15 мамыр күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы – Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесіндегі смарт технологиялар» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара мақсаты – білім беруде педагогтардың смарт техникаларды қолдану сауаттылығын арттыру және кәсіби қарым-қатынасты нығайту.
Конференцияда институт директоры Софья Ізмұханбетова 2012 жылы «Өрлеу БАҰО» АҚ облыстық филиалының ғылыми-әдістемелік тақырыбы ретінде «SMART education үдерісін енгізу жағдайындағы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың педагогикалық және технологиялық негіздері» болып бекітілгеннен бері әртүрлі деңгейде іс-шаралар қолға алынғанын айтты.
«Ақпарат тасқыны орын алып отырған кезеңде смарт-технологиялар арқылы мұғалімдер уақытын ұтымды пайдаланып, оқушыларға терең білім бере алады. Мемлекеттік бағдарламалар мен білім беру стандартына сәйкес мұғалімдер функционалдық сауаттылықты меңгеруі тиіс. Яғни мұғалім белгілі бір пәнді меңгеріп қоймай, жан-жақты болуы керек. Институт жүргізетін курстарда қашықтан оқытудың тиімділігі жөнінде айтып, жаңа технологияларды қолдану жайын қамтимыз. Біздің филиалда 100-ге тарта қызметкер бар. Оның 75 пайыздайы оқытушы-тренерлер. Жылына 3 мыңнан астам мұғалімді жаңа білім беру стандартына сай оқытамыз. Одан тыс ақылы курстар да бар», – деді «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның филиалы – БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры С.Ізмұханбетова.
Конференцияда институт директорының оқу-әдістеме жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин соңғы жылдары цифрлық технологияларға негізделген «Сабақ жоспары», «Математика оқулығы», «Қашықтық курстары», «Бірге оқимыз» атты инновациялық жобалардың жүзеге асырылып жатқаны жөнінде баяндады. Оның сөзінше, «Математика оқулығы» жобасы бойынша 1940-2015 жылдары елімізде басылған барлық математика оқулығы жинақталып, сандық цифрлық форматқа көшіріледі. Оқулықтардың электронды нұсқалары арқылы бұрынғы және қазіргі білім беру жүйесіндегі артықшылықтарды салыстырып, сабақтастыруға мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта 130 математика оқулығы институт сайтына жүктелген. Жоба нәтижесі кейін ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынылады. Институт кітапханашылары И.Бадақова мен А.Нұрланбаева бастамасымен «Бірге оқиық» жобасы аясында қазақ әдебиеті туындыларын ұжымдық оқу, талдау, және қоғамға насихаттау қолға алынған.
Айта кетейік, конференцияға облыс орталығындағы білім беру ұйымдарынан келген 120-дан астам педагог маман қатысты. Институт басшылығы Орал қаласындағы 40-тан астам білім беру ұйымдарының өкілдерімен меморандумға қол қойды.