«Енгізіліп отырған өзгерістердің басты мақсаты — бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу. Заңда мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Құқық бұзушылықтың алдын алатын профилактикалық бақылау институтына баса мән берілген. Табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан көрсетілетін қызметтер реттеледі», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнес шығындарын жаппай төмендету жөнінде заңда қарастырылған шаралар мен бәсекеге кедергі келтіретін нормалардың алынып тасталғаны туралы айтты.
«Осы заң арқылы 14 кодекс пен 109 заңға шамамен 1 мыңға жуық өзгеріс енгізіліп отыр. Осы өзгерістердің бәрінің діттеген мақсаты бизнесті дамыту үшін мейлінше қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі мемлекеттің басты стратегиялық бағытына толық сай келіп отыр. Қазіргі уақытта іскерлік белсенділікті күшейту және жұртшылықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану аса маңызды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.