Концертте «Жұлдыз» би тобының үкілі қыздары қазақ биі арқылы халқымыздың мәдениетінен, дәстүрінен сыр шертсе, «Гүлдер» вокалдық тобы тәрбиеленушілері Аружан Бақтыгереева мен Эльназ Буланова «Астана» әнімен тыңдаушысын елітіп әкетті.
«Адай», «Балбырауын» күйлерін «Мұрагер» домбыра үйірмесі тәрбиеленушілері асқақ орындады. Мөлдір Маратова есімді балғын «Туған ел» әнін патриоттық сезіммен қалықтатты. Жалпы, концерт барысында «Астана»,«Қазақстаным», «Біз Қазақстан балаларымыз», «Аялаған Астана» секілді еліміздің танымал сазгерлерінің әндерін жас ұландар туған елге, Отанға деген тебіреніспен, ұлттық рухпен шырқады. Шара барысында МТЖО тәрбиеленушілері қазақ биімен қоса, өзбек, қырғыз, үнді, қытай халық билері арқылы, әр халықтың өзіне тән ерекшеліктерін, елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың бірлігін паш еткендей болды.
«Гүлдер» квартеті «Патриоттық әндер» жинағын көрерменге тарту етсе, «Край родной» әнімен Дениза Удишева дараланды. «Кукарачаны» «Жұлдыз» би студиясының кіші тобы шебер орындады. «Сюрприз» би тобы орындаған «Тентегім» би қимылдары да көпшіліктің көңілінен шықты.
Әдемі кештің шымылдығы «Аялаған Астана» флешмобымен жабылды. Айта кету керек, аталмыш шараға мектептен тыс жұмыс орталығының 300-ге тарта өнерлі өрендері мен 50 қосымша білім беру педагогтары жұмылдырылды. Олардың ішінде өнер ұжымдарына жетекшілік еткен Райхан Нарымбетова, Серік Жақыбалиев, Валентина Кукленкова, Ольга Сычева секілді ұстаздардың еңбегі орасан. Шара барысында ата-аналар қоғамдастығымен «Баланың қауіпсіз өмірі – біздің қолымызда» тақырыбында акция ұйымдастырылып, үнпарақтар таратылды.