Осындай заңсыздықтарға куә болсаңыз не істеу керегін білесіз бе? Өз құқығыңызды қорғай аласыз ба? Ендеше біздің кеңесімізге назар аударыңыз.
Дүкендер сатып алушыларды қалай алдайды?
Әдетте гипер немесе супермаркеттерде мындай мәселелерге байланысты дау туындайды:
- Кассир чекке тауардың санын артық жазып жібергенде. Әдетте мұндай арзан, ұсақ тауарларда болады: сіз бір нан аласыз, бірақ чекте үшеу жазылған.
- Кассир ақшаны дұрыс қайтармаса.
- Тауардың заттаңбасындағы жазылған баға мен чектегі баға сәйкес келмесе.
- Тауар заттаңбасындағы салмағы мен таразы көрсеткен салмақ өлшемі сәйкес келмесе.
Алғашқы екеуі көбіне кассирдің қателігінен орын алып жатады. Кассирлер робот емес. Олар күніне жүздеген адамға қызмет етеді. Адами ақаулықтарды кешіруге болады.
Ал тауар бағасы мен салмағының дұрыс көрсетілмеуі — нағыз заңсыздық.
Сатушы тауардың бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында көрсетілген құнына сәйкес сатуға міндетті (Тұтынушылардың құықтарын қорғау туралы заң, 24 бап, 12 тармақ).
Не істеу керек?
Егер касса аумағынан алысқа ұзамасаңыз:
- Чекті мұқият тексеріп, қайта есептеңіз.
- Дүкен әкімгерін шақыртыңыз.
- Касса жұмысын тоқтатуын өтініңіз. Касса қызметін кез келген уақытта тоқтата аласыз. Оның кезегін немесе, кассирдің ауысымын күтудің қажеті жоқ.
Мәселеңіз шешілмеді ме? Арыз кітапшасына жазба қалдырыңыз. Онда күнін, уақытын, кассирдің есімін, чектің нөмірін, тауардың атын, оқиғаны толық жазыңыз. Дау тудырған тауардың баға заттаңбасын суретке түсіріп алыңыз.
Сол құжаттармен тұтынушылардың құқығын қорғау органына арыз жазыңыз.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 15 тарау, 190 бап, 1 тармағында көрсетілген тұтынушыларды алдау бойынша жеке тұлғаларға — 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Егер алданып қалғаныңызды үйге келгенде білсеңіз, чекпен бірге дүкенге қайта барып, жоғарда айтылған әрекеттерді істеңіз. Тек касса қызметін тоқтатудың орнынан бейнебақылау камерасындағы жазбаны қарауды өтініңіз.
Базарда сатып алушыларды қалай алдайды?
Базар сатушылары тауар салмағын өлшеуде және бағасын есептеуде тұтынушыны алдауға шебер келеді. Әдетте олар мынадай қулықтар жасайды:
- Теңгерім. Аяқ астында жатқан қарапайым картон таразыдағы теңгерімді бұзады.
- Жіп немесе скотч. Таразығы байлап немесе жабыстырып қояды.
Сатып алушылардың ойынша, есепке шорқақтығы сатушылардың пайдасына асып жатады. Әсіресе, бірнеше зат сатып алғанда есептен жеңілу көп болады.
Сатушылар тауарлардың бағасын калькулятормен есептейді. Сол кезде әр тауарға бірнеше теңгеден қосып есептеуі мүмкін: «сәбіз 185 теңге, картоп — 165, пияз — 126, қызанақ -250. Жалпы сома — 826, нақты есеп болу үшін 800 теңге бере салыңыз». Сатып алушы өзіне «жеңілдік» жасады деп ойлап, сатушыдан кейін қайта есептеуі екіталай. Оның үстіне сатушы тұтынушының көзінше калькулятормен есептеп сеніміне кіреді.
Не істеу керек?
- Нақты таразы тауып, қанша желінгеніңізді білу үшін, қайта есептеңіз.
- Базар әкімшілігіне хабарлап, басшылармен бірге сатушыға барыңыз.
- Талабыңызды түсіндіріңіз. Егер сатушы алдағанын жоққа шығарып жатса, тауарды қайта өлшеп, есептетіңіз.
- Ақшаны қайтаруды немесе тауарды толық беруін өтініңіз. Әдетте мұндай мәселенің 99 пайызында сатушы тұтынушымен келісіп, оңай шешімге келеді. Егер шешілмесе куәгер тауып (басқа да сатып алушылардың арасынан табылады), тұтынушылардың құқығын қорғау органына хабарласыңыз.