Риэлтор деген кім?
Риэлтор жылжымайтын мүлікті жалға беруші (сатушы) мен клиенттің арасындағы келісімді реттейтін компания немесе ұйым қызметкері.
Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары риэлтор кәсібі бізге де ақырындап ене бастаған. Алайда, тек 2000 жылдардан бері қарай ғана танымалдыққа ие болып, табысты қызмет түріне айналды.
Ауылдан қалаға нәпақасын табуға келген кез келген қазақ риэлтор қызметін әйтеуір бір пайдаланып көреді. Бұл кәсіп иелері адамның табаннан тозып пәтер іздеп шаршауына жол бермейтін ыңғайлы қызмет көрсеткенімен, қалтаңызды қағып алатыны тағы бар. Шындығына келгенде, бұл салада әлі реттелмеген, шешілмеген талай мәселе бар.
Біріншіден, риэлторларды арнайы оқытпайды. Басқа елдерді қайдам, біздің жоғарғы оқу орындарында мұндай мамандық түрі оқытылмайды. Сол себепті кез келген адам риэлтор бола алады. Осының салдарынан риэлтор мен клиент арасында түрлі түсініспеушілік, дөрекі қарым-қатынас та болуы бек мүмкін.
Мемлекеттік есеп бойынша, Қазақстанда риэлтолық қызмет көрсететін 2 мыңнан астам компания бар. Ал, оның 15-іне ғана ресми сертификат берілген. Аттестациядан өткен риэлтор мамандарының саны бар жоғы 200 ғана көрінеді. Демек, қалған бірнеше мыңдаған риэлтор заңсыз ақша тауып жүр.
Негізінде аттестатталған маман Жылжымайтын мүлік туралы заңды жақсы біледі, этикет ережелерін сақтайды, килентпен сөйлесуді, ортақ тіл табыса білуді жақсы меңгереді. Тәртіп бойынша риэлтор арадағы делдал ғана емес, барлық келісімді үйлестіретін ұйымдастырушы. Бірақ Қазақстанда жақсы, сапалы қызмет көрсететін мамандар жоқтың қасы.
Риэлторлық қызмет ауадан ақша жасау емес пе?
Әдетте қарапайым жұртшылық жұмыс істеп, ақша табу мақсатында қалаға келеді. Келе сала өздері ақша таппастан бұрын риэлтордың ақша табуына мүмкіндік береді. Олай дейтініміз, екі қолға бір күрек іздеп қалаға келген жұртшылық бірінші баспанасын сайлап алуға кіріседі. Біріншіден, қаланы жақсы білмейді. Екіншіден, пәтер иелерімен ортақ мәмілеге келіп, пәтерді өздері-ақ жалдауға болатынын ескермейді. Үшіншіден, аяққа тозып, пәтер іздегеннен риэлтодың қызметіне жүгінгенді жөн көреді.
Жақсы, ісіне адал риэлтор жолықса мейлі. Әй, бірақ маманданған риэлтор біздің елде қайдан болсын…
Сонымен, қалаға келген адамдардан риэлтор қалай пайда көреді? Пәтер сату немесе жалға алу жарнамасын орналастыратын бірнеше сайттарда риэлтодың телефон номері жазылып тұрады. Пәтер іздеген кісі сол номерге телефон шалады. Мұндайда қолды-аяққа тұрмайтын риэлторлар клиентке пәтерді кқрсетәп, пәтер иесімен жолықтырады. Егер сізге пәтер ұнамаса, көңіліңізден шығады-ау деген «өз варианттарын» ұсынады. Ақыры басыңыз айналып, баспана керек, біріне тоқтайсыз. Ал күні бойы ерінбей бірнеше пәтер көрсетіп, шауып жүрген риэлторыңыз сізден 15 мың теңге алады. Девальвация, инфляция дегенді сылтауратып 20-25 мың теңге сұрауы да мүмкін. «Мен үшін кәдімгідей жүгірді ғой» деп ойлайсыз. Ал ол клиент тауып бергені үшін пәтер иесінен де дәл сол соманы алып кете барады. негізінде, риэлтор сізге пәтер тауып бергені үшін емес, қожайынға клиент тауып бергені үшін ғана ақы алуы керек. «Аңқау елге арамза молда» деген осы риэлтор қызметінде рөл атқарады.
«Пәтер тауып берді, қалтамды қағып алды»
Өткен жыдың тамызында Алматыға келген Жасұлан Серіков 4 жігіт боп пәтер жалдап тұрады. Алматыға келген сәттегі басынан өткергенін былай әңгімелейді.
«Келген кезде ненің не, кімнің кім екенін білмедік. Пәтер іздеп, сандалуға жағдай да, уақыт та болмады. Интернеттен пәтер іздеп, арадағы делдал арқылы Бағанашылдан пәтер жалдадық. Ол кезде уақыт тым тығыз болды. Арадағы жүгірген жігіттің қолына 15 мың теңгені ұстаттық. Жаңа жылдан кейін доллар көтерілді деп, теңгемен төлейтін пәтер ақымызды да көтерді үй қожайыны. Сосын пәтер ауыстыруға ниеттендік. Сәл пысықай болған түріміз бірнеше айда. Өзіміз іздейік дедік. Көк базардағы «Жетім бұрышына» барып, пәтер қарадық. Онда да адамдар риэлтор екенін кейін ұқтық қой. Пәтерді апарып көрсетеді. Көрсеткені үшін 2 мың теңге, ұнатып, жалдайтын болсаң, әлгі адамға 20 мың теңге беруіміз керек екен. «Жетім бұрыштағы» риэлторлықтың «жабайы» түрі екенін сол жерде түсіндім. Кейін риэлтор басқа клиентпен сөйлесіп бұрылып кеткенде, үй иесімен келісіп үлгеріп, риэлтор жігітті «лақтырғаным» бар. Олар қалай қызмет етсе, біз де солай әрекет етуіміз керек қой, әйтпесе бұл үлкен қалада қалтаңды қағып алғысы келеді бәрі», — деді Жасұлан.
Бұл жігіттерден басқа риэлтор қызыметіне жүгінген қаншама адам бар. Көпшілігі оның пәтер иесінен де өз ақысын алатынын білмейді. Сондықтан тауып бергені үшін «беруге міндеттіміз» деген ой қалыптасып қалған.
Қазақстан риэлторлары Қауымдастығы не реттеп отыр?
Бүгінде елімізде Қазақстан риэлторлары Қауымдастығы жұмыс істейтінін біреу білсе, екеу білмес. Бұл қауымдастық риэлтор қызыметіні саны мен сапасын, табыс табу көздерін реттейтін, жүйеге келтіретін орган. Алайда, Қазақстандағы бірнеше мыңдаған риэлторладың 200-і ғана арнайы аттестациядан өткенін ескерсек, бұл қауымдастық барлығына бірдей жауап бере алмай қалады.
Қазақстан риэлторлар Қаймдастығының мүшесі Лариса Степаненко «компания қызметкерінің саны 3 адамнан кем болмауы керек, мамандары 50 пайыз аттестациядан өткен болуы тиіс, тіркеліп, заңды жұмыс жасағанда ғана» сертификат берілетінін жиі айтады. Алайда сертификатсыз риэлторлар саны күн санап артып келеді. Өйткені клиенттен де, қожайыннан да ақша алып, жақсы табыс көзін тапқан риэлторлар ісін заңдастыруға асықпайды.
«Қазақстандағы ешбір жоғары және арнаулы оқу орындарында риэлтерлер әзірленбейді.
Қазақстан риэлтерлер қауымдастығының риэлтерлер мектебінде ғана бастауыш және кәсіби білім жетілдіру курстары бар. Бұл мектептің жұмыс істеп жатқанына 6-7 жылдың жүзі болып қалды. Өз курстарымызды жасауға американ риэлтерлер қауымдастығы көмектесті», — деген еді Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының вице-президенті Гүлшара Дүйсембаева.
Десе де, курстарын оқып, істерін заңдастыруды жөн санамайтын риэлторлар бүгінде қалауларынша қаражат тауып, «қалта қағып» жүр.
«Қолынан келсе, өзгелер де қалаған қаражатын тапсын!»
Сенесіз бе? Дәл осылай деді екі жылдан бері риэлтор болып жұмыс жасап жүрген Дарын Өзбеков (Кейіпкердің аты-жөні өзгертілді).
«Біз де жетісіп жүргеніміз жоқ. Біз де ауылдан осы ақша табу үшін келдік. Риэлторлар ақшаны тек қожайыннан алсын, клиенттен алмасын деген Заң жоқ. Сондықтан, бізге ешкім ешқандай тәртіптік шара қолдана алмайды. Рас, біз екі тараптан да ақша аламыз. Қарап отырсаң, ақылға қонымды. Біз қожайынға да, клиентке де қызмет көрсеттік. Сол себепті екеуінен де ақша алсақ, оның несі айып? Білесіз бе, Қазақстанда риэлтор қызметі әлі таныла, мойындала қоймаған. Сол себепті де бізді түсінетіндерге қарағанда, «жабайы» іспен айналысады деп ойлайтындардың саны көбірек. Қолдарынан келсе, өздері істеп көрсін де», — дейді қатқыл сөйлеген сұхбаттасымыз.
Байқасаңыз бұлардың бар уәжі «Заң жоқ, өзіміз білеміз» екен. Сол себепті де бұл іске де қатысты бір заңның керегі рас. Заң демекші, Гүлшара Дүйсембаеваның айтуынша, 2013 жылы Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының жоғарыға риэлтор қызметін заңдастыруды ұсынған. Алайда бұл ұсыныс Заң ретінде бекітілмек түгілі, әлі қаралып та үлгермепті.
«Алаяққа тап болу да қиын емес»
Риэлторлардың бар сылтауы «ондай Заң жоқ» болды. Ендеше заңгерлер де дейді? Заң жүзінде оларды реттеуге болмай ма? Бұл туралы заңгер Камиша Есмұхамедқызының пікіріне жүгіндік.
«Қазіргі таңда делдалдық қызметтер бірнеше түрге бөлініп, жылжымайтын мүлікті, жерлерді, нысаналарды сататын маман ретінде көбі риэлтор атымен таниды.
Бүгінде екінің бірі риэлтор болып, қызметін емін-еркін атқаруда. Себебі бұл кәсіпке арнайы білім алудың қажеті жоқ. Ата заңымызда бұл қызмет түрі заңмен бекітілмеген, сондықтан шығар риэлторлардың міндеттері мен жауапкершілігі нақтылы ешкім айта алмайды. Заң жүзінде қызметі бекітілмеген соң риэлторлардың қызметі қазіргі таңда өте қызу, әрі өздері ереже мен талаптарды қойып заңсыз пайда тауып жүргені рас.
Риэлторларды арнайы агенттіктер арқылы, оларды рекомендация арқылы, нарықта қанша жыл тәжірбиесі барын біліп хабарласқан жөн, әйтпесе азаматтар алаяқ риэллторлардың жетегінде кету ғажап емес
Заңнамамызда яғни Азаматтық кодексте 33 заңды тұлға ретінде танылады, себебі олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп өз бетінше көрсеткен қызметі бойынша, жауапқа тартылады. Алайда бұл заң нақтылап риэлторлардың қызметін сапасын, әрі жауапкершілікпен міндетемелрін нақты ашпайды, егерде риэлторлардың заңы қабылданса, алаяқтардың, әрі заңсыз пайдаға кенеліп отырған реалторлардың қалың қарасы азаяр еді», — деді заңгер.
Ал экономист Даулет Естанов «Қазақстандағы риэлтор қызметінің гәп» екендігін айтады.
«15-20 ғана компанияның барын ескерсек, мыңдаған риэлторладың заңсыз жүргені анық. Олар сертификатталмаған. Тікелей контактінің үй қожайынымен емес, риэлторламен жүретіндіктен, қарапайым жұртшылық соған арандап қалады. Мемлекет бюджетіне ешқандай шығын келтіріп жатқан жоқ деп қарауымызға болмайды. Ел экономикасын қарапайым халық құрайды. Ал риэлторлар сол қарапайым халықтың қалтасын қағып жүр», — дейді Естанов.
Қазақстан риэлторлары Қауымдастығы реттей алмай отырған жүйені заңгерлер мен экономистер қанша айтқанымен, бұл іс нақты Заңмен бекітілмей, бір жүйеге түспейін деп тұр.
Ақбота Мұсабекқызы