Астанада ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына гүл қою рәсімі өтті

Ескерткішке гүл қою рәсіміне Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин қатысты.

«Бүгін біз аштықтан қаза тапқан екі миллион жанды, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерін және Қазақстанға жер аударылған этнос өкілдерін еске алу күні. Бұл күнде біз халқымыздың ХХ ғасырда басынан кешкен қайғысы мен қасіретін айта отырып, бүгінгі бейбіт өмірге қандай қиындықпен, жанкештілікпен қол жеткізгенімізді ұрпақ білуі тиіс және қадірлеуі керек», — деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов.

Жиналғандар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Тағзым ету рәсіміне мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс-шара Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы және «Республика-Регион-Развитие» қоғамдық қорының қолдауымен өтті.

Естеріңізге сала кетейік, монументалды сәулетті көркем композиция Елбасының қатысуымен 2012 жылдың 31 мамыры күні Абай және Республика даңғылдарының қиылысында ашылған.