Шынымен, егер бұл бағдарламаның ел азаматтарының тұрмысын жақсартатын әлеуеті болмаса, «цифрлану» сәнді тренд болып қала бермек. Әлеуметтік мазмұны ерекше болып тұрған осы Жолдау аясында цифрланудың экономикалық пайдасы жөніндегі мағлұматтарымызды бір пысықтап алсақ дейміз. Ол үшін ғылыми мақалалар мен монографиялардың көмегіне сүйеніп отырмыз.
ЦИФРЛАНУДЫҢ ШЫН ПАЙДАСЫ
Ол әрине, Елбасымыз өзі себеп-салдарлық байланысын көрсеткендей — ең алдымен азаматтардың әлеуметтік әлеуетінің артуы. Қатардағы тұрмыс кешіп жатқан жанның шенеуніктерден мейлінше оқшауланып, бюрократиялық, тіпті кей тұстарда — коррупциялық келеңсіздіктерге тап болмауы. Әрі, тіркеу қағазынан бастап, анықтамаларға дейін әп-сәтте алудың ең болмаса уақыт шығыны тұрғысынан пайдасы шаш-етектен.
Ал өнеркәсіптегі цифрлану — бұл азаматты мейлінше бірсарынды жұмыстан құтқарып қана қоймай, өнімнің үстіне айтарлықтай үстеме қосуға мүмкіндік береді. Бір мысал. Канадалық бір тұз кенішінде көп уақыт бойы тұзды қолмен сұрыптаған. Жұмысшылар конвейер бойын жағалап тұрып, тұздың қара түйіршіктерін қолмен алып тастап тұрады. Ол кезде кеніштегі ас тұзы өндірісі тәулігіне небәрі 500-600 килограмм болған.
Кейін осы кенішке компьютерленген сұрыптау жүйесі енгізілген. Онда тұз түйіршіктері арнайы оптикалық жабдықтан өтеді. Цифрлы бейне тану жүйесі қара түйіршікті «көріп» қалса — пневматикалық ауабүріккішпен атып түсіріп отырады. Нәтижесінде ас тұзының тәуліктік өндірісі 40 тоннаға жеткен! 600 кило мен 40 тоннаның айырмашылығы — бізге цифрланудан өндіріске келген пайданы көрсетеді.
Әрине, мұндай автоматтандырылған жүйелерге көшу үшін елімізде тарихи да, тұрмыстықтық та алғышарттар болуы шарт. Себебі әлемнің көптеген елдерінде кейде өндірісті цифрландырудан әдейілеп бас тартады. Жұмыссыздық болмауы үшін. Ондаған, тіпті жүздеген адамды ауыстыра алатын роботтарды атүсті қоюдың әлеуметтік проблематикасы бар. Бірақ біздер кәсіпкердің түбінде мол пайдаға ұмтылатынына, меркантилизм бәрібір жеңетініне сенеміз. Адаммен жабдықталған кәсіпорын адамның қадір-қасиетіне қарамастан банкрот болуы ықтимал. Себебі цифрлану арқылы өнімі мейлінше арзандаған өндіруші басқа нарықтар іздей бастайды. Әрине, ешқандай тұтынушы ешқандай себеппен анағұрлым қфмбат өнімді таңдамайды. Ендеше цифрлану — үлкен серпіліс пен секіріс жасау амалы емес, кәдімгі өмір шындығы. Онымен ұнаса да, ұнамаса да санасуға тура келеді.
Біз бүгіндері онлайн-банкингке әбден бой үйретіп алдық. Сайып келгенде, біз ғана емес, банктер де бұл үрдістен орасан зор қаржы үнемдеп жатыр. Бірнеше филиалды жабдықтауға, жүздеген, мыңдаған қызметкерлерді жалақымен, арнайы оқумен, т.б. керек-жарақтармен жабдықтау еш қаржы институтының қолынан келмейді. Елімізде банктердің көптігі де содан: себебі банк ашу үшін қажет фунционалдық жабдықтар алу қажеттілігі азайды, көптеген қаржы институттарымыз тек төлем картасын шығарып-ақ өмір сүріп жатыр. Бума-бума ақшамен касса жағалап жүру ендігәрі кешегі күннің көрінісі.
Қорыта келгенде, Қазақстанда цифрлануға алғышарттар әбден қалыптасып, дамуымыздың осы кезеңін оған көшуге ең оңтайлы сәт деуге болады. Себебі еліміз тозған жабдықтарын жаңадан жарақтап жатыр, ендеше бірден-ақ цифрлық технологияларға көшіп, бәсекеге өнімнің өзіндік құнының төмендігімен қабілеті болуға болады. Ал әдейілеп, осы кезден цифрлануды қолға алмасақ, біз цифрлануға көшкен елдермен бәсекелесе алмаймыз. Елбасының цифрлы экономика мен бәсекеге қабілеттілікті қатар айта жүруінің себебі де осы.
Әлем бойынша, цифрлануды мемлекеттік деңгейде қолға алған озық елдер болып Сингапур, АҚШ пен Ұлыбритания есептеледі. Себебі осы елдердің билігінде цифрлануға айқын акцент бар. Ал Ұлыбританияның цифрлану жөніндегі басты стратегиялық жоспары да бар, онда нақты міндеттер мен межелер қадап көрсетілген. Ендеше Ұлыбританияның цифрлану саясатын бір шолып өтейік.
Ұлыбританияның Цифрлы экономика стратегиясы
Ұлыбританияның цифрлы экономиканың даму стратегиясында бұл елдің әлемдегі киберкеңістікте үстемдік қылуын қамтамасыз ету басты мақсат екені ашық жазылған. Бұл арқылы еңбек өнімділігі артып, ақырында ұлттың гүлденуіне жол ашылады делінген. Яғни, ағылшын стартегиясы көп жерде Қазақстандық цифрлану моделімен үйлесіп тұр.
Дегенмен, бұл жолда Ұлыбританияның үлкен проблемасы бар. Оның электронды өндірісінің әлеуеті жоқ және ол бірден мойындалған. Бірақ ағылшындар оның есесін — статсистикалық сараптама, жасанды интеллекті дамыту арқылы қайтарып алуға бел буған. Ендеше, цифрлы әлемде барлығына орын да, мүмкіндік те бар. Осы орайда Қазақстанның цифрландыру бағдарламасын тым асқақ деп бағалау орынсыз екенін атап өтейік.
АҚШ-тағы цифрлық ахуал
АҚШ әрине, қай жағынан алып қарасаң да алпауыт ел. Ендеше, цифрлану нәтижесінде үлкен жетістіктері де бар. Тек 2014 жылы АҚШ шамамен 400 млрд долларға цифрлық қызметтер экспортталған. Қазірдің өзінде цифрлық өнімдердің экспорты АҚШ экспортының жартысын, ал жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын құрайды. Сарапшылар 2025 жылға қарай АҚШ-тың цифрлы өнім экспорты тіпті 2,2 трлн долларға жетеді деп болжап отыр. Ендеше бұл елде цифрлық экономиканың маңызы жете түсініліп, мемлекеттік Digital Economy Agenda бағдарламасы жасалған.
Бұл бағдарлама бойынша АҚШ интернеттегі, пошта тасымалындағы және ұйымаралық байланыс пен зат тасымалындағы үстемдігін үдетпек. Қазірдің өзінде Америка қоғамында — цифрлық дәуірдегі өмірге жеке бас құпиясы жөніндегі мәселелер талқыланып жатыр.
Сингапур мен Қытай
Бұл елдердің цифрлану үрдісінің декларативті жақтарының жоғарыдағы аталған елдерден айырмашылығы аз. Бұлар да дәл солай — өндірістің тиімділігін артып, ақылды ұлтқа айналатынын мәлімдейді. Дәл сол уақытта бұл елдерде қазірдің өзінде үлкен жетістіктер бар. Сингапурға келсек, оның Ли Куан жасап кеткен моделі о бастан экономикалық есепті меңзейді, ендеше осы күннің өзінде бұрынғы реформалардан қалған әдістердің жемісін көріп отыр. Қытайда болса, үлкен ғылыми базис бар. Және айта кету керек — миллиардтан астам халықты мейлінше цифрлық үрдіске көшіруден пайда шаш-етектен болатыны қазірден түсінікті болып отыр. Әлемдік hi-tech, IT алпауыттарының осы елген қарай ұмтылатыны сол.
Бұлардан басқа, озық үлгі ретінде Еуропаның бірқатар елдері, мысалы, Германия аталады. Дәстүрлі технологиялық елдердің бұл жарыста оза шабатынына еш күмән жоқ.
Цифрлы Қазақстан — уақтылы қабылданған бағдарлама
Қазақстанда осы күннің өзінде автоматтандырылған жылыжайлардан бастап, үш-төрт оператордың қарауындағы тұтастай цемент зауыттары бар. Бірақ еліміздің дәстүрлі шаруашылығын, тарихи алғышарттардан қалыптасқан өндіріс мәдениетімізді жоққа шығаруға болмайды. Ендеше, Қазақстан үшін жоғарыда аталған елдердің тәжірибесінің әлдебір синтезі тиімді болатын сияқты. Мысалы, отандық өндірістен басқа, мамандарды әлемдік ойыншылардың өнеркәсіп ошақтарына жұмылдыру мәселенің шешімі болар еді. Себебі айталық, Шығыс Еуропа елдері өздерінің мамандарын Батыс Еуропа, АҚШ елдеріне интеграциялау арқылы әлеуметтік мәселесін оңтайлы шешіп жүр. Тек Украинадан шыққан мамандар ғана елге 2017 жылы 12 млрд доллар ақша жіберген. Осы күні АҚШ өнеркәсібінде полякты, үндіні, қытайлықты кездестіру таңсық емес.
Елбасымыздың 2018 жылғы Жолдауында цифрлы Қазақстан бағдарламасының ресми қабылданғанының жариялануы тегін емес. Бұл түбінде санасуға тура келетін жаһандық үрдіс. Бұл үшін қазірден бастап цифрланудың барлық циклі үшін мамандар дайындауды қолға алу қажет. Сонымен қатар — қолда бар дәстүрлі өндірістерімізді кезең-кезеңімен, импорттық тауарлардың баға саясатына қарай бейімдеп көшіре бастау міндет. Робототехниканың рентабельдігі адам нанғысыз қарынмен өзгеріп жатыр. Құрастыру-жинау технологияларын былай қойғанда, енді өндірістік роботтар кен игеру ісіне де ауыз салуы мүмкін. Бұл кезде тоннасынан 2 грамм алтын шығатын кеніш пен 8 грамм алтын шығатын кеніштің айырмашылығы болмай қалады. Себебі екі-ақ грамм болғанымен, оны роботтар асыра өндіріп тастауы мүмкін. Ал сегіз грамм алтын шығатын кеніш жаңа заман талаптары мен трендетірне ере алмай, рентабельдіктен айырылып, тұралап қалуы ғажап емес. Бұл жағдайда жері кедей боп есептелетін елдердің дәстүрлі қазба байлыққа негізделген экономикасы бар елдерді тұралатып жіберуі тек уақыттың талабы.
Ендеше, цифрланудың науқандық шара, кезекті бағдарлама емес, келешектің кепілі ретінде түсінетін кез әлдеқашан жетті. Бағдарлама аясында мыңдаған қыз-жігіттеріміз уақыт талабына байланысты әлемдік университеттерде оқып, цифрлы болашақта лайықты орынға ие болатындарына сенгіміз келеді.