Университет кітапханасына «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген 17 оқулық, әрқайсысы бірнеше данадан жеткізілген. Барлығы 1504 дана кітап келген.
«Бұл жаңа оқулықтармен студенттерді 100 пайыз қамти аламыз. Ғылыми кітапхананың қоры қазақ тіліндегі кітаптармен толығып отырғаны көңіл қуантады. Біздің кітапхананың оқу залы жазғы демалыста да жұмыс жасағандықтан, жаңа оқулықтармен танысқысы келген оқырманға қолайлы мүмкіндік туып отыр», – дейді университеттегі ғылыми кітапхананың директоры Т.Әлімбекерова.
Жиынға қатысушы оқытушы-ғалымдар өз пікірлерінде жаңа оқулықтардың жоғарғы сапасы мен мазмұн байлығына айрықша тоқталды.
«Қазақ тіліне түпнұсқадан аударылған жаңа оқулықтардың таныстырылымы студенттер, профессор-оқытушылар қауымы арасында өткізіліп отыр. Таныстырылымға университетімізге жеткізілген жаңа кітаптардың мазмұнына сай әр саланың мамандары шақырылды. Олар өз салаларында көптен бері қызмет етіп келе жатырған мамандар. Және ол оқытушылар студенттерге дәріс беру үрдісінде бұл оқулықтарды осыған дейін де пайдаланып келген еді. Олар бұл оқулықтармен түпнұсқа арқылы немесе орыс тіліндегі аудармасы арқылы таныс болатын. Енді қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтардың осыған дейінгі дәстүрлі оқулықтардан қандай айырмашылықтары, артықшылықтары бар, студенттердің оқу сапасын көтеруге қалай әсер етеді, жас ұрпақ бойына қандай құндылықтарды қалыптастыра алады деген сұрақтар бағытында өз ойларымен бөлісуде», — деді аталмыш оқу орнындағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев.
Айта кету керек, ғылыми кітапханадағы кітап қоры 1 млн. данадан асып жығылады, 500-ге жуық мерзімді басылымдарды жаздырып алады, 6 мыңнан аса оқырманы бар. Кітапхана ұжымы 2000 жылдардан бастап электронды каталог жасақтауға көшкен. Күні бүгінге дейін онда 170 мыңға жуық электронды жазба бар.