ТОП-5: Мектеп бітіргенше қазақ жазушыларының қандай шығармаларын оқу керек?

Мектеп бағдарламасы бойынша қазақ жазушыларының кей туындылары толық берілсе, кейбірінің үздіндісі ғана оқушыға ұсынылады. Дегенмен, әр мектеп оқушысы қазақ қаламгерлерінің қандай туындыларын оқуы керек? Олардың қандай маңызы бар? Бүгін біз назарларыңызға үздік бес шығарманы ұсынамыз.

Көшпенділер

Тарихты көркем пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі — Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын «Көшпенділер» эпопеясы. Трилогия «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» деген бөлімдерден тұрады. Эпопеяда XV-XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығының өмір сүрген кезеңі суреттеледі.

Сондай-ақ туындыда Шыңғысхан дәуіріндегі басшылардан басталып, Кенесарымен аяқталатын хандар тізбегі жайлы сыр шертіліп, өмірде болған тұлғалардың бастан кешкендері баяндалады.

Дарабоз

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» атты қос томдық тарихи романында таққа талас, қазақ-жоңғар, қазақ-ойрат арасындағы қақтығыстар, «Дарабоз» атанған даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың көзсіз ерлігі, азаттық жолындағы жорықтары суреттеледі.

Сондай-ақ романда XVIII ғасырдағы Абылай ордасы мен оның ішкі-сыртқы саясаты да баяндалады. Жазушы тек Қабанбай батырдың өмірімен шектелмей, тарихта рөлі зор өзге де батырлар мен билердің реалистік бейнесін жасаған.

Қызыл жебе

Bilimland, Қызыл жебеШерхан Мұртазаның шоқтығы биік романдарының бірі «Қызыл жебенің» басты кейіпкері — Тұрар Рысқұлов. Оқырман кітаптан заманының заңғар азаматы Тұрардың революциялық бейнесін толық көре алады.

Тарихи шындыққа негізделген романда белгілі тұлғалар кездеседі. Романды оқи отырып, сол заманның шындығын, халық психологиясы мен менталитетін тануға жол ашылады.

Атау кере

қазақ әдебиеті, BilimlandОралхан Бөкейдің бүкіл адамзат мәселесін қозғаған повесінің басты кейіпкері — Ерік. Повесте әуелде оның реалистік сипаты басым болса, шешімінде мифтік бейнесі байқалады. Сол себепті шығарманы «повесть-миф» деп те атауға болады. «Атау кереде» Оралхан Бөкей адам өмірін аралар дүниесіне ұқсатады. Шығармада жеңіліс пен жеңіс, түңілу мен үміт, қиянат пен қайырым арасындағы тартысты күрес, қоғамдағы өзгеріс, ұлттың өткені мен келешегі таразыға тартылады.

Ұлпан

Ғабит Мүсірепов, BilimlandКлассик жазушы Ғабит Мүсі­репов «Ұлпан» атты романында қазақ әйе­лінің көркем бейнесін жасап шыққан. Ұлпан қиялдан туған образ емес, оның өмірде прототипі бар.

Роман нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен дана әйелдің өмірін сипаттай отырып, қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысын, әдет-ғұрпын, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы жайлы кең көлемде сөз етеді.

Ұшқан ұя

Ұшқан ұя, BilimlandБауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі қазақ халқының ХX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті. Мұнда халықтың салт-санасы, дәстүрі мен ұлттық келбеті шынайы суреттеледі. Повесте 1916 жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезеңіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметінің қалыптасуы жайлы кеңінен қамтылған.

Қазақ қаламгерлері туындыларының аудиожазбалары бар ма?

Қазақ әдебиеті туындыларының тағдыры әр қилы. Бірінің оқылуына, таратылуына кезінде тыйым салынса, бірінің көзі жойылып та кеткен. Қазіргі таңда ұрпаққа жеткен олардың әрқайсының маңызы зор. Бүгін назарларыңызға тек бес туындыны ұсындық. Оқырманға берер тағылымы мол туындылар қазақ әдебиетінің қоржынында жетіп артылады.

Егер Сіз қазақ әдебиеті жауһарларының аудиожазбаларын қайдан табуды білгіңіз келсе, «Bilimland.kz» порталының «Қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясы» курсымен танысып көріңіз. Мұнда ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламасына сай қазақ әдебиеті шығармаларының аудиожазбалары берілген.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!