Басты бетЖаңалықтарДархан Кәлетаев...

Дархан Кәлетаев Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды қайта тіркеу жөнінде бастамасын түсіндірді

«Қоғамдық бірлестіктерге қатысты өзекті мәселелер бар.  Көптеген азаматтар менің үкіметтік емес ұйымдарды қайта тіркеуден өткізу туралы ұсынысымды талқылауда. Қазақстанда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 20 мыңға жуықтағандықтан осындай бастаманы көтердім. Содан кейін Қаржы министрлігі және Әділет министрлігімен бірлесіп атқарған шаралардың нәтижесінде 8 мыңға жуық ұйымның мүлдем жұмыс істемейтіндігі анықталды», — деді Д.Кәлетаев.

Министр ҮЕҰ қайта тіркеудің баламасы ретінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін тоқтатуды жеңілдету екенін атады.

«Көптеген үкіметтік емес ұйым өкілдерімен пікіралмасу барысында қайта тіркеуді жүргізбей, оның жеңіл формасын қолдану бойынша пікір туындады. Мысалы, қоғамдық бірлестіктердің қызметін тоқтатуды жеңілдету. Біз қазір бұл мәселенің құқықтық жағын қарастырып жатырмыз. Бұл қаншалықты мүмкін. Егер бұл мүмкін болса, осы жолмен жүруге болады деп ойлаймын», — деді Дархан Кәлетаев.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі ҮЕҰ қайта тіркеу мәселесі бойынша пікіралмасуға және ұсыныстарды қарауға әзір екенін айтты.

«Бұл мәселеде сіздердің қолдауларыңыз қажет. Біріншіден, барлығына тиімді әрі жеңіл болу үшін мұны қалай жүргіземіз және нәтижесінде неге қол жеткіземіз. Бірден бір негіз қалаушы және үкіметтік емес сектордағы салмақты ұйым ретінде Азаматтық Альянс осы сұрақ бойынша өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын берсе деймін», — деп сөзін қорытындылады Д. Кәлетаев.