Репрессия науқаны қалай жүрді?

Қазақстанда репрессия кезеңі үш кезең бойынша жүрді. Бірінші кезең байлар мүлкін тәркілеу, жер аударту, қуғын-сүргінге ұшырату 1928 жылдан басталды. Мұрағаттық мәліметтерге жүгінсек, 1928 жылы 2 миллионға жуық бай шаруалар мүлкі тәркіленіп, жер аударылған. Мал-мүлкі тәркіленген бай ел-жұртынан жер аударылып, қуғынға салынып, оларды қайта еліне оралтпау жайлары қатты қадағаланған. Осы себептен қазақ еліне жаппай аштық науқаны келіп, 2 миллионға жуық адамның өліміне себеп болған.

Екінші кезең жалпы қырғынға ұшырату кезеңі болды. Бұл 1937-38 жылдары бухариншіл сатқындар мен герман-жапон шпиондарына қарсы күрес деген желеумен өтті. Осы жылдары елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин және қарапайым жұмысшы шаруалар да қырғынға ұшырады.

«Түркістан» газеті ©baribar.kz

Сталиндік революцияға қарсы үгіт-насихат жүргізді деген жаламен 4 миллионға жуық адам ату мен басқа да түрлі жазаға тартылған.

Ал үшінші кезең соғыстан соңғы 1945-1953 жылдары болды. Бұл кезеңде 1940-1945 жылдары фашист басқыншыларынан Отанын қорғау мақсатында небір жанкештілікке барған азаматтар соғыстан соң 10 жылдан 25 жылға дейінгі негізсіз бас бостандығынан айырылуға мәжбүр болды.

Қалай басталды?

1917 жылдың желтоқсанында ВЧК және оның аймақтық құрылымдары тарапынан халыққа күш көрсету байқалды. Себеп — билік басына келген жаңа өкіметке қарсы тұруы. 1918 жылы қаңтарда Киев большевиктердің бақылауында болған кезде орыс офицерлері 200-300-ден қатарға тұрғызылып, пулеметпен атылған. Бұл тарихта «Кеңес өкіметінің салтанатты шеруі» деген атпен тарихта қалды.

Мұнан кейін РКП (б) Орталық Комитеті сол жылы күзде: «Бұрын қай жерде, қай уақытта болғандығына қарамастан Оңтүстік майданда, нағыз сатқындар мен ботажниктер ғана емес, барлық қорқақтарға, бас сауғалаушыларға, салғырттық байқатушыларға және ымырашыларға қарсы тап қазір қызыл террор жүргізуге міндеттіміз», — деп жарлық шығарды. Азық-түлік отрядтары ауыл-селоны күштеп тонай бастады. Бұған шаруалар «Азық-түлік салғырты» деген себеппен наразылық білдірді. Осыған орай оларды ВЧК-нің қарулы топтары мен тұрақты әскерлер аямай ұрып-соқты.

1918 жылы 28 маусымдағы «Ірі кәсіпорындарды мемлекет мүлкіне айналдыру туралы» декретті көрсете отырып, «егер қызметшілер өз бетімен жұмыстан кетіп қалса немесе саботаж жасаса кінәлілер революциялық сотқа тартылады» деп қоқан-лоққы көрсетеді. Ал көлік саласындағыларға 1919 жылы 10 қазандағы РКО Советінің «қылмыс жасаған жерінде ұсталғандар жаза есебінде атылады, ал басқа осындай қылмыс жасады деген күдікті адамдар, сол жерде қолға түспесе де, соғыс уақытының заңымен 24 сағатта сотталуы тиіс» делінді.

Қарапайым шаруалар ғана емес, жергілікті басшылар да түрлі қуғынға ұшырады. 1919 жылы 15 ақпанда Қорғаныс Советінің темір жол бойын қардан тазалау жөніндегі қаулысында осы жұмыс ойдағыдай жүргізілмей жатқан жерлердегі атқару комитеті мен кедейлер комитетінің бірнеше мүшесін дереу тұтқындау қажеттігі айтылған. Мұнда одан әрі: «В тех же местностях взять заложников из крестьян с тем, что, если расчистка снега не будет произведена, они будут ресстреляны», — делінген. Сол жылы сәуірде аталған мәселе бойынша тағы бір құжатқа В.И. Ленин (қар тазалау жөнінде) бұрыштама жазып: «Не арестовать ли по 1-2 члена каждого исполкома?»- деп Ф.Дзержинскийге сұрақ қояды. Осыған орай қаулы да қабылданған. 1918 жылы 21 ақпанда «Социалистік отанға қауіп төнді» деген совнарком қаулысының 8-бабында «дұшпан агенттері, алыпсатарлар, баукеспелер, бұзақылар, контрреволюциялық үгітшілер, герман тыңшылары қылмыс жасаған жерінде қолма-қол атылады» деп атап көрсетілген.

Н.И. Бухарин 1920 жылы: «Адамдарды атудан бастап, оларды зорлап жұмыс істетуге дейінгі пролетарлық еріксіз көндірудің барлық түрлері, қанша оғаш естілсе де, капиталистік дәуірдегі адам материалынан коммунистік адамзатты қалыптастырудың әдісі саналады», — деді. Аталмыш мәселеге ВКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы, Саяси бюро мүшелігіне кандидат Л.М.Каганович 1929 жылы 4 қарашада заңгерлер алдында сөйлеген сөзінде: «Біз құқықтық мемлекет деген ұғымды қабылдамаймыз. Өзін марксиспін деп есептейтін жан құқықтық мемлекет туралы әңгіме айтса, «құқықтық мемлекет» деген ұғымның совет еліне қатысы бар десе, ол … мемлекет туралы маркстік-лениндік ілімнен ауытқыған адам саналады», — саяси түсінік берді. Осы сөзден соң құқықтық мемлекет туралы ой білдіруге тыйым салынды.

Ату жазасы қалай енгізілді?

1927 жылы ЦИК диверсиямен, өрт салушылармен, машина қондырғыларын қиратушылармен күресті күшейту жөнінде қаулы қабылданды. Қылмысты істерді сот емес, ОГПУ қарап, ату жазасын қолдануға дейінгі құқыққа ие болды.

1932 жылы И.В.Сталиннің нұсқауы бойынша 7 тамызда ЦИК пен Совнарком «мемлекеттік кәсіпорын, колхоз, кооперация мүліктерін қорғау және қоғамдық меншікті нығайту туралы» қаулы қабылданды. Осыған сәйкес «ұрланды» деген заттың түрі мен құнына қарамастан ұсталғандар атылатын болды. Егер кінәні жұмсартуға болады-ау деген себеп табылса, 10 жылға сотталуы мүмкін. Яғни, ату жазасына немесе 10 жыл түрмеде отыру талабы болды.

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
©inform.kz

1934 жылы 8 маусымда осы заңға өзгертулер енгізілді. «Егер әскери қызметші қашатын болса немесе шет елге ұшып кетсе, кәмелетке толған отбасы мүшелері әлде оның қарауында болған басқа да адамдар түгелдей сайлауға дауыс беру құқығынан айырылады және 5 жыл Сібірге жер аударылады».

С.М.Кировтың өлтірілгендігі жөніндегі хабар белгілі болған соң Сталиннің бұйрығымен ЦИК шұғыл түрде қаулы қабылдады: «Қылмыстық атқару кодексіне өзгертулер енгізілді. Қаулы бойынша 1) істі қарау 10 күннен аспау керек; 2)айыптау қорытындысы айыпкерге сот болардан бір-ақ күн беріледі; 3) іске авдокат қатыспайды; 4) айыпкерден кешірім жасау не басқа өтініш қабылданбайды; 5) ату жазасы жөніндегі үкім хабарланысымен қолма-қол орындалады. Егер қылмыстық іс осы заңға қатысы бар деп есептесе, айыпкердің тірі қалуы екіталай болған.

Осы жылдар туралы жазылған баспасөз беттерін ақтарғанымызда, сол кездегі әр облыстағы тың деректерді Қостанай облысы ғана нақты, анықтап жазған.

Қостанай облысындағы деректер

Сол кездегі басылымдардың жазуынша, 1937-39 жылдары облыстық партия ұйымының бес басшысы айыпталған. 1937 жылы күзде КСРО өкіметі Қостанай облысының аумағына кәрістер мен поляктарды күштеп жер аудару жайында бірнеше қаулы қабылдады. Ресми деректер бойынша, Қостанай облысының аумағында 1937-1956 жылдары 25 ұлт өкілдерін қамтыған 76406 арнайы қоныстанушылар мен 12278 жер аударылғандар болды. 1938 жылы әрбір төртінші қостанайлық қуғындалып отырған.

«Қостанай таңы» газеті ©Baribar.kz

Облыстық әдебиет бөлімінің есебі бойынша, цензорлар күмәнданған әдебиеттерді тартып алу шаралары 1936 жылдың басынан басталған. 1938 жылы 57 мың дана кітап тартып алынды. Мұны Семиозер аудандық кітапханасынан байқауға болады. 1925 жылы кітапханада 3283 кітап болса, 1930 жылдың соңында 230 ғана кітап қалған. Кітап қорының азаюы облыстық оқу-ағарту ісіне, әсіресе ересектердің арасында сауатсызды жоюға кері әсер етті.

Алаш өкілдері жазған кітаптардың орнына кеңес үкіметінің органдары Коммунистік партия идеяларына шын берілген адамдардың шығармаларын ғана ұсынды. НКВД түрмесінде азап шеккен Сәкен Сейфуллин қаза табар алдында былай деп жазған: «Өлім алдында өзімді менің Кеңес Отанымның ең адал мүшелерінің бірі болдым деп мәлімдеймін».

Мұғалімдер не үшін айыпталды?

Қоғамда сол кездегі заң бойынша наразылығы үшін әр адам айыпталуы мүмкін еді. Қостанай облысында «Мектеп мүғалімдері оқушылар арасында партия нұсқауларын баяу орындайды» деген сылтаумен мұғалімдерді оқушыларға қарсы қою сипаты белең алды. Архив деректері бойынша, облыстың 9 ауданынан 1938 жылғы наурыздан шілдеге дейін «халық жаулары» деп 40 педагог айыпталған. Ең көбі 17 адам Семиозер ауданынан болған.

1939 жылдың соңына қарай Қостанай облысы бойынша қайта ұйымдастыру нәтижесінде 20 неміс, татар және кәріс мектептерінде сабақ орыс, қазақ тілінде  сабақ өткізіле бастады.

Заң жүзінде қандай әдістер қолданылды?

Жоғарыдағы сөз еткен қабылданған заңды жүзеге асыру үшін түрлі әдістер қолданылған.

«Тергеу конвеері». 1920 жылдардан бастап қолданылған әдіс. Тергеушілер бірін-бірі ауыстырып жауап алуды тәулік бойы жүргізген. Мақсаты — айыпталушыны ұйықтатпау, әбден шаршатып, қалжырату. Осылайша жазалауға негіз болар «фактілер» жинау. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің қылмыстық ісінде одан таңғы 6-да жауап алғандығы жөнінде дерек бар. Яғни, Сәкенмен тергеушілер «сұхбаты» күндіз-түні болған.

«Үштік». 1937 жылы бәрі түрмеге қамала бастаған сәтте сот қызметкерлері қылмыстық істерді қарауға үлгере алмайтын болды. Осыған байланысты енді әр облыста «үштік» құрылды: обком хатшысы, НКВД бастығы, облыстық прокурор. Бұл «үштік» өзара кез келген мәселені сырттай қабылдай алатын болды.

Өлім жазасы алғаш қай кезде орындалды?

1918 жылы 24 қаңтарда Төтенше комиссия соттың шешімін күтпей, қылмысқа қатысы бар деген айыпкерді атып жіберді. Негізі өлім жазасы туралы «сот» шешімі Жоғарғы ревтрибуналдың үкімі бойынша 21 маусымда жүзеге асырылды. Ол «»Контрреволюция жасағаны үшін» құрбандыққа шалынған Балтық флотының командирі адмирал Алексей Шастной еді.

Қашан тоқтатылды?

1947 жылы мамырда өлім жазасы жойылып, орнына 25 жылдық тұтқындау мерзімі енгізілді. Осы жылы сәуір айында Алматыда әскери сот «Түркістан легионына» қатысты деп айыпталған біраз адамды ату жазасына кескен еді. Бұл үкім мамыр айындағы үкімет шешімімен өзгертіліп, Мұстафа Шоқайдың ізбасарлары ұзақ мерзімге итжеккенге жіберілді. Ал 1950 жылы «еңбекшілердің өтініші бойынша»  құжат «отанын сатқандар, тыңшылар және қопарғыш диверсанттар» қылмыстары дәлелденсе, жарық дүниемен қош айтысатын болды.

Сталиннің жеке басына табынушылықтың зардаптары ашықтан ашық сөз болған соң 1960 жылы репрессия тоқтатылды.

Н.С.Хрущевтің мәліметінше, 1921 жылдан 1954 жылға дейін совет елінде «контрреволюциялық қылмыс» үшін кемінде 642 мың адам шейіт болған. 1980 жылдардың соңында дүниежүзіндегі өлім жазасына кесілгендердің үштен бірі СССР-дің үлесіне тиіпті. Ал 1962-1990 жылдар аралығында 22 мыңнан аса адам атылып кеткен.

Ресми дерек:

  • 1930-1950 жылдар арасында республикамызда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 1988-1995 жылдар аралығында бүкілі дерлік ақталып шықты. Ақтөбе облыстық прокуратура органдары 8181 адамға қатысты ашылған 5156 мұрағаттық қылмыстық істерді зерттеп, олар бойынша 7521 жазықсыз жала жабылғандарды ақтады.  Сондай-ақ, 2781 арнайы қоныстанушыларға қатысты құжаттар қаралып, қаралау қорытындысымен 1764 адам ақталды.
  • «Атылсын» деп үкім шығарылған жазықсыз жандарға тағылған басты екі айып болған: біріншісі — Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, екіншісі — контрреволюциялық ұйымдарға араласты.
  • Алматыда адамдар Дзержинский (қазіргі Наурызбай батыр) көшесіндегі КГБ подвалында, БАК-та (Үлкен Алматы көлінде), тау бөктерлерінде, қазіргі МАИ (республикалық автоинспекция), бұрынғы партия мектебі (Достық-Абай даңғылы қиылысындағы КИМЭП ғимараты) орнында атылды. Күзде атылған өліктер көктем туа су тасқынымен арықтардың бойында жүзіп жүрді. НКВД адамдары оларды жинап алып, Жаңалық ауылына апарып, асығыс-үсігіс көме салды.
  • Алматыда 1937 жылы 700, 1938 жылы 980 адам атылған. Кешкісін сағат 10-да атылып, таңертеңгілік қаладан шығарылып тасталған. Ең қауырт уақыт — қыс пен көктем. Ақпанда мемлекеттік қауіпсіздік комиссары Реденстің «рұқсат етемін» қарарымен күніне 37-39 адам атылған. Ал наурызда 53-54 адамға дейін жеткен.