Жаңа орталық зейнеткерлерге спортпен айналысып, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде қаладағы белсенді ақсақалдардың бастамасымен бас қосатын бірнеше орын пайда болды. Қала орталығындағы саябақтың бұл алаңқайы қашан денсаулық бұрышына айналғаны ешкімнің есінде жоқ. Көп жылдан бері күн сайын 100-ге тарта зейнеткер осы жерге келуді дәстүрге айналдырған.
Әлия Қуанышқызы спорттық жаттығуларды 5 жылдан бері жанына серік етіп келеді. Алғашында аяғы ауырғандықтан жаттығуларды орындықта отырып жасаған 72 жастағы әже, қазір денсаулығының түзеліп қалғанын айтады.
«Таңертең екі-үш айналып, әліміз келгенше жүреміз. Содан кейін осы зарядкаға келеміз. Бір күн келмей қалсақ, үйде отырып та зарядканы қайталап отырамыз. Үзбеу керек. Отыра берсең, отыра бересің. Теледидар мен диванға жабысып алсаң, ол денсаулық болмайды. Міне, денсаулық деген осы»,-дейді қала тұрғыны Әлия Қуанышқызы.
Шахматтың көрігін қыздыратын қариялардың да бұл жерді тұрақты мекен еткендеріне 10 жылдай болыпты. Ойыннан бөлек жүздесіп, әңгімелесетін ақсақалдар осы жерге келіп, бірауық серігіп қайтатындарын айтады.
Алдағы уақытта белсенді қарттардың қатары көбеймек. Маусым айында қалада зейнеткерлердің өмір сапасын жақсартуға арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылады. Ол жерде қариялар шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, дене шынықтыру курстарына тегін қатыса алады.
Алатау ауданындағы №23 емханадағы денсаулық бөлмесіне жиі келетін ата-әжелер дене жаттығуларының денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдеп келеді. Айта кетейік, бір ай бұрын ауданда «Дәрісіз 100 жасаймыз» жобасы қолға алынды. Жоба аясында қариялар күн сайын саумал ішіп, бассейнге барады. Жақсы бастаманың нәтижесі күзде белгілі болады.