Қалалық мәслихаттың сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкентті миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы 2014 жылы Елбасының бастамасымен көтерілгенін, содан бері қала халқының саны жедел өсіп келе жатқанын айтты.
«2017 жылдың қорытындысымен сәйкес, облыс орталығы тұрғындарының саны 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен болып отыр. Ал қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келді. Аты-жөні тарихқа жазылатын бақытты баланың есімін таяуда салтанатты түрде жариялаймыз», — деді Жансейіт Түймебаев.
Еске салсақ, бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясында қала әкімдігі мен мәслихаты Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойды. Осылайша Шымкентке республикалық маңызы бар қала атануына бір қадам қалды.