Азаматтық орталық республика бойынша үкіметтік емес ұйымдарға ресурстық қолдау көрсететін алғашқы орталық болып саналады.
Дархан Кәлетаев қоғамдық ұйым басшыларымен кездесуде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру және белсенді жүргізу, оларға қажетті қолдау білдіру мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, Қазақстанда кəсіби үкіметтік емес секторды қалыптастырудағы бірден-бір бастама – үкіметтік емес ұйымдардың Дерекқор базасын толтықтыру және есептілік болып табылады.
«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңына үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметі туралы уәкілетті органға міндетті есеп беруі жөнінде ережелер енгізілді. Бұл талаптар әлемдік тәжірибеден алынып отыр. Дерекқор — бұл қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың танымдылық карточкасы. Ол қоғамдық ұйымдарға серіктестер мен донорларды табуға көмектесіп, өз мүмкіндіктері жөніндегі ақпаратты жұртшылыққа жариялауға мүмкіндік береді. Дерекқор базасы негізінде Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары секторы өзінің ерекше статистикалық базасы бар дербес сала ретінде қалыптасуда. Бұл жұмыста қиындықтар да бар, барлық ұйымдар ақпаратты Дерекқорға ұсынуға дайын емес. Дерекқор базасының іске қосылғанына үш жыл уақыт өтсе де, Қазақстанда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың бір бөлігінің ғана ақпараты көрсетілген. Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар бірінші жылы сот арқылы мәлімет бермеген ұйымды ескертуге міндетті. Ал екі жылдан кейін сот айыппұл тағайындау туралы шешімдер қабылдай алады», — деп хабарлады министр.
«Дерекқор базасымен жұмыс жасауда Сіздердің облыста да қиындықтар бар. Бүгінгі таңда облыста 442 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Соның ішінде Дерекқор базасына тек 300-ге жуық ұйым мәліметтер ұсынған», — деп жалғастырды сөзін Дархан Кәлетаев.
Министр облыс әкімдігіне қалған ұйымдар бойынша жұмыс жүргізуі тиістігін және заңнаманың осы маңызды нормаларын іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмылдыру қажеттігін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрі қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру мәселесін көтеріп, бұл бағытта заңнамаға түзетулер енгізу туралы Тұжырымдаманың жобасы әзірленгенін хабарлады. Онда Қоғамдық кеңес қызметін қаржыландыру, сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен қоғамдық кеңестердің шешімдерін орындау тәртібі сияқты ең өзекті мәселелер ескерілген.
Атырау облысына жұмыс сапары барысында Дархан Кәлетаевтің облыстық Дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығына баруы және өңірдің имамдарымен кездесуі жоспарланған.