Қазіргі Қазақстанның сот жүйесінде алқабилер соты кенжелеп тұр. Енді билер қарайтын істердің тізбесі кеңейтіледі. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазалары көзделген аса ауыр қылмыстық істер алқабилер сотының қатысуымен қаралуы керек дейді сот алқасы.
«Ол үшін заңға қежетті өзгерістер енгізіледі. Қазір Жоғарғы Сот осы мәселемен айналысып жатыр»,-дейді Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллин.
Белгілі болғандай, елімізде қаралатын істерге көп жағдайда айыптау үкімдері шығарылады. Яғни адамды негізсіз қылмыстық тергеуге алу фактілері әлі де кездеседі.
«Біріншіден, бүгін қылмыстық іс сотқа түскенде судья оқығанда тек қана айыптау жағын оқиды. Адамның айыптау дәлелдерімен ғана танысады. Соны оқыған кезде одан пікір алдын ала айыптау пікірі туа бастайды. Сондықтан біз ондай пікір тумас үшін алдын ала қылмыстық істі жібермей, айыптау қорытындысын жіберіп, ал қорғаушы өзінің қорғау қорытындысын жіберсін деп айтып отырмыз. Содан кейін сотқа келгеннен кейін екі жақ келіп, соттың алдында өздерінің дәлелдемелерін береді. Сонда сот екі жағын естіп, сосын шешім қабылдайды»,-деді Абай Рахметуллин өз сөзінде.