Дархан Кәлетаев дін саласында имамдармен бірлесе атқаратын жұмыстың алты бағытын атады

Сапар аясында министр алдымен облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Темір ауданына қарасты Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда Дархан Кәлетаев діни саладағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіріп, халықпен пікір алмасты.

Кездесу барысында министр дін саласындағы заңнамада бет-әлпетті жабуға тыйым салудың не себепті енгізіліп отырғанын айтты.

«Бет-әлпетті жабу қазақ халқына жат. Бұл тарихымызда да, мәдениетімізде де болмаған. Сондықтан әйелдердің бет-әлпетін жабуын заңды түрде тыйым салып отырмыз. Бұл тұрғыда қоғамда дұрыс пікір бар, көпшілігі қолдап отыр», — деді Д. Кәлетаев.

Сонымен қатар, Дін істері және азаматтық қоғам министрі мектепте орамал тағу мәселесіне орай өз пікірін білдіріп, мектептің талабын ұстану қажеттігін баса айтты.

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, осындай талаппен қатар, альтернативті жолы да бар. Оның бірі – қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып үйде оқыту. Министр бұл мәселе бойынша Білім және ғылым министрімен пікірлесіп жатқанын және бұл бағытта жұмыстардың жалғасып жатқанын атады.

Ақтөбе өңіріне сапар барысында министр Темір ауданының орталығында аудан активімен және ардагерлер, теолог-имамдармен, сонымен қатар, аудандық терроризмге қарсы комиссия мүшелерімен кездесті.

Түстен кейін Дін істері және азаматтық қоғам министрі Алға ауданындағы Бестамақ ауылында болып, Ақтөбе облысындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарымен кездесті.

Министр өз сөзінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға толықтырулар енгізу қажеттілігін уақыттың өзі көрсетіп отырғанын айтты.

«Кейбір топтардың осы заңнама жобасын «ислам дінінің мүдделеріне қайшы келеді, мұсылмандарға қарсы бағытталған» деген жалған мәлімет таратып жүргенін де жасыруға болмайды. Бұл мәліметтер мүлде негізсіз», — деп мәлідеді Д. Кәлетаев.

Осы ретте, министр имамдарды заңнама жобасына барынша қолдау білдіріп, аталған заң жобасының пайдасын, артықшылықтарын халыққа толықтай түсіндіруге атсалысуға шақырды.

Дархан Кәлетаев дін саласында имамдармен бірлесе атқаратын жұмыстың негізгі алты бағытына тоқталып өтті. Олар: теріс діни ағымдардың қызметіне тосқауыл қою; деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізетін имамдар мен теологтардың білімі мен білігін көтеру; діни экстремизм мен радикализм идеялары таралуының алдын алуға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тұрғындарды кеңінен қамту; жастардың бойында радикалдық идеяларға қарсы нөлдік иммунитетті қалыптастыру; мешіт имамдарының уағызын «Уағыз айтудың бірыңғай тәртібінде» бекітілген қағидат бойынша жүзеге асыру; «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесін» жетілдіру.

Дархан Кәлетаев деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізетін имамдар мен теологтардың білімі мен білігін көтеруде Діни Басқарманың Ақтөбе облысындағы уәкілдігіне жергілікті имамдар мен теологтардың резервін қалыптастыруды ұсынды. Қалыптасқан резерв бойынша «Нұр-Мүбарак» университетіне біліктілікті көтеруге имамдар мен теологтар жіберіліп отыратын болады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Темір ауданының орталығындағы «Досжан ишан» мешітінің және Алға ауданындағы «Ақтөбе медресе» колледжінің қызметтерімен танысты.