Басты бетЖаңалықтарАқжайықта Жұбан...

Ақжайықта Жұбан орталығын салу көзделуде

Жерлестер форумында алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы хақын баяндаған бейнефильм ұсынылды. Одан кейін «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау шарасы өтті. Атап айтар болсақ, Бударин ауылындағы балабақшаға құны 1 млн.500 мың теңге тұратын ойын алаңын салып бергені үшін «Көшім» шаруа қожалығының жетекшісі Жангелді Баянов «Аялы алақан» аталымына ие болды. Жыл сайын тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарияларға қаржылай және мал азығымен көмектесіп келе жатқан Алғабас ауылындағы «Адай-Бекет» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев «Шапағат»  аталымымен марапатталды. Ол 8 отбасының 25 адамын жұмыспен қамтып, 10 тұрғын үй салып берген жомарт адам. Жалпы, шара барысында дәл осындай еліне қашанда қамқор бола білген 20-дан астам азамат көтермеленді.

Форумның басты қонағы, аудан түлегі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов сөз сөйлеп, басқосуды ұйымдастыруға атсалысқан барша қауымға алғыс айтты. Келешекте де туған елді көркейтуге шақырып, ел бірлігі, тұтастық хақында ой-толғамдарымен бөлісті.

Қазақ руханиятына, тарихына, дамуына қан жүгірткен Елбасы бағдарламасы бүгінгі қазақ қоғамына көптеген оң өзгерістер, тың бастамалар әкелгені шындық. Осы форумда қатысушылардың қолдауымен биыл қолға алынған 52 жобаның көпшілігі жүзеге асатын болды. Одан бөлек алдағы уақытта кәсіпкерлердің атсалысуымен ауданда ақиық ақын Жұбан Молдағалиев орталығының құрылысы қолға алынбақ.  Дәл мұндай рухани орданың мәдениетіміздің дамуына, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор септігін тигізері сөзсіз.

 Сондай-ақ форумда «Нәзік намыс» аталымымен марапатталған жеке кәсіпкер Әлия Шоқанова аудан орталығынан балабақша ашатынын мәлімдеді. Еңселі елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай бұл балабақшаға бас қаламыздың аты берілмек.