Басты бетЖаңалықтарҚазҰУ әрдайым...

ҚазҰУ әрдайым ЖОО-лардың алдыңғы қатарында болуы тиіс — Елбасы

Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Шолпан Жаманбалаева сөз сөйледі

«ЖОО-лар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына алғашқылардың бірі болып кірісті. Университеттер қоғамдық сананың жаңғыруында драйвер бола білуі керек. Біз тек келешектегі мамандардың кәсіби біліктілігін арттырумен шектелмей, оларды елдің патриоты ретінде тәрбиелеп жатырмыз. Сондықтан, біздің университет арнайы модель жасап шығарды», — деді Шолпан Жаманбалаева.

Оның айтуынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жарайтын мамандар білім алып жатыр. Сондай оқу орнында цифрлық кітапхана жұмыс істейді. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында да университеттің оқытушылары белсене атсалысқан. Сондай-ақ, аталмыш университеттің студенттері үшін 1280 орындық жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Проректордың сөзін тыңдаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әрдайым ЖОО-лардың алдыңғы қатарында жүруі керектігін атап өтті.

«Сіздердің университеттеріңіз әрдайым нөмірі бірінші болатын. Міне, қазіргі уақытта ол осы биікке сай болуы керек. Кейбір позиция бойынша қалып келеді. Әсіресе, заманауи оқыту, ІТ-технологиялар мен цифрландыру тұрғысында рейтинг жүргізгенімізде, жеке шағын университеттер ҚазҰУ-дан озып кетті. Өкінішті. Сондықтан, сіздің қазір айтып отырғаныңыз өте қанаттандырады. Шынында да, барлығы жоғары оқу орындарынан басталуы керек. Солай ғой. Ректор осы бағытта менде болған. Бүкіл университет үлгі көрсете білуі тиіс. Бағдарламаны қолдаңыздар, ал біз сіздерді қолдайтын боламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, Астанада бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Шара барысында «Нұр Отан» партиясын жүйелі түрде жаңғырту бойынша жұмыс барысы талқыланып, Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бағытында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралуда.

Дереккөзkazinform.kz