Басты бетЖаңалықтарЕлбасы: Еңбек...

Елбасы: Еңбек күшінің 80 проценті роботтандырылған жүйемен алмастырылады

Елбасы жаһандық еңбек нарығының өзгеруін әлемдік өзгерістерге ықпал еткен бес негізгі үрдістің бірі деп атады.

«Жақын арада әдеттегі еңбек күшінің 80 проценті роботтандырылған жүйемен алмастырылады. Қазіргі кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің болуы маңыздырақ. Дамушы елдердегі өндіріс орындары да дамыған елдерге кері қайтарылып жатыр. Мұның барлығы ұлттық экономикалар мен әлеуметтік жүйелер үшін үлкен сын-қатер», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның айтуынша, аталған мәселенің негізгі шешімі — білім беру жүйесін реформалау.

«Білім беру практикасынан креативті ойлау, қажетті ақпаратты тауып, оны ұтымды пайдалана білу қабілеттерін үйретуге көшу қажет. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта сәйкес жұмыстарды жүргізуде, біз бұған дайындалдық және әлі де дайындық үстіндеміз», — деп толықтырды сөзін Президент.

Осы орайда Елбасы Кеңес Одағы ыдырап, халық үшін күрделі кезеңде қазақ жастары әлемнің үздік оқу орындарында білім алуы үшін «Болашақ» бағдарламасы ашылғанын атап өтті. 25 жылда 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен үздік ЖОО-ларда білім алды. Қазіргі уақытта 70 мың стипендиат шетелде оқып жатыр.

«Сонымен қатар әлемдік жоғары деңгейдегі өз университеттерімізді де аштық, олар: Назарбаев университеті, ҚБТУ, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институты, Халықаралық ақпараттық жүйелер университеті. Олар да біліктігі жоғары мамандар әзірлеуде. Мемлекет грант санын көбейтіп жатыр, студенттердің өмір сүру деңгейін жақсартуға күш салуда. Өткен жылы жастарға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасын іске қостық. Жастар алғашқы мамандығын алып, жұмысқа орналасады, әрі қарай өз өмірін жоспарлайды», — деді Елбасы.

Назарбаев әлемдік деңгейдегі студенттерді әзірлеу үшін Қазақстан мектептеріне де реформа жасалып жатқанын атап өтті. Қазақстанда әзірге халықаралық аккредитациядан өткен 20 Зияткерлік мектеп бар және қалған мектептерді де сол деңгейге жеткізу үшін жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетейік, XI Астана экономикалық форумы елордада 17-19 мамыр күндері өтеді. Бұған дейінгі форумдарда жаһандық экономика, цифрландыру және тағы басқа мәселелер қаралса, биылғы форум кезінде ресурстар, роботизация, адамзаттың өзгеруі, агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктер, денсаулық саласының мәселелері талқыланады.

Дереккөзkazinform.kz