Шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық Зерттеулер Институты директоры Зарема Шаукенова ашты. Директор ханым алғысөзінде — Қазақстанның әлемдік үрдістердің алғы шебінде келе жатқанын, жаңа жағдайларға біртіндеп бейімделіп, ақырындап дамуға уақыт жоғын атап өтті. Оның айтуынша, үдемелі модернизация моделі сондықтан таңдалған.
«Мемлекет басшысы ұдайы — елімізді дамудың жоғары деңгейіне шығаруы тиіс үлкен көлемдегі жұмыс тәртібін белгілеп отырады. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі; бес институционалды реформа; Модернизация 3.0; Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың алғышарттарын қалыптастыру; рухани жаңғыру; әлеуметтік инициативалар — міне, Елбасы қойған осы мақсаттар — Қазақстанның жаһандық проблемаларға жауабы. Бұлар инновациялық дамуда секіріс жасау, батыл институционалды реформаларды жүзеге асыру және әлемдік қауымдастықпен интеграциялану арқылы жүргізілмек», — деді З. Шаукенова ханым.
Алдағы форумның жаңа форматының презентациясын GVA Kazakhstan серіктесі Булат Столяров жасады. Ол Форумның бағдарламасы туралы толыққанды баяндап, басты тректер, форумның әлемдік қауымдастыққа белгілі қонақтары мен қатысушылары туралы айтып өтті.
«XI Астана экономикалық форумы жаһандық түрлену кезінде өтіп жатыр. Сондықтан біз Форумның бағдарламасын — планетаның дамуындағы басты мегатрендтерді қазақстандық ерекшеліктер тұрғысынан жасаймыз. Оның Қазақстандық өмір шындығына теліп, еліміздің даму жоспары жөніндегі нақты сұрақтарға жауап береміз» — деді Б. Столяров мырза.
Б. Столяров мырза сонымен бірге — Қазақстан әлемде үнемі идеялар; «Экспо-2017», рухани жаңғыру, Астананың мерейтойы, осы жылы іске қосылатын «Астана» Халықаралық қаржы орталығы сияқты т.б. мегажобалар ұсыфнып жүргендіктен, бұл конгресті жинаудың оңай болғанын айтты.
Дөңгелек үстел үстінде технологиялық жаңару мен цифрлану, азаматтық қоғамның жаңа парадигмалары, Қазақстан экономикасының өсуі, болашақтағы Үлкен Еуразияның әлеуметтік өлшемдері жөнінде байыпты пікір алмасу болды.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы Санат Көшкінбаев Астана экономикалық форумының әрқашан үйлестіруші құрал болып келгенін, ұлттық экономикалық саясат пен жаһандық саясаттың арасындағы дәнекер болуға тырысатынын айтты. Саясаттанушы — Форумдағы қорытынды пікірталастардың қазақстандық сарапышлар мен Үкіметке 2019-2020 жылдарда даму стратегиясын жасақтауда өз үлесін қосып, болашаққа бағдар жасауына көмектесетініне сенімді.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шахарбану Жакупова Астана экономикалық форумы дұрыс бағыт ұстап келе жатқанымызды пысықтап алатын ерекше алаңға айналғанын атап өтті.
Жаһандық проблемалар форумының тақырыптарының ішінде спикер «Цифрлік әлем» трендін ерекше атады. Еліміздегі бүгінгі реформалардың барлығы ортамерзімді перспективада осы тақырыпқа бейімделуге бағытталғанын атап өтті сарапшы.
Әлемдік экономиканың бәсеңдеуі тренд пе, әлде оғаш құбылыс па деген сұраққа өз баяндамасында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов жауап беруге тырысты.
«Жаһандық өсімнің баяулауы, әсіресе — қаржы дағдарыстары — Қазақстанға әлемдік тауар нарығындағы ахуалдың өзгеруі арқылы қатты әсер етеді. Ендеше әлемдік экономиканың жүйелік олқылықтары елдің экономикасына әсерін күшейте түседі» — деді сарапшы.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ макроэкономикалық зерттеулер мен болжау Орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы Сара Алпысбаева тақырыпты өрбіте отырып, әлемдік экономиканың өсуінің бәсеңдеуі жаһандық суперциклді аяқтап отырғанын айтты. Оның пікірінше, уақтылы жасалған шаралар мен Мемлекет Басшысының бастамалары арқасында Қазақстан бұл қиындықтарды жеңе білді.
«Экономика 2017 жылы 4% өсті, бұл посткеңестік елдер арасында жақсы көрсеткіш. Деңгейді ұстап отыру үшін бізге әлемдік нарықтарда бәсекелестікке қабілетімізді сақтау керек», — деді Сара Алпысбаева ханым. Ол осы орайда әлемдік ахуалдың өзгеруіне қарай экономикалық өсімнің тұрақтылығын сақтауға бағышталған мемлекеттік бірқатар шараларды бөліп көрсетті. Олардың ішінде ұлттық инвестициялық стратегияны қабылдау, ЕАЭО кеден кодексі, бизнеске тосқауылдарды азайту шаралары бар.
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы әлеуметтік-мәдени трансформациялар туралы әңгіме ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Ләззат Нұрқатованың баяндамасынан көрініс тапты.
«Біздер өткір де өзекті мәселелерді талқылауды ұсынып отырмыз. Олардың шешімінің іс жүзіндегі мәні бар, Қазақстандағы жаңа «senior help» индустриясын дамыту стратегиясын іздеуге, аға буыннын тұрмысын жақсартуға, қазақстандық өмір стандартын көтеруге септігі тиеді», — деді ол.
Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы Наталья Калашникова Астана экономикалық форумындағы 11 тректің ішінен «Жаңа адамның әлемі» тақырыбын ерекшелеп көрсетті. Форумда спикерлердің салмақты пулы болады, оның ішінде Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд та бар. Ол басқаратын «La France s’engage» қоры азаматтар арасындағы байланыстар мен ынтымақты нығайтуға сеп болуға бағытталған. Осыған байланысты, Мемлекет Басшысының әлеуметтік бастамалары аясындағы жоспарларды азаматтық қоғамға бағыштай отырып талқылауда Қазақстанның да айтары бар деп есептейді Наталья Калашникова ханым. «Астана экономикалық форумы — теория және тәжірибе алмасып, адамның жаһандық үрдістердегі орнын анықтау мүмкіндігі» — деді ол.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ аймақтық зерттеулер Орталығының директоры Қайсар Нығметов болса, өз баяндамасында Астана экономикалық форумының «Қалалар әлемі» трендінің аясында талқылауға ұсынылған агломерациялар мәселесіне тоқталып өтті. «БҰҰ болжамдары бойынша 2050 жылға қарай қала тұрғындары 67% құрайды. Қазақстанда төрт қала агломерациясы үдемелі дамуда», — деді ол. Сарапшы осыған байланысты Астана экономикалық форумының «Қалалар әлемі» сессиясындағы пікірталас қызықты әрі толыққанды болатынына, ал қала әкімшіліктері «ақылды қала» жасауда баға жетпес тәжірибе алатынына сенім білдірді.
Пікірталас кезінде Еуразиялық интеграция институтының әлеуметтік зерттеулер департаментінің директоры Ботагөз Төреханова Үлкен Еуразияның болашағын әлеуметтік өлшеу жөнінде, ал сол институттың Модернизация мен интеграциялық процестер Орталығы жетекшісінің орынбасары Дәурен Базаров «Экспо-АЭФ: қазақстандық тұрмысты қалыптастырудың жаңа бағыттары» тақырыбында баяндама жасады. Бұл жерде «Экспоның» — Қазақстанның жаһандық «таза жаңа энергия» проблемасын шешуге жасаған қадамдарының бірі болғанын атап өткіміз келеді.