Әкем «үйдегі үш ұлыма» деп үш гектар жер алып, алма бағын отырғызды. Біз оны дамыттық. Қазір үлкен отбасыға айналдық. Әрқайсымызда екі-үш баладан бар. Енді біз де балаларымызға деп жаңа бақша отырғызып жатырмыз. Кейін олар да осы кәсіпті жалғастырар.
Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында туып, өстім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің түлегімін. Бірнеше жыл қалада жұмыс істеп көрдім. Соңында әкем бастаған кәсіпті жалғастыруды жөн деп есептеп, 2008 жылдан бастап алма бақты күтіп-баптауды қолға алдым.
Совхоз тараған кезде бәріне жер бөліне бастады. Кімнің үлесіне не тиді — соны бүгін кәсіпке айналдырып отыр. Біз алма бақты ала алмадық. Бірақ жер қолымызға тиді. Оны баптап, бау-бақшамызды өсірдік. Біздің ауданның негізгі кәсібі осы болғаннан кейін, жұрт қатарлы алманы біз де таңдадық. Алдымен бір гектардан бастадық. Кейіннен құлпынай, бүлдіргендерді де салып көрдік.
Әуелде әкем өзі Меркіден көшеттерді әкеліп, ұмтылып осы істі қолына алды. Біз ол кезде бала едік. Әкем бастағаннан кейін арасында оған көмектесіп жүрдік. Бұрын бұған әуесқой іс ретінде қарайтын едік.
Жерді үкімет паймен 49 жылға жалға беріп отыр. Осында жеке шаруа қожалығын ашып, жұмысымызды жүргізіп жатырмыз. Бұрын базарларға өзіміз апарып көтерме бағамен сататынбыз. Қазір Алтын Орда, Көк базардан сатып алушылар өздері келіп, жүк машиналарына тиеп алып кетеді. Дегенмен, сауда әр кезде әрқалай жүреді.
Жұмысшыларымыз жоқ. Отбасымыз үлкен. Бұл кәсіпті игеру үшін барлығымыз жұмыла кірісеміз. Кейде үлгермеген уақытта адам жалдаймыз. Ата-анамыз қазір зейнетте. Қалғанымыз осы кәсіппен айналысамыз.
Дегенмен, бұл кәсіптің табысты болуы алдымен ауа райына байланысты. Қыста ағаштар үсіп кетуі мүмкін. Көктемде енді гүлдеген кезде жаңбыр жиі жауса, өнім піспей жерге төгіліп қалады. Ағаштар бір жыл өнім береді. Бір жыл демалады. Бірақ әрқайсы әртүрлі. Сұрыптарына да, табиғатына да байланысты. Маусымына байланысты үш төрт рет суғарамыз. Егер жас ағаш болса, бір апта сайын суғарып отыру керек. Ал тамыры үлкен ағаштарды айына бір мәрте суғару жеткілікті.
Алманың Отаны — Қазақстан
Алматының есімі кезінде апортпен шарықтаған еді. Апорттың жоғалу себебінің бірі оны өсіру технологиясының сақталмауында деп пайымдаймын. Ол теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте ғана өзінің дәмін, көлемін, түсін береді. Оны Ресейден келген сұрып деп те айтады. Алайда ол жақта апорт дәл Алматыдағыдай өнімді нәтиже көрсетпеген. Қазақ жеріне келіп, апорттың өзін жақсы қырынан танытуына шыққан тегі, өз отаны әсер еткен болар. Алманың тегі Malus Sieversii сұрпы Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауынан өскен екен.
Агроном болмасақ та, әрдайым біліп отыруға тырысамыз. Керек ақпараттың барлығын интернет көздерінен табамыз.
Қазір «Айнұр», «Мақсат» деген сұрыптар шығыпты. Сұрыптар негізінен ғылыми институттарда дайындалады. Алдағы уақытта олар бізге де жетіп, жаңа сұрыптарды егерміз. Қазіргі уақытта бір көшеттің құны 500-600 теңге тұрады. 2005-жылдары бір көшет 100 теңге болатын.
Мемлекет қандай қолдау көрсетеді?
Екі жылдан бері жерді тыңайту үшін субсидия аламын. Келісім жасаймыз, есеп-шот ашамыз. Жерді тыңайтуға кетіретін шығындардың жартысын үкімет төлейді. Мемлекет дәрі жағынан көмектеседі. Қазір жер шаруашылығына жақсы көңіл бөлініп жатыр. Әкімшілікке агрономдар келіп, семинарлар жүргізеді. «Келіңдер, оқыңдар» деп шақырады. Олар қандай уақытта дәрі шашу керек, нені егу керек — бәрін үйретіп кетеді. Семинарларға жиі қатысамын. Кейде біз білмейтін аурулар шығады. Сондай кезде арамыздан біреу шығып, жапырығын экспертизаға жөнелтеді. Ауылдан бір адам кетсе, қалғандырына білген-түйгенін айтады.
Бау-бақшамен айналысу қаншалықты табысты?
Төрт жүз гектарға дейін баратын үлкен шаруашылықтар бар. Ал халықтың қолында үш-бес гектар жер бар. Жақсы агротехнологияларды қолдансаң, бір жылда осы үш гектардан шамамен 30-50 тонна алма алуға болады. Интенсивті бау-бақшаларда бір гектарға үш мың ағаш салады. Ол кезде гектарына 100-150 тонна алады екен. Былтыр алма аз болып, көтерме бағамен 150-180 теңгеден саттық. Алма көп кезде баға төмендейді. Арнайы тоңазытқыштарда сақтап, кейін дефицит кезде қымбатырақ сататындар да бар. Бұл кәсіптің табысты болуы нарыққа тәуелді.
Неліктен жергілікті алмалар аз?
Алмалар шетелден нарықтың сұранысына байланысты келеді. Ал біздің өнім әлі де аз, халыққа жетпей жатыр. Егер халыққа түгелдей жететін болса, онда шетелден келетін жолдар да жабылатын болар. Өйткені олар сол жақтың валюта курсына тәуелді, кеден салығы т.б. бар. Ал жергілікті алманың бағасы олардан қарағанда әлдеқайда төмен. Негізі жергілікті алмалар сатылып біткенше шетелдікі кіре алмайды.
Кез келген адам өз Отанында өскен жеміс-жидекті таңдайды. «Мынау өзіміздікі, жергілікті» десе, қанша әдемі көрінсе де шетелдікін таңдамайтыны анық. Қазір мемлекет жылыжайларға жақсы субсидия беріп жатыр. 80%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған.
Қала ішінде үйің болмаса, 200 мың теңгелік жалақымен де күн көру оңай емес. Ал бұдан өз ауылыңда 150-200 мың табыс тапқаның әлдеқайда тиімді емес пе? Әрі бүкіл отбасың жаныңда. «Мысли материализуются» деген тұжырым бар. Егер қандай да бір істі ойға алсаң, соған қарай ұмтыл. Соңына дейін еңбек етсең, міндетті түрде нәтижеге қол жеткізесің. Менің ойымша, біреуге жалданып 100 теңге алғаннан гөрі, 50 теңгені өзің тапқаның жақсы. Жалақыға кез келген уақытта жұмыс істеп үлгересің. Ал өз кәсібіңе ертерек кіріскенің өзіңе пайдалы.