2050 жылға қарай Орталық Азия елдерінің халық саны қаншалықты өседі?

БҰҰ болжамына сәйкес, Орталық Азияда халық саны алдағы отыз жыл ішінде кемінде 26 миллион адамға өседі. Мәселен, Қазақстан тұрғындарының саны 17,5 миллионнан 23 миллионға өседі. Яғни, осы уақыт ішінде біздің елдің халқы 5,5 миллионға көбеймек. Қырғызстандағы халық саны қазіргі 5,8 миллионның орнына 8,1 миллион болуы мүмкін. Түрікменстанның демографиялық ахуалы да шамамен осылай өзгереді – 5,5 миллионннан 7,8 миллионға.

Ең ірі өсім Тәжікстан мен Өзбекстанда болады деген жорамал бар. Тәжікстанның халқы екі есеге жуық көбейгелі отыр: 8,5 миллионнан 14,5 миллион адамға. Ал Өзбекстанда тұрғындар саны 10 миллион адамға өседі – қазір 30,9 миллион болса, 2050 жылға қарай 40,9 миллион. Яғни, отыз жыл ішінде өзбек еліне қосылатын адам саны Қырғызстан мен Түрікменстандағы қазіргі халық санын қосып алғандағымен шамалас болғалы отыр.

Осы болжамға сәйкес, Ресейде демографиялық ахуал қиындай бермек. Бұл елдегі тұрғындар саны 2015 жылғымен салыстырғанда 10 миллион адамға азайып, 133 миллион болуы мүмкін. Ресей статистика мамандары 2017 жылы туу деңгейі 10%-ға құлағанын айтқан болатын. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Мамандар 2050 жылға қарай Жер шары тұрғындарының 74%-ы қалаларда тұратынын айтады.

Мамандардың болжамына қарағанда бұрынғы Кеңес одағының еуропалық бөлігіндегі өзге елдерде де халық саны азая бермек. Мәселен, Беларусь пен Молдованың әрқайсысында тұрғындар саны бір миллионға кемиді. Украинаның халқы бірден 8 миллионға азайып, 36,5 миллион адам болады. Латвия мен Литвада кему – 25% шамасында, бұл 500 мың адам деген сөз.

Дереккөзbaq.kz