Бұл жолы тек қазақ емес, көрші қырғыз елі де Қазақстан министрінің «біртүрлі» әңгімелерін әртүрлі түсінуде. Турасын айтқанда, қырғыздардың Арыстанбек Мұхамедиұлына өкпесі қара қазандай.
Өкпелейтіндейі де бар, кеше Астанада есептік жиын өткізген Мәдениет министрі әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовты мақтаймын деп отырып, қырғыз халқының да, үкіметінің де шамына тиетін сөздер айтты.
«Жасыратыны жоқ, Мәскеуге немесе өзге қалаларға ұшып келсең қоғамдық дәретханаларды жап-жас қырғыздың қыздары жуып жүреді. Бұл әрине, көңілге ауыр тиетіні сөзсіз. Нағыз жастық шағында неліктен олар дәретхана жуып жүр деп ойлайсың? Елінде жұмыс немесе болашақ болмаса әрине, қырғыздар өзге қалаларға барып күнелтуге мәжбүр. Осыны ертеректе біліп ескерткен Шыңғыс Айтматов — ұлы жазушы», — деген болатын Арыстанбек Мұхамедиұлы сол есептік жиында.
БАҚ өкілдері де министрдің осынау сөзін іліп әкетіп, жарыса жариялап жатты. Ал, қазақстандық қоғам белсенділері көрші ағайыннан Мұхамедиұлы үшін кешірім сұрап, кейбір Мәдениет министрлерінде мәдениеттің болмайтынын айтты.
«Қырғыз бауырларымның алдында бұл министрдің сөздері үшін кешірім сұраймын. Қайтесің енді, мəдениеті жоқ министрлер де болады», — дейді қоғам белсендісі, «Болатхан Тайжан» қорының президенті Мұхтар Тайжан.
«Қырғыз бауырлар, біздің министр үшін мені кешіріңдер. Қазақстанда шенеуніктермен мұндай жайттар жиі орын алып жатады. Олар жиі ақылдарынан да адасады», — дейді белсенді Аян Шәріпбаев.
«Қырғыз бауырларымнан кешірім сұраймын мынау кісінің айтқан сөздері үшін», — дейді КТК телеарнасының бұрынғы басшысы Арман Шораев.
Қайырымдылық шаралардың үнемі басы-қасында жүретін Аружан Саин де Мұхамедиұлы үшін ұялып кешірім сұрайтынын айтты.
Қырғыздар да қазақ халқына түсіністікпен қарағанымен, өз орталарында қазақ министрінің осынау сөздерін әртүрлі талқылап жатыр. Бір тарап мұндай адамның үкімет құрамына қалай еніп кеткеніне таңданса, екіншілері өз үкіметтерін кінәлауда.