Тарихқа көз жүгіртсек. Алғашқы өнеркәсіп революциясы 1760-1840 жылдар аралығында болды деп есептеледі. Оған мұрындық болған — теміржол құрылысы мен бу машинасының жасалуы, олар өз кезегінде механикалық өндірістің дамуына себеп болған еді.

Екінші өнеркәсіптік ревлюция болса, XIX ғасырдың аяғында басталып, XX ғасырдың басына дейін жалғасты. Электр мен конвейерлік өндірістің қарқынды дамуы арзан және қолжетімді тұрмыстық тауарлардың молаюына әкелді.

Үшінші өнеркәсіп революциясы 1960 жылдары басталды. Оны компьютерлік революция деп те атап жүр. Расымен, жартылай өткізгіштердің пайда болуы электронды-есептеу машиналарының деңгейін адам нанғысыз деңгейге көтерді. Ал сапалытедедидар мен радио тұрмыс шындығына айналды. Үшінші өнеркәсіптік революцияның шарықтау шегі — интернет желісінің пайда болуы.

Бүгін болса, біздер Төртінші өнеркәсіптік революцияның бастауында тұрмыз. Жаңа мыңжылдықтың басында басталған бұл үрдіс цифровизацияға негізделеді. Оны «Индустрия 4.0» деп те атайды. Баға қалыптастыру үрдісінің түбегейлі өзгеруі, тіпті пәлсапасының өзгеруі осы тұсқа тиесілі.

Жаңа, Төртінші өнеркәсіптік революцияның өзіндік қолтаңбасы бар, ол — таралу жылдамдығы мен орасан көлемі. Дегенмен барлық елдер бұл үрдіске бірдей қадам жасап келе жатқан жоқ. Сарапшылар, жердің 17 процентіне әлі Екінші өнеркәсіптік революция да барған жоқ деген мәліметтер келтіріп жүр. Себебі әлемде әлі де кәдімгі электрмен қамтылмаған 1,3 млрд адам бар.

Адамзаттың шамамен жартысы, яғни 4 млрд адам — әлі де Үшінші өндірістік революцияны күтіп жүр. Себебі олардың көбі осы күнге дейін интернет желісі жоқ елдер мен елді-мекендерде тұрады.

«Индустрия 4.0» мегатрендтерін әдетте үш блокқа бөліп қарайды. Олар: шынайы, цифрлы, биологиялық.

Шынайы көрініс беретін блокқа — пилотсыз ұшақтарды, 3D-баспаны, робототехниканы, жаңа материалдар жатады. Бұлардың барлығы уақыт пен кеңістікте орны бар материалдық дүниелер.

Цифрлық блокта — технологиялардың өзара цифрлық байланысын, мысалы, сеносрлар арқылы әрекеттесуін айтады. Яғни, бұл көзге көрінбейтін, бірақ сонда да маңызды үрдістер.

Биологиялық блокта — медицина мен ауылшаруашылықта төңкеріс жасауға әлеуетті синтетикалық биология сияқты жаңалықтарды атайды. Бұл енді — біздің күнделікті тамақтану дағдымыздан бастап, өмір салтымызға дейін әсер ететін көрініс.

Жалпы алғанда, бұл тың өзгерістердің фундаменталды екенін атап өтуге болады. Бұл әрине, қарқынды дамудың жолындағы жетістік те, немесе үлкен қауіптер мен тәуекелдер кезеңі де болуы мүмкін. Сөйтіп, Төртінші өнеркәсіптік революция экономикалық дағдымызды, өмір салтымызды, жұмысшы күші нарығын түбегейлі өзгертеді. Бірақ тап сол кезде жаңа кезең кейбір мемлекеттерге талаптарды күшейте түседі, себебі олар жаңа заманда өз елінде тіпті басқаша жаңа стандарттарды енгізуге мәжбүр болады.

Қазірде, инновациялық экожүйе, халықаралық жаңа нормалар, цифрлы экономиканы пайдалануды қалыптастыра алған елдер одан үлкен табысқа кенеледі деп есептеледі. Керісінше, сәйкесінше жағдай жасай алмаған елдер жаһандық тенденциялардан құр қалып, оқшаулана береді делінеді.

Осы орайда Мемлекет басшысының 2018 жылғы Жолдауында 10 түйінді мәселе қойылған. Оларды шешу — Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революцияның белгілерін енгізуге ықпал етіп, еліміздің инновациялық экономикалар қатарына қосылуына жол ашатыны сөзсіз. Мысалы, цифрландыру мен индустриализация, шикізаттық индустрияның мазмұнын қайта зерделеу, агронеркәсіптік кешендерге «ақылды технологиялар» енгізу. оңтайлы транспорттық-логистикалық инфраструктура, құрылыс саласындағы және коммуналдық шаруашылықтағы заманауи технологиялар, қаржы саласының қайта жандануы — иноовацияның дамуына жаңа серпін беруге бағышталған. Айталық, 2030 жылға қарай балама энергияның үлесін 30 процентке дейін жеткізу мақсаты қойылған. Бүгінде елімізде жалпы қуаты 336 МВт болатын 55 балама энергияның нысаны бар. Жақында Астана қаласына жақын жерде, дәлірегі 40 шақырым жердегі Ақмола облысының Костомарь елді-мекенінде жалпы қуаты 100 МВт болатын, 10 мың үй шаруашылығын жарықпен қамтамасыз етуге қабілетті жел электр стансасының құрылы басталғаны ретінде ақпарат шықты. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында «Задария» күн электр стансасы салынып, еліміздің энергетикалық қоржынына тағы да 14 МВт қуат қосады деп күтілуде. Мұның барлығы еліміздің балама энергетиканы дамытуға белсенді ұмтылысының көрінісі, және мұндай жобалардың жыл сайын көбейе түсетіні сөзсіз.

Осы Жолдауда адам капиталын дамыту мәселесі де екпін түсіре айтылған. Білім беру жүгіртсекесі мен деңгейлерін модернизациялаудағы кешенді шаралар, денсаулық сақтау ісіне жаңа технологияларды енгізу, сапалы жұмыс орындары мен әлеуметтік қамтудың әділетті жүйесі бұл салаларды халықаралық стандарттарға жақындата түсетіні анық.

Төртінші өнеркәсіптік революция денсаулық сақтау ісіне де түбегейлі өзгерістер әкелетіні айқын құбылыс. Ендеше, Жолдауда денсаулық сақтау жөніндегі қарарларда — ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясы мәселесін шешу, мобил цифрлық программаларды енгізу, электронды денсаулық паспортын жасақтау мен «қағаз айналымы жоқ» ауруханалар жөнінде айтылуы кездейсоқтық емес. Жаңа заман талабына осылармен бірге — генетикалық сараптаманың жаңа технологияларын енгізу, аурудың алдын алу мен емдеуді жаңа сапалық сатыға бірден көтеріп тастайтін әлеуеті бар жасанды интеллект енгізу де сай үрдістер болар еді.

Бұлармен бірге, Жолдауда ерекше екшеп көрсетіліп кеткендей — оңтайлы мемлекеттік басқаруды қалыптастыру ісі де қатар жүруі керек. Себебі мемлекеттік басқарудың ақсауынан таза технологиялық тұрғыдағы жетістіктерді шайып кетуі ғажап емес. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың, парақорлықтың жойылып, заңның өз лайықты биігіне орнығу шартын қоып отыр. Осы тұста мемлекеттік қызмет түрлерін дебюрократизация жасау үшін оны цифрландыру мәселесі де алғашы шығады.

Ақыры, жаңа тенденциялардың ағынына сәйкес — «ақылды қалалар» салу мәселесі де қалқып шығады. Себебі аймақтық дамудың локомотиві дәл осы «ақылды қалалар» болады деп есептеледі. Инновация мен өркениет елдің аймақтарына бірдей таралып, тұрмыс жағдайын жақсарту бүкіл ел аумағында біркелкі әрі барлығы үшін бірдей жүруін қамтамасыз етеді. Бұл жерде Астана қаласының мысалындағы сәтті шараларды Қазақстанның барлық қалаларына тарату ойда бар. Осы мәселе бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы қалалары шамшырақ бола алады. Мысалы, Синапур мен Барселонада мәліметтер жинап, сараптау негізіндегі қызметтер енгізіліп жатыр. «Ақылды» жүйелер автотұрақ үлестіруден бастап, қоқыс жинау мен жарықтандыру ісіне дейін кеңінен қолданылады. Бұл қалалар мәліметтер жинайтын сенсорлар желісін кеңінен таратып, есесіне қандай да бір мәселе бойынша толыққанды ақпарат жинап отыр. Олардың тәжірибесі біздің еліміздегі «ақылды» қалаларды дамытуға тамаша үлгі болатыны күмәнсіз.

Әрине, осы басымдықтарды жүзеге асыру барысында бәрібір азаматтық қоғамның сұраныстары бірінші басымдыққа ие болады. Ал азаматтық қоғам — ондағы ұлтаралық, конфессияаралық татулықсыз, бейбітішілік пен келісімнің ортақ мүдде болмайынша тіпті мүмкін емес. Жолдауда бұл қоғамдық игіліктердің сондықтан да басты құндылығымыз болып қалатыны нақты жазылған.

Қорыта келгенде, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Төртінші өнеркәсіптік революция кезіндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы Жолдауы әдеттегідей — заман талабына сай болып, үдеден шығып тұр. Соның арасында ол — бұрын қабылданған стратегиялық құжаттардағы міндеттер мен мақсаттарды жоққа шығармай, үндесіп жатыр. Жолдау-2018 — жаңа әлемге бейімделу мен дамудың сапалы сатысына көтерілудің даййын формуласы іспетті.

Саяси жолды сәтті таңдау нақты мемлекет немесе аймақтың технологиялық революция беретін мүмкіндіктерді пайдалана білу деңгейіне тікелей әсер етеді. Бұл тұрғыдан мемлекет басшысының бұл құжатының стратегиялық маңызы бар. Құжат — нақты әрекеттер айқындалған бағдарлама. Онда жаһандық үрдістердің барлығы ескерілген. Енді бізге тек осы құжаттың қарарларын орындауға оңтайлы жағдайлар жасап, көрсетілген міндеттерді орындауға ештеңе кедергі болмайтын құқықтық және басқа да алғышарттарды жасақтау қалып тұр. Және бұл жұмыстан мемлекеттік органдар да, бизнес те, азаматтық қоғам да тыс қалмақ емес.

Біз бірінші өнеркәсіптік революцияға дейін адамның табиғатынан күшті болып тууының шарты болғанын айтпадық. Себебі ол тура түсінікті де: адам баласы кәдімгі қара күшін тамақ пен киімге айналдыратын замандар болғаны анық қой. Мықты болсаң – мейлінше ласықа жүресің, жүкті көбірек тасисың, ендеше сәйкесінше – табысың да көбірек болады. Ол замандарда әлсіз болсаң – күнкөріс мүшкіл, егер тіпті мүмкін емес болмаса. Оны кез келген халықтың төл мәдениетінен, аңыз-әфсаналарынан айқын көруге болады. Ал қазіргі таңда білім мен ғылым бірінші орынға шықты. Өнеркәсіп алаңдарындағы ғаламат күрделі технологиялар жаңа заманда мыңдаған адамды алмастырып, еңбек құнын мейлінше арзандатып отыр. Ал мұндай мүмкіндік тек инженерлік білім мен зерттеулердің ғана нәтижесі.

Білімді жинақтау және оны қажет деңгейде ұйымдастыра білу, салаларалық білімді дамытып, оған әрдайым сараптама жасап, ұштастырып отыру — бүгінгі күннің шындығы. Қазірде адамзат Big Data-ға негізделген сананы қолдануға ілдеқашан көшті. Бүгіндері жалғыз данышпандардың емес, білімін ортақ мүддеге тоғыстырып, нәтиже шығара білетіндердің заманы. Нақты мәселе бойынша әркімнің білетін мен мүмкіндіктері ортақ қазанға салынып, шешімін табады. Космостық технологиялар мен кәдімгі компьютерлерді – бұрынғыдай дара данышпандардың жасауы тіпті мүмкін емес.

Бұл шолуда кез келген балгер мен сарапшының басты қатесін қайталап – тарихи үрдіс қандай да бір заңдылықтармен түзу бойымен жүріп отырады деп топшыладық. Ешкім күтпеген — Бесінші өнеркәсіптік революцияның күні ертең есік қағып тұруы ғажап емес.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!