Ерлер сәні әйелдердікі сияқты сондай алуан түрлі емес. Еркектер сымды көйлекпен, ал шолақ шалбарды белдемшемен алмастыра алмайды. Сондықтан оларға киім таңдауға аса ұқыптылықпен қарау керек. Мысалы…

Бойыңыз ұзын болса: Киімдеріңіз сызықты болмасын; Алды ұзын әрі үшкір аяқ киімдер кимеңіз; Тік, көлденең және диагональ төртбұрыштарға толы костюмдерді жалпы қыдырғанда ғана қолданыңыз; үш түсті сәйкестендіріп киініңіз. Костюм-шалбарыңызға көйлегіңіздің түсі сәйкес келіп тұруы керек.

Бойыңыз қысқа болса: Денеңізге жіңішке сызықты киімдер киіңіз; Тік қою түсті киімдер қолданылуы керек; Костюм 2 немесе 3 түймелі болып, оның тік бұрышты иығы болуы керек. Костюм беліңізге дейін түсіп тұрса жетеді, ұзын костюмдерден сақ болыңыз; Жағасы жіңішке сызықты көйлектер таңдалуы қажет.

Рамиз Ахмедов
Рамиз Ахмедов ©Айгүл Хожантаева

Киім алу үшін арнайы шопингке шығып көрмеппін

Аксессуарларға деген құштарлығым кішкентай кезімнен басталды. Әсіресе сағат пен жүзікті ерекше жақсы көремін. Қарапайым емес, үлкен тасы бар, көзге түсетін жүзіктерді таққанды ұнатамын. Жастайымнан аксессуар тағып үйренгеннен кейін, қазір оларсыз далаға шықпаймын. Арнайы дизайнердің оқуын оқымадым. Жастайымнан талғамым осындай. Сауда орталығында жүргенде әдемі костюм көріп қалсам, оған қандай галстук, жейде, тіпті қандай шұлық кию керектігіне дейін елестетемін. Қатты ұнатып қалсам бірден сатып аламын. Нақты бір жерден ғана киінемін деп айта алмаймын.

Киімдерім көп болғанымен, ешқашан арнайы киім сатып алу үшін уақыт бөліп, шопингке шығып көрмеппін. Барлық киімім кездейсоқ алынған.

Рамиз Ахмедов
Рамиз Ахмедов ©Айгүл Хожантаева

Талғамың жақсы болса, қарапайым дүкендерден-ақ киінуге болады

Жүзікті арнайы тапсырыспен жасатамын. Басында үнемі Түркия еліне тапсырыс беретінмін, ал қазір Қазақсанда жасатамын. Алдын ала киім дайындамаймын. Таңертең қандай көңіл-күйде болсам, соған сәйкес киім киемін. Көшеде адамдардың маған жиі қарайтындарын байқаймын. Маған ол ұнамайды және олардың көздеріне түсіп, назарларын аудартпау үшін жүзіктерімді шешіп немесе теріс қаратып қоямын.

30-ға жуық аяқ киімім, 12 костюмім, 4 жүзігім, 8 сағатым бар. Ең қымбат костюмімнің бағасы 700 евро. Негізі әдемі киіну үшін көп ақша қажет емес. Талғамың жақсы болса, қарапайым дүкендерден-ақ киінуге болады.

Рамиз Ахмедов
Рамиз Ахмедов ©Айгүл Хожантаева

Менде бар киімді басқа ешкім кимеуі тиіс

Киім киерде ұстанар бір ережем бар. Киімнің қайда сатып алынғаны маңызды емес, бастысы менде бар киімді басқа ешкім кимеуі тиіс. Егерде тап менікіндей костюмді немесе жейдені тағы біреуден көретін болсам, екінші мәрте ол киімді кимей қоямын. Кейде сатып алынған киімді араға жылдар салып, бірақ киемін. Себебі ол уақытта бұл киімді ешкім киіп жүрмейтініне сенімді боламын.

Дизайнерлер психолог сияқты болуы керек

Дизайнерлердің арасында ешкімнің жұмысы ұнамайды. Себебі талғамдарымыз сәйкес келмейді. Дизайнерлер жұмыс барысында көп қателіктер жіберіп жатады. Адамға жаңа кейіп құрмастан бұрын, адамды толығымен танып білуі тиіс. Яғни, бір жағынан психолог бола білу керек. Әр стилист өз талғамы бойынша киіндіреді. Оған ұнаған дүние, басқаларға ерсі болып көрінуі мүмкін. Олар бұған көп бас қатыра бермейді. Жеке басым олай істей алмаймын. Киген киімім өзіме де, өзгеге де ұнауы тиіс. Бастысы өзімді сол киімде ыңғайлы сезінсем болғаны. Киім сатып алар кезде, оған сай келетін киімімнің бар-жоғын ойламаймын. Кейбір бренд компаниялардың киімі мүлдем ұнамайды. Бастысы киімнің қымбат болғаны емес, ыңғайлы болғаны маңызды.

Рамиз Ахмедов
Рамиз Ахмедов ©Айгүл Хожантаева

Достарыма, әйеліме киім таңдауға көмектесемін

Саудаласқанды жақсы көремін. Сауда үйлерінде саудаласа алмайсың, ал мүмкіндік болса 50 теңге болсын түсіртіп аламын. Достарыма тойға костюм, спорттық немесе сырт киім таңдаудан үнемі көмектесемін. Кәсіпкер достарым тауар алуға барғанда менен кеңес сұрайды. Әйелім де киім аларда менімен ақылдасады.

Егер адам өзіне сенімді болса, ол не кисе де оған жарасымды болады.

Рамиз Ахмедов
Рамиз Ахмедов ©Айгүл Хожантаева

Оқытушы дегенде көбі қарапайым киінетін адамды елестетеді

Мамандығым маркетолог. Қазір Сүлеймен Демирел атындағы университетінде оқытушы болып істеймін. Жұмысымның шығармашылыққа ешқандай қатысы жоқ.

Оқытушы дегенде көп адамдар көз алдына қарапайым киінетін, сәннен хабары жоқ адамды елестетеді.

Менің ойымша, адамның сырт-келбеті жастарды шабыттандырады. Сондықтан киім кию үлгіме еш ыңғайсызданбаймын. Маған кейбір әріптестерім: «мен сенің кигенінді кимес едім», — деп айтып жатады. Әрине, кимейді! Себебі олар сонау 60-жылдарда қалып қойған (күліп).

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!