26 мамыр күні Атырауда Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) VIII маусымының жартылай финалдық ойыны өтті.
Ойын соңында аукцион өткізіліп, «Astana Arlans» командасының спортшыларының қолғаптары ойнатылды. Аукционнан көтерілген қаржы 7 миллион теңгені құрады. Бүгін, 29 мамыр күні түскен қаражаттың барлығы науқас балалар еміне жұмсалды.
-Уәде еткендей Атырау облыстық спорт басқармасымен бірге 2 миллион теңгені көмекке мұқтаж Данло Элерса синдромына, цереброастеникалық синдромына шалдыққан, ДЦП және эпилепсиямен ауратын 4 науқас балаға табыстадық. Қалған 5 миллион теңгені Корея елінде ем алып жатырған Алима Көпейдің еміне жібердік,-дейді «Astana Arlans» командасының PR-менеджері Шыңғыс Түсібаев.
Ауыр диагноз қойылып, шұғыл түрде емге мұқтаж балалар туралы ақпарат қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен алынды.
— Менің қызымда сирек кездесетін Данло Элерса синдромы. Оның еміне жыл сайын қомақты қаражат кетеді, сол себепті қалалық бөлімнен көмек сұраған болатынмын. Осындай қасиетті айда қолдау көрсеткендеріңізге рахмет. Біз шынымен күтпедік,- дейді қала тұрғыны Диляра Гилаева.