Бекболат Қанайұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деген болатын. Елбасы пікірін негіздей отырып, сізбен тақырыптық сұхбат жасамақ ойдамыз.
Әрине, түсінікті. Сөзді әуелгі ретінен бастасақ: мемлекеттің байлығы – көмір-темір, алтын-күміс немесе мұнай-газ емес. Мемлекеттің байлығы – адам. Біздің Конституция бойынша да адамнан қастерлі, адамнан биік ешкім жоқ. Ал адам – мемлекеттің қуаты десек, оның денінің саулығы, тәнінің саулығы ауадай қажет. Қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтқан жоқ. Демек, адамның дені сау болу үшін санасы сау болуы керек. Шәкәрім қажы: «Денең – жан нұрлы болса жөнделмек» дейді. Одан кейін дененің саулығына ішкен-жеген тамағың, күнделікті тұрмыстағы жүріс-тұрысың әсер етпей қоймайды. Алла тағала әр нәрсенің хақын жаратты. Бұлшық ет берді, оны қажетіне қарай пайдаланбайтын болсаң, ол семеді, оның хақысы өтелмейді.
«Тән – жанға берген Алланың аманаты» дейді қазақ. Ендеше, осыны түсінген адам денсаулыққа басқаша көзқараспен қарауы заңды. Мысалы, жүзіңді әрлеп, күтімде ұстауың, аяқ-қол, дене-бітіміңді қалыпты жағдайда жетілдіре білуің, өмірде тәртіптілікке бағынуың аса қажет. Я болмаса қампайып қарының шығып кетсе, бет-жүзіңді әжім торлап, мыж-мыж болып жүрген не жақсы. Бұл Алланың берген көркем сипатына нұқсан келтіру болады. Бұл иманға да, ақылға да сыймайды.
Бұл жерде айрықша бір атап айтатын дүние, біз тәніміздің хақысына мән бермейміз. Осы орайда, өзімізге сын көзбен қарайық та. Бізде қандай әдемі жерлер бар. Өткен жылы Қарқаралыдағы Тасбұлақта демалдым. Қандай керемет ауа, айнала жап-жасыл қарағай. Осының қызығын көріп жүрген қазақ тым аз. Түтінге шомған қалада, жұмсақ диванның қасында милығып жатып, ұйқыға көмілген адамнан не шықпақ. Ақылдың өзі ағын су сияқты. Ақпай тұрып қалса, борсып, сасып кетеді.
Қысқасы, қазақ баласы таза ауа жұтып, жаны мен тәнін сауықтырсын дейсіз ғой?
Дәл солай! Қазақ баласы бұл дүниеде Алланың өзіне берген нығметінің қадірін білуі керек. Ана Баянауылға бар, ана Ақсу-Жабағылыға бар. Ақындар «Арқада Көкшетауға жер жетпейді…» деп тегін айтқан жоқ. Алтайың анау тұмса табиғаты тусырап жатқан. Біз болсақ жиналып аламыз да ет жейміз. Одан қалды карта ойнаймыз. Одан қалды шалқайып жатып үнді-түрік сериалдарын тамашалаймыз. Не ісімізде, не иманымызда береке жоқ. Әкем жарықтық айтатын: «Құлша істеп, бише аса» деп. Бұл – еңбек ет те оның зейнетін көр, адал жұмыс атқарып, халал ас іш, деген сөз. Жапырып істемеген жарытып іше ме?!
Кейбір адамдардың өмір сүру салтына қарап қызығатын кездер де болады. Мысалы, біздің әкейлер таң намазынан кейін серпіліп, сыртқа шығып кететін. Сол кезде, яғни таң бозында, ауаның құрамында адам ағзасына өте қажетті йонды заттар түзіледі. Оны жұтқан адам күні бойы сергек жүреді. Ерте жатып, ерте тұратын. Адамның таң алдында ояу болғаны денсаулығы үшін де, ойлау қабілеті үшін де өте-мөте пайдалы. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Мағауин сияқты танымал жазушылар құнды еңбектерін таңның алдында жазады екен. Тіпті Шыңғыс Айтматов көзі тірісінде, таң бозымен ерте тұрып, далаға шығып, серуендеймін, сол кезде жазып жатқан шығармама қатысты сюжеттер ойыма оралады, деп сұхбат бергені бар. Құранда: «түнді ұйқыға, күндізді сендерге мал табуға жараттым» деп бекер айтылмаған ғой.
Айтқан сөзіңізден түсінгенім: адамның дені сау болмағы өзінің өмір сүру салтына қатысты екендігі ғой?
Солай. Бірақ жоғарыдағы ойлардың бәрін түйіндей келе айтпағым, қазір не көп, аурудың түрі көп. Заманауи техникалардың түрленуі сияқты, аурулар да түрленіп барады. Оның бір себебі жеген тамаққа байланысты. Қазір не түрлі калориясы көп, қолдан жасалған витамині мол заманауи тағамдар тұтынуға мәжбүрміз. Оны тұтынуын тұтынамыз-ау, бірақ бойға сіңіріп, қорытатын жағдайымыз жоқ. Бұрын тамақтың табылуы қиын болса, қазір сіңіру қиын болып жатыр. Бүгінгі таңда екінің бірінің қайғысы – диета, арықтау. Неге олай?! Бұл спортқа, дене тәрбиесіне деген көзқарастың кенжелеп қалуынан.
Бұл орайда, әр халықтың туа- бітті менталитеті, мінез-құлқы, салт-санасы деген бар. Бұл дүниелер сіз айтқан реттілік пен жүйелікке әсер етпей қоймайды. Осының бәрін саралай отырып салмақтап айтқанда, қазақты қазіргі заманауи спортқа бейім жұрт деуге негіз бар ма?
Қазақ тумысынан спортқа бейім халық. Неге?! Көшпенді тұрмыс қазақты ат үстінен түсірмеді, жаугершілік заман жекпе-жек сайысқа бейімдеді, ұрпақтың қамы әрқашан сергек жүруді үйретті. Мұның бәрі ғасырлар бойы жалғасып келіп біздің қанымызға сіңді, миымызда кодталды, санамызда сақталды. Айталық, саны 10 миллионнан сәл асатын (қазақстандық қандастарды айтып отырмын) қазақтан шыққан спорт жұлдыздары – бір жарым миллиард қытайдан, бір миллиардтан астам үнділерден, 300 миллионға жуық индонезиялықтардан шыққан жоқ. Бұл не деген сөз?! Біз ішкі қуатымыз өте күшті халықпыз. Бұл соның көрінісі.
Бірақ Құдайдың берген берекетін дамыту, ол басқа мәселе. Өмірде тек нәтижеге жеткіш, табанды адамдарды алып қарасақ, қайткен күнде спортқа қатысы бар боп шығады. Ол адамда аста-төк интеллектуалдық қабілет болмауы мүмкін. Бірақ табандылығының арқасында, интеллектуалды тұлғаның қолынан келе бермейтін істі атқарып кететін жағдайлар болады. Бұл не?! Табандылықтың күштілігі. Міне, көрдіңіз бе, қазаққа ең керекті дүние – табандылық. Ал адамның табандылығын шыңдайтын бірден-бір жол, ол – спорт.
Өткенде бір спорт маманы жекпе-жек сайысу ерте ғасырдағы гладиаторлардан қалған шайқас, қазақ бұдан былай классикалық спорт түрлерімен, яғни жүгіріс, садақ ату, суға жүзу т.б. айналысу керек деп еді. Осыған сіз не айтасыз?
Ойланатын мәселе… байқап қарасаңыз, жеңіл атлетика сияқты спортта қазақ жоқтың қасы. Біреулер аузы қисайып, «күрес пен бокстан басқа спорт түрі қазақтың қолынан келмейді» дейтінді шығарып жүр. Мысалы, Ғұсман Қосановты алайық. Қазаққа алғаш рет Олимпиададан медаль алып берген осы адам. Түбі семейлік Сыйтық деген шалдың баласы. 1960 жылы Римде өткен жазғы ХVІІ Олимпиадада 4×100 метрлік эстафеташылар жарысынан күміс жүлде алды. Осы жылы Киевте өткен КСРО чемпионатының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы атанды. 100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері болды. 1965 жылы тарихта «Ғасыр оқиғасы» деген атпен белгілі КСРО-АҚШ матчының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы атанды. Осы Ғұсман қазақ емес пе?!
Ал 1966 жылы қысқа спринттік қашықтыққа жүгіруден Еуропа кубогін еншілеген, дәп қазір ортамызда жүрген Әмин Тұяқовты қайда қоясыз. Яғни жүгіру болсын, өзіңіз айтқандай, садақ ату, мергендік бәрі-бәрі сөз жоқ, қазақтың қолынан келуге тиіс.
Кеңес өкіметінің кезінде шамадан тыс мықты болмасаң, әлемдік спорт додасының маңына жолатпайтын. Енді ойлап қараңызшы, Одақтың ойранын шығарған Ғұсман мен Әминнің інілері жоқ деген сөз, ол қазақты – қорлау.
Ғұсмандар заманы бөлек еді ғой. Қазір шынында өзіміз де сол жекпе-жек спортқа қарай бой бермей жүгіріп тұрған жоқпыз ба?
Дегенмен біз көп жағдайда, жеке адамның денсаулығына қатерлі жекпе-жек спорт түрлеріне өзіміз де бейімбіз, әрі «қазақтың қолынан осы келеді» деп, санаға сіңіріп қойғандық та бар. Оның үстіне өмір бойы аттың жалы, түйенің қомында жүрген қазақ үшін жекпе-жек өнерге деген құрмет ерекше басым. Жалпы, бұл біздің генетикалық жадымызда сақталған нәрсе. Бірақ ғылыми жүйелікті талап ететін классикалық спорт түрлеріне келгенде, бейпіл, аумалы-төкпелі психологиямыз әсер етіп, табандылық танытпай, сырғып кететін жайымыз да жоқ емес.
Жаңағы сіз бен біз айтқан спорт түрлеріне Кеңес кезінде қазақты жолатпады деп келдік. Енді кімнен көреміз?
Расында жолатпаған ғой. Көп жағдайда санамыздағы бостандықты тұншықтырып тастаған. Жасыратыны жоқ, классикалық спорт түрлерінде қазақ бапкерлер аз. Болғанның өзінде маргинал бейбақ. Олар болашақта орнынан айырылып қалмау үшін, суда жүзу, су добы, қысқы спорттық ойын түрлеріне қазақтарды жолатпайды. Бір сөзбен айтқанда, спорттың осы бір түрлерін монополиялап алған.
Одан кейін қазақтың қолынан келетін бір спорт болса, ол – мергендік. Ұлттық фольклор, жауынгерлік дастандарда, жамбы атудың, мергендіктің небір түрлері айтылады. Сондай-ақ орта ғасырда қазақ даласын көктей өтіп, Шығысқа саяхат жасаған итальяндық жиһангер Марко Поло, көшпенділер арасында өткен мергендер сайысында 335 құлаш жердегі нысанаға бәрі дәл тигізгенін жазады. Енді мынаған назар аударыңыз: Түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 1255 фут, яғни 210 құлаш, ертедегі грек мергені 1692 фут, яғни 282 құлаш жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер күллі адамзат тарихына жазылған.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы Кейкі мерген Көкімбайұлын алып қарайық. Қалтқыдан басын бір қылтитып, патшаның солдаттары қайда жатқанын бір көріп алып, мылтығын шығарады да көздемей-ақ манағы көрген жерін дәл атады. 1940 жылы Оспан бастаған Алтай қазақтары сансыз қытай әскерлеріне тек қана мергендіктерімен төтеп берді. Әрбір оғын санап атты.
Осындай қазақтан мерген шықпауы мүмкін бе?! Әлде бүгінгі қазақтың қуаты жетпей ме?! Түкте олай емес, осы спорт түрі бойынша қазақтың бапкерін, кадрын дайындамағандық бұл. Ұлттық намыс, ұлттық сананың кемдігі. Қазіргі қазақ спортының кадрларын алып қарасақ, көбі басқа ұлттар. Бұлардың спорт саласын малтабарға айналдыруы – біздің ұлттық қасіретіміз. Ұлттық кадрдың қалыптаспай отыруына да осылар кінәлі.
Бірнеше жылдың алдында ғылыми ілімі жетік сақа бапкер айтып еді: біз спортшыларды айла-тәсілге, күш-қуатқа тәрбиелейміз, бірақ рух пен намысқа тәрбиелей алмаймыз деп. Осы қаншалықты жаны бар сөз?
Иә, спортта болсын, өмірде болсын жеме-жем дейтін дүние болады. Нағыз жеме-жемге келген кезде адамға күш беретін ғажайып бір сезім бар, ол намыс пен рух дейтін нәрсе. Мысалы, Ресей алып держава. Құрамында әртүрлі ұлт бар. Десек те, бұл елдің еркін күрес, дзюдо, грек-рим күресі сияқты жекпе-жек спорт түрлеріне бейімделген саласын алып қарасақ, негізінен дағыстандықтар иелік етуде. Өздері ат төбеліндей аз ғана халық. Ал мына қызыққа қараңыз, оларға қарсыластың көбі – якут, алтайлықтар мен қалмақ-буряттар. Осылар Ресей біріншіліктерінде финалда кездеседі. Екеуі де ресейлік, отаны бір. Бапкерлік мектебі де бір. Бірге жаттыққан. Күш-қуаты бірдей. Бірақ бірі жеңу керек. Жеме-жем деген осы. Бұл жерде ұлттық намыс сынға түседі. Нәтижесінде міндетті түрде дағыстандық жеңеді. Неге?! Онда мінез бар. Ұлттық намыс деген осы. Адам баласы қайткен күнде бір қауымның өкілі. Барлық әйел атаулы менің анам деп айтпайсыз, өйткені сіз нақты бір әйелден тудыңыз. Сол сияқты сен де нақты бір ұлттың өкілісің! Егер де сен бір ұлттың өкілі болмасаң, будансың. Сол себепті ондай адамда ұлттық намыс болмайды. Ақша үшін күреседі, кім көп ақша берсе соның сойылын соғады, қарсыласы көп ақша берсе жеңісті соған беріп қоя береді. Міне, спортты осындай космополиттік сана жаулап барады.
Космополиттік сана демекші, бұдан бірер жыл бұрын сырттан спортшылар сатып алып, еліміз атынан қосатын үрдіс қалыптасқан-тын. Қазір ептеп саябырсыды. Осыған не айтасыз?
Қазір шындығын айтсақ, әлемдік спорт конъюнктураға айналды. Ол жер жатқан сауда. Тек көрсеткіш үшін жұмыс жасалып жатыр. Жеңісті сатып алу, пара беру, ақша айналдыру, өтірік жеңілу саяси мән-мазмұнға айналды. Тіпті шоуға айналып кеткен тұстары бар. Өзіне ұнамаса ережелерді өзгертіп жібереді. Мысалы, самбо ешбір күрестен кем емес. Оны олимпиадалық спорт түріне енгізбеу арқылы үлкен саясатта Ресейдің беделін төмендетпек т.с.с. Қазақ күресі кімнен кем. Бірақ әлем алдында саяси ықпал, экономикалық қуатың болмаған соң қиын. Оның үстіне отарда болғанымыз үніміздің шықпауына себеп.
Сол сияқты қазақ спортындағы конъюнктура – өзінің қазағын былай ысырып тастап, сырттан спортшы сатып әкелу. Жасырмай айтқанда, өткен жылдары қазақ спортының жетістігіне баланып жүрген ауыр атлетиканың дені сырттан сатып алынған қарақтар. Олимпиадаға барарда облыстық спорт басқармалары жапа-тармағай Ресейдің екінші нөмірлі спортшыларын сатып алады. Екінші нөмір қайда да, екінші нөмір. Ол алтын медальды өлсе де алып бермейді. Әупірім деп ілінген күміс-қоласы үшін қазақтың қыруар ақшасын алып тайып тұрады, оны өп-өтірік жаттықтырды деген есеппен біздің қулар атақ-абырой алып қарық болады. Осындай жалғандық жайлаған жерде қазақ спорты қалай дамиды.
Мұны түзеу үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
Қазақ «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген. Үкімет тарапынан спортқа қойылатын талап бар. Ол тайға таңба басқандай болу керек. Кешегі құралайды көзге атқан мергендердің ұрпағы қайда, кеңестік кезде желмен жарысқан Ғұсман мен Әминнің мұрагерлері қайда?! Екінші дүниежүзілік соғыста Әлия Молдағұлова Батыр атағын мергендіктің арқасында алды емес пе?! Қазақ ұлтын спортқа тартатын ұлттық идеология керек. Ұлттық саясат керек. Мен үнемі айтып жүрмін қазақтың Қазақстаннан басқа өсіп-көктейтін, көгеретін жері жоқ дегенді….
Мысалы, біздің Жаңаарқаны балуандар елі, әншілер елі деп жатады. Бұл Жаңаарқаның елден асқан кереметтігінен емес. Онда әнші Игілік Омаров шықты. Оның артынан Қайрат Байбосынов шықты. Екеуін елдің бәрі әспеттеп, құрметтеген соң оны көрген бала-шаға әнші болғысы келді. Ел жаппай жұмылған істен қайткен күнде бірдеме шықпай қоймайды. Сол сияқты кезінде Диханбай Биткөзовтер қызмет еткен Жаңаарқада «Жас сұңқар» деген спорт мектебі болды. Жаңаарқаның орталығында бұл мектептен өтпеген ер бала жоқ. Мен де бардым күреске.
Нәтижесінде не болды?! Ақырындап, Әбдеш Қалжанов, Бақтияр Жүністер шықты. Артынша дүркіреп ағайынды Байшолақовтар шықты. Айбатыр Махмұдов шықты. Сөйтіп мектеп қалыптасты. Әйтпегенде Жаңаарқада туған баланың басқа өңірде туған түлектерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Қысқасы, мектеп қалыптастыратын тұлғалар болады. Соларды тауып жағдай жасау керек.
Сіз де күреске қатысқан болдыңыз ғой…
Жоғарыда айттым «Жас сұңқар» күрес мектебіне бармаған бала жоқ. Мен алғаш боксқа бардым. Төкен Салықов деген ағайдың қол астында төрт жарым ай жаттықтым. Одан кейін кластасым Айбатыр Махмұдовты ертіп күреске бардым. Айбатыр екеуіміздің салмағымыз бірдей. Бір жылға таяу күреспен айналысқандай болдым да, домбыраға қарай ойысып кеттім. Айбатыр сол кеткеннен мол кетті. Самбо күресінен әлем кубогын алып бір-ақ тоқтады… Бәрін айт та бірін айт, қазақ қалып қойды екен деп әлемнің шалқар көші күтіп тұрмайды. Елбасының көп айта беретін «бәсекеге қабілеттілік» дегені де осы көштен қалып қоймау…