Кейуана 100 жасына дейін дәрігердің көмегіне жүгінбеген. Қазір жасы 120-ға келсе де, денсаулығына еш шағымданбаған. Қазіргі қан қысымы 120/80.
Жуырда әжейге Гиннес рекордтар кітабының өкілдері келіп, арнайы сертификат тапсырды. Мұнда «әлемдегі ең қарт адам» деп жазылған. Ұзақ жасау Танзиля әженің тегінде бар. Өз анасы 103 жасқа, енесі 106 жасқа дейін өмір сүріпті.
«Қазір ел аман, жұрт тыныш! Ең басты байлық бейбіт өмір! Бұл Қазақстанда бар! Сол тыныштыққа жететін ештеңе жоқ! Баршаңызға амандық тілеймін», — деп бата берді ғасырдан астам өмір сүрген қарт әжей.
Танзиля әже Атырау облысының тумасы. Мал шаруашылығымен көшіп-қонып жүргенде Қошалақтың қыры арқылы Қараөзекке, яғни, Ресейге қарай өтіп кеткен. Сол жақта атақты күйші, күй анасы Дина Нұрпейісовамен көрші тұрыпты.
Бүгінде кейуана түгелдей дерлік қазақтар шоғырланған Красный Яр ауданына қарасты Алша ауылында тұрады. Мейірімділігі мен ашық-жарқын мінезі үшін жергілікті халық оны Далбай шеше деп атап кеткен. Өмірге 3 бала әкелді. Ең қызығы, кенжесін 59 жасында дүниеге әкелген.
Қазір Танзиля әженің әулеті тамырын тереңге жіберген. 24 немере-шөбересі, 2 шөпшегі бар. Абыз әже ұрпақтарының ортасында бақытты өмір сүріп келеді.