Басты бетЖаңалықтарАрыстанбек Мұхамедиұлы...

Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық пантеонның құрылысына 79 млрд теңге жұмсалатынын жоққа шығарды

«Бізде екі жыл бұрын ұлттық пантеонның құрылысы жайында қызу талқылаулар басталды. Әрбір елде ұлттық пантеон бар, сондықтан ол бізге де керек. Неге біз Париж, Баку сияқты қалаларға барғанда пантеон көреміз?! Себебі тарихта жоғары орынға ие болған ұлы тұлғалардың есімі келесі ұрпақтар үшін де қастерлі ұлттық мұра ретінде қалуы тиіс. Пантеонның құрылысы жөніндегі идея ұлы жазушымыз Әбіш Кекілбаев пен ақын Фариза Оңғарсынова дүниеден өткен кезде туды. Оларды туған жерлерінде ме немесе Астанада жерлеу керек пе деген сауал туды. Сол кезде Астанада пантеон салу керек деген мәселе алдымыздан шықты. Сондықтан Астанада осындай пантеонның бой көтеруі дұрыс деп санаймын», — деп атап өтті ол тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, пантеон құрылысы елдегі және әлемдегі экономикалық ахуалға байланысты уақытша тоқтатылған.

«Пантеон мәселесі өте күрделі дер едім. Себебі бұл жерде діни сұрақтарды да ойластыру қажет. Мәселен, мұсылман христиандармен бірге қалай жерленеді? Оның көрнекті қоғам қайраткері екендігін кім анықтайды?! Осындай мәселелер өте көп», — деп атап өтті Мұхамедиұлы.

Министр мырза пантеонның құрылысына 79 млрд теңге жұмсалатыны жөніндегі хабарды растаған жоқ.

«Мен сіздерге шынын айтайын, оның құны қайдан алғанын білмеймін. Себебі, біз екі жыл бұрын үкіметте талқылағанда — онда нақты сандар болды. Талқылау барысында барлығы үшін ортақ ескерткіш салу жөнінде шешім жасалған еді. Сондықтан оның құны мынадай болады деп ешкім кесіп айта алмайды», — деп түйді ойын Мәдениет және спорт министрі.

ДереккөзNUR.KZ