Келісімшарт мемлекеттік органдардың назарын аудара ма?

Келісім — жоқ. Көлікті сату/сатып алу кезінде ешқандай мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Құжатқа қол қойып, қол алысқан соң, болды. Дегенмен көліктің иесі ауысқаны туралы ІІМ мен салық комитеті біледі. Салық комитетіне қанша теңгеге сатып алғаныңыз да керек. Не үшін екені келесі тарауда.

Көлікті тіркеу сатып алғанның белгісі емес пе?

көлік нөмірі
©kolesa.kz

Көлікті айдау үшін нақты иесі бар екенін көрсетіп, тіркеу керек. Арнайы ХҚКО-да немесе  тіркеу-емтихан пунктінде (ТЕП) рәсімдегенде сату/сатып алу келісімшартына ұқсас құжатқа қол қойылады. Ол көліктің иесі ауысқанын растайды. Бұл толыққанды келісімшарт болып саналмайды, тек көлікті басқару құқығының басқа адамға берілгені жайлы келісім ғана. Құжаттың заңды күші болғанымен, әлсіз тұстары да бар. Ол жайлы кейінірек.

Бас сенімхат арқылы сату/сатып алу тиімсіз бе?

Кей адамдар көлікті бас сенімхат арқылы сатады, сатып алады. Оның көмегімен сатып алушы көлікті тіркеуден алып, өз атына рәсімдейді. Бірақ бұл жерде екі жақ үшін де жағымсыз жағдайлар орын алуы мүмкін. Мысалы, сатып алушы көлікті өз атына ауыстыруға барғанда бұрынғы иесінің көлікке байланысты төленбей қалған қарыздары (айыппұл, салық) болуы мүмкін.

Ал сатушы үшін мынадай жағдай орын алуы ғажап емес: сатып алған адам көлікті өз атына ауыстыруға асықпай, оны ескі нөмірмен айдап, жол ережелерін бұзуы, салықтар мен айыппұлдарды төлемеуі мүмкін. Уақыт өте келе олардың төленбегені туралы түбіртектер мен соттың шешімі көліктің тіркеуде тұрған иесіне, яғни сатушыға келеді. Бұрын сатып жіберген көлікті өз атыңыздан алып, айыппұлдарды сізге салмағанын дәлелдеп шығу — оңай шаруа емес.

Келісімшартқа жұбайларының жазабаша келісім керек

Егер отбасылы адам көлігін сатпақ болса, «Неке және отбасы туралы» заңның 33-бабына сәйкес, жарының жазбаша келісімін алуы керек. Олай болмаса, жары оған келісім бермегенін айтып, сотқа жүгінуі мүмкін. Көлікті сатып алушы үшін де солай.

Аталған ережелер сыйланған, мұраға қалған, яғни ортақ қаражатқа сатып алынбаған мүліктерге жүрмейді. Бұл кезде жарының келісімі қажет емес.

Келісімшарт жасаймыз, бірақ бағасын көрсетпейміз. Бола ма?

Адамдар келісімшарт жасау кезінде табыс салығына артық төлемеу үшін көліктің бағасын өтірік жазып жібереді. Бұл жерде ескеретін бір жайт бар: көлікті сатып алғаныңызға бір жылдан асып кетсе, оны қанша теңгеге сатсаңыз да, ешкімді қызықтырмайды. Табыс салығы (10%) көлікті арзанға сатып алып, бір жыл ішінде қымбатқа сатқанда ғана салынады.

Шартқа көліктің бағасын асырып жазуға келетін болсақ, кейін бір жағдайлар болып қалса, сотта оны 5 миллион теңгеге емес, 3 миллионға сатып алғаныңызды қалай дәлелдейсіз?

Ескі көлікті қайтаруға болады

Көлік
©kolesa.kz

Айдалған машина сатып алдыңыз. Оның жағдайы мәз болмауы мүмкін. Сырылып кеткен жерлері сынды өзге көрініп тұрған кемшіліктерін сізге ескертеді, өзіңіз де көресіз. Оған келісіп, сатып алған соң, сатушының сізден жасырып қалған тосын сыйлары шығуы мүмкін. Мысалы, вариаторы дұрыс істемейтін болып шығады. Осы кезде сату/сатып алу жөніндегі келісімшарттың көмегі тиеді. ҚР Азаматтық кодексінің 401, 402-баптарына сәйкес, сотқа жүгініп, келісімшартты өз пайдаңызға өзгерте аласыз. Егер көлік ТЕП немесе ХҚКО-да рәсімделсе, оны қайтаруға немесе өтемақы талап етуге болады.

Ал көлікті бас сенімхат арқылы сатып алғанда не істейміз? Заңды тұрғыда ештеңе өзгерте алмайсыз, себебі келісімшарт жоқ. Оны қанша сомаға сатып алғаныңызды дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан заңгерлер көлік сатып алғанда міндетті түрде келісімшарт жасап, онда бағасынан бастап техникалық жағдайларға дейін — бәрін жазуға кеңес береді. Құжатты нотариусқа бекіттіріп алуға болады. Ақшаны да нотариустың көзінше берген дұрыс. Бұл кезде құжат төрт дана болып жасалады: сатушыға, сатып алушыға, нотариусқа және тіркеу бөлімшесіне.

Есте сақтаймыз!

    • Сату/сатып алу келісімшарты сіздің құқығыңызды қорғайды;
    • Келісім бағасын көрсетіңіз, онсыз дәлелдеу қиын;
    • Көліктің жағдайын келісімшартта көрсетіңіз;
    • Сату/сатып алу кезінде көлікті барлық ракурстарынан суретке түсіріп алыңыз. Онда бұрынғы иесінің нөмірі көрсетіліп тұрса, тіпті жақсы;
    • Егер сатып алушы ретінде сенімді өкіл келсе, оның да барлық мәліметтері құжатқа жазылады;
    • Сатушы мен сатып алушы да отбасылы болса, жұбайларының жазбаша келісімі керек.

Иә, сату/сатып алу келісімшартын жасауға біраз уақытыңыз кетеді. Заңгер немесе нотариус жалдағанда қосымша 30 мың теңгедей шығын шығады. Есесіне келісіміңіздің заңды күші болады, сол арқылы барлық мәселені оңай шеше аласыз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!