2018 жылдың 1 мамырдағы көрсеткіші бойынша зейнетақы алушылардың саны 2 141 548 адамға жеткен. Қазақстандағы зейнетақының ең аз мөлшері (базалық зейнетақы есебінде) – 49 019 теңге, орташа мөлшері – 70 756, ең жоғары мөлшері – 98 247 теңге.
— Өзгеріске не түрткі болды?
— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны еңбек өтіліне қарай 1,8 есеге ұлғайтуды тапсырған болатын.
— Қандай өзгерістер күтілуде?
— Мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тәуелді болады. Бұл өзгеріс барлық зейнеткерлерге қатысты. Сонымен қатар, бүгінге дейін зейнетақы алып келген 2 миллионнан астам адамның зейнетақысы автоматты түрде бір уақытта қайта есептеледі. Жаңадан зейнетақы алушылардың базалық зейнетақысы жаңа әдіспен есептеледі. Инфляция деңгейіне байланысты әр жыл сайын зейнетақы төлемінің мөлшері екі пайызға артады. Болжамды инфляция деңгейі 6 пайыз болғандықтан 2018 жылдың 1 қаңтарында жасына қарай зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8 пайызға көбейді. Базалық зейнетақы 6 пайызға жоғарылап, 15 274 теңгені құрады.
— Қайта есептеу қай уақытта жүзеге асырылады?
— Осы жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгереді. Қазіргі дейін базалық зейнетақы барлығына бірдей төленіп келді. Оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы, яғни 15 274 теңгені құрайды.1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты есептелді.
— Ең төменгі базалық зейнетақының деңгейі қандай болады?
— Еңбек өтілі жоқ немесе тәжірибесі 10 жылдан аз адамға базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы белгіленеді. Ал, 10 жылдан артық жұмыс жасағандарға әрбір жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады 33 жылдан жоғары еңбек өтілі бар адам күнкөріс деңгейінің 100 пайызын немесе 28 284 теңге ең жоғары базалық зейнетақыға ие болады.
— Зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты не ескеріледі?
— 1998 жылдан бастап еңбек тәжірибесі міндетті зейнетақы жарнасын төлеу негізінде тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін есептеу кезінде жеке кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтардың және басқа шаруашылық субъектілерінің міндетті зейнетақы жарнасын төлеу шарттары мен мөлшері ескеріледі. Басқа да әлеуметтік маңызды кезеңдер енгізіледі, мысалы: — 3 жасқа дейінгі және бала кезінен 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау кезеңі (жалпы 12 жыл);- құқық қорғау органдарында қызметкер ерлі-зайыптылардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде тұру кезеңдері;- ҚР дипломатиялық қызметі, халықаралық ұйымдар қызметіндегі ерлі-зайыптылардың шет елде тұрған кезеңі;- 1-топтағы мүгедектерді, 2-топтағы жалғызбасты мүгедектерді, егде жастағы зейнеткерлерді, өздігінен күн көре алмайтын, 80 жасқа жеткен қарттарды күтуге жұмсалған мерзім.
— Зейнеткерге қандай құжат қажет болады?
— Қайта есептеу қосымша құжаттарды талап етпестен жүзеге асырылады. Өйткені зейнеткердің еңбек өтілі туралы және міндетті зейнетақы жарналары туралы мәліметтер деректер базасында сақталған.
— Базалық зейнетақының орташа мөлшері қандай болады?
— Базалық зейнетақының орташа мөлшері 25 456 теңге болады деп күтілуде. Зейнеткерлердің 44 пайызы, яғни 947 мың адам ең жоғары базалық зейнетақы, ал 956 мың адам (44,5%) 20 930-дан 28 284 теңге мөлшерінде зейнетақы алады. Базалық зейнетақысын қайта есептетуді қалаған азаматтарға арнайы анықтама беріледі. Онда еңбек өтілі, зейнетақы жүйесіне қатысуы туралы толық ақпарат жазылады.
— Мұны жүзеге асыруға қанша қаржы бөлінді?
— Республикалық бюджеттен 128 млрд. теңге бөлінді. Базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа әдісі зейнеткерлердің қаржылық жағдайын жақсартып, еңбек етуге деген мотивациясын арттырып және азаматтардың еңбек қатынастарын реттеуге көмектеседі. Адам қаншалықты жұмыс істесе, сонша зейнетақы алатын болады.