Елбасы жолдауы: «Білім» жиі аталды

XXI ғасырда байлықтан гөрі білім алға шығып отыр. Оның себебі айқын. Себебі өндірістік технологиялар барған сайын шикізаттың өзіндік болмысын шайып бара жатыр. Шикізаттың бағасы мен көлемі емес, тек қосымша еңбектің үлесінің маңызы артып отыр.

Биылғы Президент Жолдауында білімге — білім беруге, оның сапасын арттыруға ерекше басымдық беріліп отыр. Заман өзгеріп, акценттер ауысып отырады. XXI ғасыр адамының жаңаша көзқараспен жаһандық трендтерді аңдай отырып жасаған тұжырымдары ел ішінде әдеттегідей қолдау тауып, талқыланып та кетті.

2018 жылдың басты құжаты әсіресе білім саласындағы азаматтарға — ұстаздар мен оқушыларға үндеу тастағандай. Себебі бұл жолы олардан үміт көп, және Елбасы отандастарымыздың білігі мен біліміне сенімі мол екенін үнемі атап өтіп жүр. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» тілшісі Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ жасаған контент-сараптамаға үңілсек, биылғы Жолдауда «білім» сөзі 24 рет, «Ұлт» сөзі 19 рет, «әлеуметтік» сөзі 18, «денсаулық» сөзі 8 рет кездеседі екен. Және бұлардың әрқайсысы жөнінде тыңғылықты қорытынды мен нақты ұсыныстар жасалған. Біздер аталған осы салалардағы қызметкерлердің, ұстаздар мен оқушылардың ел бойынша қандай талқыға салып жатқанын бір шолып өттік. Көріп отырғанымыздай, Жолдау қоғамның барлық азаматтары тарапынан қолдау тауыпты.

Мұғалімдер. «Білім-инновация» Қызылорда облыстық дарынды балалар лицей-интернатында мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты дөңгелек үстел өтті. Ұстаздармен болған бұл шараға облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының тәрбие және білім бөлімінің басшысы, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ә. Әбдіхалықова келіп, Жолдаудың тұжырымдамасы аясындағы ойын ортаға салды. Арда ұстаз аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен көзделген мақсаттар туралы айта келіп, қорытынды сөзін өз ұсыныс-пікірлерімен қорытты.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Л. Микеева лицейдің осы бағыттағы жұмыстарын сипаттап беріп, Жолдауда айтылған міндеттердің үдесінен шығып жүрген оқушыларының жетістіктерін айта кетті. Мысалы, республикалық «HackDay» идеялар фестиваліндегі «Ақылды аялдама» жобасының І орын иегері, 11-сынып оқушысы Ә .Жақсылыққа өзінің жаңашыл ізденісі туралы айтуға сөз берді. Лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р. Қосаева жылдың басты құжатына жалпылама шолу жасап, басты түйінді тұжырымдарды ашып айтып берді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Н.Есбосын «Адами капитал – жаңғыру негізі» міндеттемесі бойынша ойларын ортаға салып, білім берудегі жаңа сапа, ұстаз мәртебесін арттырудағы жұмыстар, жаңартылған білімнің басты сипаты туралы егжей-тегжейлі сөз қозғады.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болып қалыптасудағы бағыт-бағдарын нақты нұқсаған Елбасының бұл Жолдауы Қазақстан халқы үшін маңызды құжат болатындығы туралы ортақ ой өрбіткен лицей ұжымы дөңгелек үстелден маңызды да нақты міндеттерді түйіндеп қайтты.

Денсаулық сақтау қызметкерлері. Сырдария аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы М. Жұмағалиқызының басшылығымен Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын аурухана қызметкерлері қызу талқылады.

Оның себебі де бар. Өйткені биылғы Жолдаудың басты тақырыптарының бірі – «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт». Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетіні; ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің сапасын көтеру, қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру, онкологиялық аурулардың алдын-алу жұмыстарын үдету, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы қайта даярлаудан өткізілуі секілді міндеттемелер медицина қызметкерлеріне түсіндірілді. Жиын барысында ақ халатты абзал жандар пікірлерін ортаға салып,Жолдауды қолдайтындықтарын жеткізді.

Сақшылар. Алматы облысының ТЖ департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің аймақтық оқу орталығында 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтің Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау, түсіндіру мақсатында жиналыс өтті.

Жиналысқа өңірлік оқу орталығының білім берушілері мен мамандық алды даярлау тобы, жалпы алғанда 40 адам қатысты. Отырыста баяндама жасаған өңірлік оқу орталығы бастығының орынбасары азаматтық қорғау капитаны Д. Кемелбаев Президент Жолдауының ерекшеліктерін сипаттап өтті. Сонымен бірге, Президент Жолдауындағы он басымдықта көрсетілген нұсқауларды алдағы уақытта жүзеге асыру бойнша қандай жұмыстардың атқарылуы тиіс екеніне тоқталды.

Аймақтық оқу орталығының бастығы Ж. Сегізбаев келушілерге Жолдаудың жетінші «Адами капитал-жаңғыру негізі» міндеттемесіне назар аудартты.

«Бұл міндет- білім берудің жаңа сапасы. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту тиіс. Педогогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Бұл — жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты», — деп өтті ол сөзінде.

Ойларды ортаға салып, пікірталас форматында өткен бұл жиында аймақтық оқу орталығының қызметкерлері Елбасының Жолдауын шынайы қолдайтындарын жеткізіп, пікірлерін білдіріп отырды. 2018 жылдың басты құжатын талқылап, оның түйінді тұстарын түсіндіруге арналған жиынды аймақтық оқу орталығының бастығы Ж. Жақсылықұлы қорытындылады.

Біз Президентіміздің биылғы Жолдауын талқылаудың ел ішіндегі көрінісін бір шолып шығуға тырыстық. Жолдау жарияланған бір ай ішінде біз еліміздің түкпір-түкпірінде қызу талқыға түскенін көрдік. Тіпті интернет іздеу жүйелерінде жер-жердегі тақырыптық шаралар мен жиындар саны ресми мәлімдемелер мен құжаттардан анағұрлым көп. Бұл да Жолдаудың уақтылы жарияланып, кезекті рет азаматтарымыздың ойының үстінен шыққанының айқын көрінісі. Жолдау бей-жай қалдырған әлеуметтік топ та, тап та, маман да қалмады деуге әбден болады. Пікірталас жиындарында кәсіпкерлерден бастап, құрылысшыларға дейін бар. Биылғы Жолдауды талқылауда әсіресе жастардың ерекше үн қатып, бой көрсеткендері қуантады. Ол дұрыс та, білім мен ғылымға, төртінші революцияға басымдық берілген бұл құжаттың үдесінен шығатындар да осы жастар.