Арбат

Арбат Алматы
©Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Арбат — Алматы қаласының визиткасы іспеттес. Биыл адам танымастай өзгерген Арбатта суретке түсуге және түсіруге арналған ғимараттар мен орындар көбейе түскен. Танымал фотографтардың объективіне жиі ілінетін өнер туындылары мен оны тудырушыларды да осы жерден табуға болады. Алғашында Арбат тек көше суретшілері мен музыканттарының мекені болса, қазір қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын орынға айналған.

Esentai Square

Esentai Square
©en.astengpro.kz

Қала ішіндегі Esentai Square шағын бағы Esentai Mall cауда орталығы мен Esentai Tower бизнес орталығының арасында орналасқан. Мұнда безендіру жұмыстары ерекше стильде жасалған. Аспанмен таласқан ғимараттар, жасыл желекті бақ, Хамит Ерғали жағалауы әдемі фотосессияға себепкер бола алады. Esentai Mall  сауда орталығының өзі де суретке түсуге ыңғайлы орын. Бұл жерден британдық суретші әрі мүсінші Ник Фиддиан-Гриннің «Тыныш су» дейтін өнер туындысын көруге болады. Аталған өнер туындысы жылқының басын бейнелеу арқылы көрініс тапқан.

Көктөбе

Көктөбе
©Zakon.kz

Алматы қаласына келген қонақтар мен туристердің ең бірінші көргісі келетін жері — Көктөбе. «Жаралы сезім» фильмінен соң «Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді» деген тіркес халық арасына ғарыштық жылдамдықпен таралып кеткені белгілі. Расымен, қала келбеті Көктөбеден қарағанда ерекше әдемі көрінеді. Сондай-ақ, Көктөбеде айналмалы дөңгелек әткеншегі мен қалаға апарып-әкелетін арқанды жол қызмет етеді. Бұл жерден түсірілген фотосуреттер әсіресе кешкі уақытта және таңсәріде ерекше сұлу болады. Алматыдағы фотосессияға арналған тегін ресурстардың ішінде Көктөбенің көш бастайтын себебі де осы.

Тұңғыш Президент саябағы

©ztb.kz

Тұңғыш Президент саябағында арнайы жобалар мен үйлену тойына арналған фотосессиялар жасайтындардың қатары күн санап көбеюде. Оған саябақтың гүлденуі себеп. Алматыдағы ең үлкен әрі әдемі саябақ тауға жақын орналасқандықтан, табиғаты ерекше әдемі. Аталған саябақта қаладағы түрлі-түсті шоу көрсететін субұрқақ бар. Жапон бағы, қызыл көпір, саябақтың түбіндегі жоғары қақпа — барлығы сіздің әдемі фотосуретіңізді көркемдеу үшін қызмет етеді.

Панфиловшылар саябағы

Панфиловшылар саябағы
©awaytravel.ru

Құстармен, оның ішінде кептерлермен суретке түскіңіз келе ме? Олай болса, Алматыдағы 28-панфиловшылар саябағына баруға болады. 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы қаланың ең алғашқы саябағы, оның іргесі XIX ғасырдың соңында, Алматы әлі Верный деп аталатын кезде қаланған. Мұнда батырларға арналған ескерткіштер мен «Мәңгілік алаудан» бөлек, көптеген кептерлерді кездестіруге болады. Келушілер құстарға жем беріп үйретіп алғаны сонша, бейбітшілік құсы адамдардан қорықпастан саябақта серуендеп жүре береді. Оларды фонға алып суретке түсу еш қиындық туғызбайды.

Орталық саябақ

Фотосуретке түсіру
©sxodim.com

Бір қарағанда Орталық саябақтың қарапайым саябақтардан айырмашылығы жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда, фотографтар үшін мүлде олай емес. Орталық саябақта ерекше фотосуреттер туындататын орындар көп-ақ. Солардың бірі — қайық айдауға болатын шағын өзен. Сондай-ақ, саябақта түрлі аттракциондар бар. Бұл жерде қандай фотосессия жасап, қандай естеліктер қалдыра алатыныңыз қиялыңыз бен шеберлігіңізге ғана байланысты.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!