2018 жылғы 10 ақпандағы Жолдауында да мемлекет басшысы осы мәселені ерекше атап өткен болатын. Қазақстан халқының Ассамблеясының XXVI сессиясында да Президент осы мәселелер бойынша түйінді сөз сөйлеп, қазір қолға алынып жатқан әлеуметтік бес бастаманы таныстырып өтті. Мемлекет басшысы бұл бастамаларды әрекеттер алгоритмі ретінде баяндап берді.
«Бірінші бастама баспанасы жоқ адамдарға жаңа мүмкіндіктер беріп, тұрғын үй ипотекасының қолжетімді болу мәселесін шешеді. Бәріміз жайлы тұрмыс үшін баспананың алатын орнын жақсы түсінеміз. Сондықтан мен бұл бағдарламаны бірінші орынға қойдым. Жұмыс істейтін кез келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипотекаға қол жеткізе алуы – айрықша маңызды. Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған азаматтарымыз. Олар мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады. Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан аспайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді», – деді мемлекет басшысы.
Ал екінші бастама — жалақысы төмен еңбеккерлерге салынатын салықты азайту. Бұл орайда мемлекет жеке табысқа салынатын салықты азайтып, оның есебінен 2 млн-нан астам азаматтың айлығы өседі. Салықтың мұндай прогрессивті моделі бұрыннан бар, енді міне, ол бойынша нақты қадам жасалып отыр. Оның мазмұны — адамның табысы жоғарылаған сайын, төлейтін салығы да өсе түспек. Екінші бастама бойынша кереғар пікірлердің бар екенін, және олармен таныс екенін атап өтті мемлекет басшысы. Президент бұған байланысты жауабында, табысы төмен азаматтардың мүддесі үшін салық салуды осылайша өзгертудің бәрібір тиімді екеніне сенімді екенін алға тартты.
Үшінші бастама азаматтар үшін жоғары білімнің қолжетімділігі. Бұған қоса, қолжетімді болғанымен қоса, ол білім сапалы болуы керек. Елбасы келтірген мәлімет бойынша, Қазақстан гранттар санын 3 еседен астам арттырған, және әсіресе техникалық мамандықтарға басымдық берілген. Осы мәліметтерді келтірген Н.Ә. Назарбаев, бұл тұрғыда тапшылық боп отырғанын да жасырмады. Айталық, елімізде гуманитарлық білімге сұраныс әлі де көп. Ал солардың ішіндегі заңгер, экономист сияқты мамандар жетіліп-артылады.
Осы сөзінде мемлекет басшысы неліктен жас талапкерлердің отандық жоғары оқу орындарын таңдағаны дұрыс екенін айтты.Себебі жыл сайын артып келе жатқан білім сапасы — ең алдымен отандастарымыз үшін. Бұл орайда оқу орындарын жарақтандыру ісі де жолға қойылып отыр. Енді оқу орнының аумағында тұрмыс-тіршілік етіп, білім алу моделіне басымдық берілмек. Бұған қоса, фундаменталды гуманитарлы еңбектердің «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қолға алынып, бұрын ғылым үшін, ғалым үшін таңсық еңбектер қазақша сөйлеп жатыр. Осы шараларды ерекше атап өткен Президентіміз білім деңгейінің артатынына сенім білдірді.
Төртінші бастаманы — еліміздің тұрғындарының әл-ауқатын арттыу шараларынан бөлек қарау мүмкін емес. Шағын несие беруді ұлғайту және жеңілдету арқылы жұмыспен өзі өзі қамтығандар мен жұмыссыздар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту көзделіп отыр. Бұл жөнінен мемлекет басшысы Үкіметке — жеңілдетілген несие алушылар санын екі есеге ұлғайту жөнінде тапсырма да берді. Бұл шараның әсіресе ауылдық жердегілерге көмегі болатынын атап өтті Елбасы.
Кәсібі бардың өзінің нәсібі болатынын медет тұтып жүретінін білеміз. Ол үшін мемлекетіміз түрлі бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын жасап отыр. Н.Ә. Назарбаев осы тұрғыда атқарылып жатқан істерге бір тоқталып өтті.
Мысалы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатардағы азаматтарды кәсіпкерлікке үйретіп, машықтандырып, әлеуметтік әл-ауақтты артыру бағытында сүбелі үлес қосып келе жатыр. Бүгінде кәсіпкерліктің әліппесінен бастап оқып, нақты кәсіп түріндегі әрекеттерді меңгеріп шыққан азаматтар көп. Келесі саты — сол азаматтардың кәсіптеріне немесе жобаларына алғашқы инвестициялар керек. Мемлекет басшысы несиені ең алдымен соларға беруге ұсыныс жасады. Президент аймақтарда стартаптар мен кәсіпкерлік жобалар бар екенінен хабардар екенін алға тартты. Ал соларға қарап, өз кәсібін ашпақ ниеті болатындардың да саны артатыны белгілі. Бұл үшін мемлекетімізде мейлінше жағдай жасалғаны туралы айтылды.
Ал соңғы, бастамалардың бесіншісін соны деуге әбден болады. Себебі еліміздегі елді-мекендерді әрі қарай да газбен қамту мәселесі — тура тұрмыстық деңгейдегі мәселелерді шешуге бағытталған. Егемендік алған кезеңдерден бері мемлекетіміз ірі мұнай-газ өндіруші алпауыттардың бірі болды. Алайда кен орындарымыздың басым бөлігі Қазақстанның арқасы мен орталық аймақтарынан шалғайда жатыр. Бұрын мұндай ірі жобаны жүзеге асыру үшін құбыр тасымалын ұйымдастыруға қаражат жетпеген еді. Қазіргі ахуал болса, енді елді-мекендерді газбен қамтуды кешенді түрде қолға алуға мүмкіндік беріп отыр. Үкімет Солтүстік Қазақстан мен орталыққа қарай газ құбырын жүргізуді жоспарлап қойды. «Сарыарқа» деген атау алған бұл жоба осы, 2018 жылдың шілде айында басталайын деп жатыр.
Мұның нәтижесінде дәстүрлі түрде газы болмаған аймақтардағы халық көгілдір отынның игілігін көрмек. Сонымен бірге — ішкі тұтыну көлемінің артуы, құбыр бойындағы мердігерлік жұмыстардың көбеюі арқылы халықтың әл-ауқатының көтерілуіне жаңа серпін беріледі. Ал дәстүрлі түрде тас көмір жағып келген аймақтардағы экологиялық ахуалдың жақсаратыны — өз алдына.
Қорыта келгенде, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы негізінен әлеуметтік жоба болып отыр. Оның барлық пункттерінде қатардағы азаматтардың әл-ауқатын арттыру, болашаққа деген сенімін арттыру мақсаты тұр. Жоба аясында қоғамның барлық таптары қамтылады. Президент өз кезегінде осы жалпыұлттық жобалардың жүзеге асуын ҚХА-ның ат салысып, олардың «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, бақылауда ұстауын нақты тапсырды.
Әрине, мұндай ауқымды жоба үшін үлкен шығынның болатыны сөзсіз. Жалпы осы жобалар үшін 2,6 трлн-нан астам қаржы бөлінеді. Мұның өте ірі қаржы екенін, азаматтарымыз бен олардың келешегін қамтамасыз етуге құйылған қаражат деп түсіну керек. Осы мәліметтерді келтірген Президент әлеуметтік бағыттағы мұндай бағдарламаның алдағыф уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Қазақстандықтар бүгінде ел үкіметінің қадамдарын жіті бақылап, оларға міндеттелген тапсырмалардың орындалу деңгейіне зер салып отырғандығын да айтты. Азаматтарымыздың осындай қоғамдық белсенділігін есепке ала отырып, ҚХА отырысына Ұлттық Банк төрағасы мен Үкімет басшысын қатыстырып отырмын», — деді ол.
Осы орайда қатысып отырған салалық министрлер де баяндама жасап, онда Ұлттық Банк төрағасы Д. Ақышев пен БжҒ министрі Е. Сағадиев те Ассамблея өкілдерінің осы Бес бастаманы жүзеге асырудағы рөлі туралы түсіндіріп өтті.
Жиын қорытындысында мемлекет басшысы отанымыздың дамуы үшін нақты міндеттерді орындау керектігін алға тартып, ҚХА-ның атқаруы тиіс айқын тапсырмаларды ашып айтты. Сайып келгенде Ассамблея — 6 мыңнан астам бірлестіктер мен кеңестерден тұратын үлкен ұйым. Ендеше осынша мүмкіндікті, әсіресе аймақтардағы белсенділікті оңтайлы пайдалану үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгеріс жасалған еді. Елбасы — бұл заңды парламент қабылдағаннан кейін, осы XXVI сессия алдында қол қойғанын, заңның жаңа нұсқасындағыв қарарларды іске асыру үшін айқын жоспар қажеттігін атап өтті. Айталық, аталған мыңдаған бірлестіктер, этномәдени орталықтар, кеңестер мен Достық үйлері қоғамның түрлі саласында жұмыс атқарып келеді. Президент жолға қойылған осы жұмыстарды тоқтатпау керектігін айтты.
Ассамбеля отырысында үлкен өкілдікпен отырған Үкімет үшін де осы әңгіме аясындағы тапсырмалар айқындалды. Мемлекет басшысы Қазақстандағы ұлттардың мәдениетін дамыту үшін олардың тарапынан мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды жинауға нұсқау берді. Сонымен бірге, отырыс барысында аты аталып, әбден айқындалған — әлеуметтік бірлікті нығайту жұмыстарын есеп ала отырып, ҮЕҰ үшін бөлінетін гранттардың мазмұнын жетілдіріп, кеңейту міндеттелді. Ал Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ҚХА және «Нұр Отан» партиясымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды дамыту үшін ғылыми-ағарту жобасын дайындауға тапсырма алды. Сонымен бірге, аталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түйінді тұстары және отырыс барысында мәлімделген әлеуметтік саясатты ескере отырып, ҚХА-ның осы уақытқа дейін пайдаланып келген 2025 жылға дейінгі даму жоспары мен тұжырымдамасы әрі қарай жетілдірілетін болып келісілді.
Бұған қоса, ҚХА меморгандармен тізе қосып, қайырымдылық шараларын жалғастыра беруі керек. Айталық, 2017 жылы 60 мың аз қамтылған отбасы мен 8 мың әлеуметтік бағыттағы ұйым көмек алған екен. Сонымен бірге, ҚХА жастарды рухани жаңғыру туының астында жастарды біріктіруге ат салысуы керек. Ол үшін Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жаңа жастар қозғалысының маңызы ерекше аталды. Бұл шара бойынша жастарға тән ерік-жігерді әлеуетті стартаптарға жұмсау мәселесі де айтылды.
Жалпы, ҚХА XXVI сессиясы кезінде бұл ұйымның этносаралық келісім аясынан шығып, үлкен қоғамдық күшке айналғаны айқын көрінді. Мысалы, мемлекет басшысы Ассамблеяның еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан Қоғамдық Келісім кеңестерін жергілікті бюджетті қадағалап, қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға шақыратынын айтты. Бұл кеңестер әсіресе ауылшаруашылық саласындағы жаңа технологияларды дамытуға жауапты болады. Өз кезегінде осы арқылы — жергілікті өзін өзі басқаруды ілгерілету, Мемлекет басшысының Жолдаулары мен бастамаларының жүзеге асыру көзделуде.
2018 жылы Астанамыздың 20 жылдығы салтанатты аталып өтеді. О баста бейбітшілік пен таиулықтың символындай болған елордамызға енді астаналық Ассамблея керек. Ол үшін Мәдениет және Спорт министрлігі мен Астана әкімдігі жұмыла отырып, эталон ретіндегі Ассамбеляның бағдарламасын дайындауы тиіс. Бұл үшін Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» ыңғайлы екенін алға тартты Елбасы. Бұған қоса, 1 наурыздағы «Алғыс айту күніне» арналған ҚХА-ның мультимедиалық порталы жасақталмақ. Бұл порталды Ақпарат және коммуникациялар министрлігі еліміздің ақпарат айдынында насихатталуын жүзеге асырады. Атап айтқанда, аталмыш ведомство бейбітшілік және келісім тақырыптарындағы әлеуметтік сипаттағы роликтер тізбегін жасақтауға нұсқау берілді.
Ассамблеяда аңдалған тағы бір бағыт — қоғамдағы ауызбіршілік енді ғылыми негізде зерттеліп, сарапталып тұратын болады. Бұған ҚХА ғылыми-сараптамалық қауымдастығы мен, Президенттің нұсқауы бойынша құрылған этносаралық қатынастар мен мәдени және демография жөніндегі Орталықтар жұмылдырылып келеді. Сонымен бірге жоғары оқу орындарындағы ҚХА кафедралары мен Ассамбеляның орталықтары да осы істе күш біріктіргелі отыр. 2017 жылы ҚХА-ға қарасты құрылымдар тақырыптары бойынша бірнеше кітап пен жүздеген публикация шығарған. Мемлекет басшысы бұл жұмыстың енді жүйелі жүргізілуі тиіс екеніне нұсқады.
Сессия соңында Н.Ә. Назарбаев қоғамдық келісім мен үдемелі дамудың біздің бүгінгі жетісіктеріміздің басты себебі екенін айтты. Заманауи мәселелер алдында Қазақстанды біртұтас ұлт ретінде жұмылдыратын алғышарттардың бар екеніне сенім білдірді. Ел бірлігі — жаңа Қазақстанды дамытудың алдыңғы қатарлы шарты, солай болған және болып қала бермек деді ол. Президент сонымен бірге қазақстандықтарды бірлік мерекесімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
Қазақстан халқының XXVI сессиясына 1 500-ден астам түрлі ұлт өкілдерінен тұратын делегаттар қатысты. Еліміздің барлық аймақтары, сонымен бірге — Үкімет мүшелері, Мәжіліс депутаттары, түрлі деңгейдегі атқарушы органдардың өкілдері, діни, этномәдени бірлестіктердің, ҮЕҰ, елшілер, ғалымдар мен зиялы қауым да қамтылды. Қорытынды бойынша ҚХА Үндеуі қабылданды. Онда делегациялар Президентіміз атап өткен бастамаларды қолдауға үндеу тастады. Сессия мерекелік концертпен және тақырыптық фото көрмесімен аяқталды.