Форумға ФР Еуропа және сыртқы істер министрлігінің (ЕСІМ) Мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуан, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров, ҚР Франциядағы елшісі Жан Ғалиев, Францияның ҚР-дағы елшісі Филипп Мартине, Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев, сонымен қатар екі елдің бизнес-қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
«Бұл Қазақстанның мұнай өнеркәсібінен басқа салаларда да тартымды бола бастағанын білдіреді. Біз халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейміз, өткен жылы Қазақстан ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің мүшесі болды», — деді Ерлан Қайыров.
Сонымен қатар, Жан-Батист Лемуан Қазақстанмен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
«Біз Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы айтқанымызда, бұл үлкен іске асады деп айта аламын. Бұл әріптестікке жаңа дем беріп, экономикалық, саяси ерекшеліктерді ескере отырып, нығайту керек. Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасы – бұл өте қызықты тақырып. Ұсынылып отырған қазақстандық ынтымақтастыққа үн қата алатындай Францияда құзыреттілік бар деп ойлаймын», — деді Жан-Батист Лемуан.
Франция бизнесмендеріне экономиканың ұлттық стратегияға сәйкес басым салаларындағы 50 тауашалық жоба ұсынылды. Аталған инвестициялық ұсыныстар Deloitte компаниясымен бірлесіп әзірленген.
Бұдан өзге, форум аясында «Қазақстан «Жаңа Жібек жолында» инвестициялар және экспортқа арналған платформа ретінде», Қазақстанға шетелдік инвестициялар тарту құралдары», сондай-ақ «Экономиканы цифрландыру» сессияларында талқылаулар өтті.
Сонымен қатар инвестициялық форум аясында ECM Technologies және «Қазатомөнеркәсіп» арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.