Экспедиция БҚО-ның Қаратөбе, Жаңақала, Қазталов аудандарына, РФ-ның Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылына барған болатын. Экспедицияның мақсаты — «Күй атасы» атанған, ұлы күйші — композитор, дәулескер домбырашы, өнерінен өнеге дарыған Құрманғазы Сағырбайұлының ғұмырнамасының ақиқатын, күйлерінің шығу тарихын, шығаршашылық-қайраткерлік болмысын сипаттау бағытында зерттеп-зерделеу болды.
Топ мүшелері алдымен Қаратөбе ауданына, Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйші кесенесіне барып тағзым етті. Онда өткен «Құрманғазы күйлерінің шығу тарихы» атты дөңгелек үстел отырысында Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің құрылуы тарихы әңгімеленіп, Құрманғазы домбырасының көшірмесін жасаған танымал күйші, республикалық «Үкілі домбыра» байқауының екі мәрте жүлдегері Едіге Нәбиев домбыраның (жәдігер) жасалуы, бұл жәдігердің құндылығы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Одан әрі Жаңақала ауданындағы күйшілер Мәмен, Тұяқберді Шәмелов кесенелерінің басына тәу етілді. Дина Нұрпейісова атындағы өнер музейінде «Күмбір күйдің кемеңгерлері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Күйшілер мекені -Жаңақала топырағында дүниеге келген күйшілер, Құрманғазының шәкірті Мәменнің ғұмыр дерегі, оның шығарған күйлері тарихынан сыр шертілді.
Дәл оыс тақылеттес тағылымды шара Қазталов ауданында да болды. Көктерек тарихи-өлкетану музейіндегі басқосуда ұлы күйшінің осы өңірдегі тыныс-тіршілігі туралы да қызықты дереткер айтылды.
Көктеректің Нарсойған сайында Құрманғазы болды деген жерге экспедиция мүшелері болашақты үлкен тоғайға айналысн деген ниетпен ырымдап көшет отырғызды. Бұдан соң күйшінің туған өңірі — Жиделі құмынан топырақ алынып, күй атасы жерленген РФ Астрахан облысының Алтынжар ауылындағы Құрманғазы мұражайына тапсырылды.
27-30 сәуір аралығында Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылында Экспедиция мүшелері баба басына тағзым етті.