қызметін атқарған. Бүгінгі Сәкен Сейфуллиннің ұстаздық саласындағы ерекшеліктері жөнінде өте құнды дерек жеткізуші.

Сәкен Сейфуллиннің бастауымен Орынбор қаласында тәжірибе-көрсеткіш мектебі ашылды, бұл мектепте ҚазМУ ректоры А.З.Закарин оқыған. Қыздар мектебі ашылды. Ол мектептің түлегі Ш.Иманбаева… (Ұзақбай Балқашев қолжазбасынан).

Сәкен Сейфуллиннің институтта дәріс берген шәкірт, студенті Мәмбеталиев Күлтай естелігінде «Қазақ журналисттер институтына түскенде дейін мектепте мұғалім болдым. Ел аузынан Сәкен жайлы жазушы, қазақ жастарына қолдау көрсететін адам деп еститінмін. Шынында да, көп адамға көмек көрсеткен. Алматыға 1936 жылы келдім. Алдымен Қазақ педагогикалық институтына түсіп, кейін Қазақ журналистер институтына ауыстым.Сәкен Сейфуллин бізге қазақ әдебиетінен берді…».

Ғұмырының 20 жылдай уақытын бала оқытып, оқулық жазуға арналған. Оқу-ағарту саласындағы басты мұрасы-әдеби шығармалары, оқулықтары. Қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарына арнайы көрнекі түрде жазып кеткен құнды дерек оқулықтарды біз Сәкен Сейфуллиннің мұражай экспозициясынан көріп, мұражай қорынан таба аламыз.

Сәкен Сейфуллин музейінің ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі
Ибраева Гүлназия Болатқызы

ДереккөзҰлт порталы