Басқарма басшысы Есенбеков Айдар Рахымжанұлы қазіргі уақытта қала бойынша 17 конфессиядан (Республика бойынша — 18 конфессия) құралған 179 тіркелген діни бірлестік жұмыс істейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ қала бойынша 112 діни ғимарат тіркелген. Бүгінгі таңда Алматыда 153 миссионер (оның ішінде Ислам — 4, правосав -23, католик — 26, протестант — 57, мормон — 24, жетінші күннің адвентистері — 6, Ехоба куәгерлері — 4, жаңаапосталдық — 5, вон-буддизм — 1, кришнаит — 3) тіркелген.
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісін атқаратын басқарма жұмысының қазіргі басты бағыттарының бірі — халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы бағыт бойынша 24 107 142 теңге бөлінген.
Бұдан бөлек 2017 жылы имамдар үшін бес күндік біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Оған 120 имам қатысты. Мұндай курстар білім беру жүйесінің қызметкерлері үшін де ұйымдастырылған. Сондай-ақ діни мәселелерді, экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары бойынша БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін семинарлар өткізілген. Есепті кезеңде БАҚ беттерінде 300-ге жуық материалдар жарияланған. Бұдан өзге жергілікті телеарнада ҚР Бас прокуратурасының тапсырысы бойынша төрт тақырыптағы бейнероликтер көрсетілген. Сондай-ақ Дін істері жөніндегі басқарманың тапсырысымен «Кері ағымдар», «Дін мен дәстүр», «Сектор хаоса» және т.б. тақырыптардағы сегіз бейнефильмдер түсіріліп, көрсетілген. Бейнефильмдер дайындауға 16 млн 49 мың теңге қаржы жұмсалған. Айта кетейік, биыл бейнефильмдерді түсіруге бөлінген қаражат 17 млн 146 мың теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ, өктен жылы қаланың барлық 8 ауданын қамти отырып, 6 әлеуметтанулық зерттеу жүргізілген. Зерттеу жүргізуге 16 млн теңге қаржы бөлінген.
Айта кетейік, 2017 жылы жалпы саны 86 мыңнан астам адам қамтылған әртүрлі форматтағы 512 іс-шара өткізілді. Басқарма басшысының айтуы бойынша, бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр.
Биыл Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің түзету мекемелерінде жеке профилактикалық шараларды өткізу бойынша 2018 жылға арналған кесте бекітілген. Кестеге сай биыл деструктивті діни ағымның идеологиясын ұстанатын 39 адаммен әңгімелесу жүргізілген.
Шараға қатысушылар қатарында болған Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай басқарма басшысына бірқатар ұсыныстар айтты.
«Алматы қаласында Айдар Рақымжанұлы келгелі нәтижелі жұмыстар істелініп жатқаны ерекше байқалады. Біз дін істері басқармасымен тығыз байланыстамыз. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма он шақты жыл болды. Біздегі басты мәселелер бойынша ұсыныстар білдірсем. Ең біріншіден, Исламға қатысты ақпаратты қоғамның қайсыбір мүшесіне болса да біздің имамдардан жеткені дұрыс. Егер имамның, дәстүрлі бағыттағы теологтың ақпараты болмаса, басқа жолға түсіп кетуі мүмкін. Сол себепті балаларға да, ересектерге де ақпаратты дәстүрлі бағыттағы мамандардан алуын бір жолға қоюымыз керек тәрізді. Әрине, имам жұмыстарына нақты шарттар қою керек болар. Мысалы, уағыз айтпайсыздар, бірақ жалпы Ханафи мазхабы туралы ақпарат бересіздер деген тәрізді. Алматы — әлеуеті жоғары қала. Байқап отырғанымыздай, сіздердің тараптарыңыздан деректі фильмдер түсіріліп жатыр. Біздің ұсынысымыз бойынша, алдағы уақытта көркем фильмдер түсіріліп, оны қаладағы кинотеатрлардан көрсетілсе деп. Себебі оның жастар үшін әсері мол екенін ескеруіміз керек», — деді имам.
Басқарма басшысы бұл ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.
Айта кетейік, 2018 жылы басқарманың бюджеті 475 млн 774 мың теңгені құрап отыр. Жоспар бойынша, діни экстремизм мен терроризмді ескерту және алдын алу бойынша жалпы саны 100 000 адам болатын 600-ге жуық іс-шара ұйымдастыру көзделген.