Басты бет Жаңалықтар ҚР Бас прокуратурасы заңсыз шерулерге қатысты мәлімдеме жасады

ҚР Бас прокуратурасы заңсыз шерулерге қатысты мәлімдеме жасады

Елімізде азаматтарға шеру өткізуге рұқсат берілмегені, заңсыз шеруге шыққандардың жауапкершілікке тартылатыны алдын ала ескертілгеніне қарамастан жекелеген өңірлерінде жер мәселелері жөнінде заңсыз қарсылық шерулерін өткізуге әрекеттер жасалды. Яғни, заңға сәйкес олар жауапкершілікке тартылуы тиіс, - деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

ҚР Бас прокуратурасының ғимараты. Фото: Тengrinews.kz

Шынайы ақпарат беру мақсатында сіздерге төмендегі мәселелерді хабарлай аламыз. Заңсыз әрекеттердің алдын-алу үшін Бас Прокурор халыққа екі рет үндеу жолдап, Мдің тәртібі мен заңсыз шерулерге қатысқаны үшін азаматтардың жауапкершілігін түсіндірді. Бұл үндеулер бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да коммуникация арналары арқылы кеңінен таратылды. Сонымен бірге, заңсыз шерулерге қатысу ниетін ашық және тура жария еткен барлық адамдармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Осыған қарамастан, жекелеген тұлғалар митингтер туралы заңнаманы елемей, адамдарды заңсыз шерулерге қатысуға итермелеп, арандатуға тырысты. Олардың түпкі мақсаттары – бейбіт шерулер немесе жер кодексін өзгерту емес, қоғамдық саяси ахуалды шиеленістіру, ұлтаралық алауыздықты қоздыру және билікті басып алу. Олар жаппай тәртіпсіздіктердің бүлікке, озбырлыққа, тонауға, тіпті адам шығынына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін жақсы біледі.

Ондай оқиғалардың салдарын Ливия, Сирия, Египет және бірқатар бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер айқын мысал бола алады. Бүгінде құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстық істерді тергеуде. Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру үшін  сан түрлі тәсілдер пайдаланылған.

Қызылорда қаласында тәртіп сақшыларына тас лақтырып, оларды күш қолдануға итермелеу әрекеттері жасалды. Сосын, әлеуметтік желілерде тәртіп сақшылары өлтірді деп, ер адамның мәйітінің суреті таратылды. Шын мәнінде, бұл Қытайда болған оқиғадан түсірілген сурет болатын. Бұл ақпараттардың жалғандығы уақтылы әшкереленді.

Шығыс Қазақстан облысында полицияның назарын облыс орталығынан басқа жаққа аударып, Өскемен қаласында тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жеңілдету үшін бірқатар аудан орталықтарында алдын-ала шерулер ұйымдастыру жоспарланған.

Орал мен Атырауда бейбіт шеруді желеу ете отырып билікке күш қолдану, оның ішінде қару қолдану арқылы қарсы шығуға дайындықтар жасалған. Арандатушылардың әрекеттері өзара келісілген сипатта болғаны туралы мәліметтер бар.

Алматыда жүргізілген жедел шаралар барысында қалада жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға дайындалған бірқатар тұлғалар ұсталды. Онда қару-жарақ, оқ-дәрі, білтемірлер, «Молотов коктейлі» деп аталатын жанармайлар құйылған шөлмектер жасырылған қоймалар табылды.

Мұның бәрі Президент мораторий жариялаған және жер заңнамасына қатысты ұсыныс енгізгісі келетін бүкіл азаматтар жұмысына қатысып жатқан Комиссия мен барлық өңірлердегі Қоғамдық Кеңестердің жұмысы басталған кезде болды. Мемлекет тарапынан жер кодексіне байланысты өркениетті диалогқа және барша  пікірлердің ескерілуіне барлық жағдай жасалды.

Осылайша, түрлі өңірлерінде болған заңсыз акциялардың бәрі бір қолдан шыққандай әсер қалдырады. Аталған қылмыстық істердің аясында осы құқыққа қайшы әрекеттердің заңсыз қаржыландырылуы зерттелуде, олардың қаржы көздері туралы ақпараттар тексерілуде. Тергеу нәтижесі бойынша, арандатуға қатысы бар адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.

Тергеу амалдары толыққанды болуы үшін бұл фактілерге қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары жайлы егжей-тегжейлі айтылмайды.

Алдағы уақытта Бас Прокуратура тергеу шараларының барысы туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отыратын болады.

9 пікір

  1. Бұл елді дүр сілкіндірге мәселе болды, егер сол кезде құқық қорғау органдары болмағанда кім біледі шынымен арандатушылар соғыс бастап кетер ме еді. Бұл оқиға билікке де халыққа да сабақ болды.

  2. шынын қуып келгенде солардың көбі өз құқықтарын біле бермейтін жатсар. Көбі заңды ашып қарап оқып көрмеген және ол митингтің заңсыз екенін де толықтай түсіне бермейтін адамдар. Білгіштер үйлерінде отырғанын да білдім. расында неге өз құқығын білмейтін көпшілік шеру шықпақшы болды деген ой мені де мазалады.

  3. Ол жерде өзім болдым, шет жағындағы тұрған жастардан не үшін келгенін сұрағанымда Қытайға жерге бермейміз дейді. Олар Астанада бұл мәселенің шешіліп жатқанын және заңда Қытай туралы ештеңе жазылмағаны жайлы хабарсыз.

  4. Арандатушылық та халық та өз үлестерін қосты деп есептеймін. Не дегенмен әркім заң шеңберінде қарым қатынас орнатқаны жөн. Бекер біреудің баласы сол жерде өліп кетсе обал ақ болар еді

  5. Егер ойлап қарасам сол кезде құқық қорғау органдары әлсіздік танытқан болса, бір сұмдықтың болғаны анық.,

  6. не де болса бәрін сөһзбен шешуге де қабілеттіміз ғой. бекерге сол алаңға шықпай ақ.

  7. Қазір бұл жағдайды арандатушылар барынша қолдануға тырысып жатыр. Соны түсінуіміз қажет, Ген прокуратураның мәлімдеме жасағаны дұрыс болған екен. Халық митингтің кімдерге керек екенін білуі керек.

  8. Митингтердің арты үлкен қантөгіске айналып кетуі әбден мүмкін. Соны түсінуіміз қажет. Эмоцияға емес, ақылға жүгінейік.

  9. Алаңға шыққаннан арандатушылар ғана ұтады. Халық соны түсінуі керек. Жер комиссиясы халыққа есігін ашып тұр, мәселені диалогпен шешу керек.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version