Облыста ауруларды тіркеу бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуде, қосымша төсек орындары бөлініп, жұқпалы аурулар стационарларында посттар ұйымдастырылды, менингитке күдік туындаған кездегі медициналық қызметкерлердің іс-қимыл алгоритмі жасалғаны белгілі болды.
Облыстың барлық медициналық мекемелерінде менингококк инфекциясы туралы оқыту семинарлары жүргізілді.
Менингококкты инфекцияның алдын алу туралы тұрғындарды ақпараттандыру бойынша жұмыс күшейтілді, менингиттің алғашқы белгілері, асқынуы және профилактикалық шаралар туралы тұрғындарға арналған жадынамалар таратылды.
Баспасөз мәслихатын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ысқақ Бауыржан жүріп жатқан жұқпалы ауру жайлы тоқталып өтті:
— Менингит ауруы барлық елдерде кездеседі. Сырқаттанушылық көктем-қыс кезеңдерінде жиілейді, бұл адам ағзасына дәрумендердің жетіспеушілігінен, ағзаның әлсіреуіне байланысты болады. Эпидемиологиялық жағынан көбінесе менингококкты инфекцияның ешқандай белгілерінсіз ауыратын адамдар және қоршаған ортаға белсенді түрде қоздырғыш бөлетін бактерия тасымалдаушылар қауіп тудырады. Менингитке тән белгілер: кенеттен бас қатты ауырады, құсады, 6-15 сағат аралығында бөртпелер пайда болады, дене қызуы 39-40°С көтеріліп, қалтырайды және т.б. Суық тию салдарынан ағзаның қорғаныш күшінің әлсіреуі, қатты қажу жағдайлары туындағанда, менингококк бас миының қабығына жедел түрде өтіп, қабынады, — деп қорытындылады ол.