Домалақ ана кесенесі ХІ ғасырда салынған. Ол Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылынан үш шақырым оңтүстік-шығыстағы Балабөген өзенінің бойында орналасқан.

Домалақ ана деген кім?

Домалақ ананың шын есімі — Нұрилә Әли Сланқызы. Әйгілі Бәйдібек бабаның үшінші әйелі болған. Ол кісінің өмір сүрген жылдары туралы дерек көп. Солардың бірі «Қазыналы Оңтүстік» жинағында былай деп жазылған:

«Тарихи деректерге сүйенсек, Домалақ ана 1378-1456 жылдары өмір сүрген. Түркістандағы Иасы қыстағында дүниеге келген. Әкесі Әл Слан — Мақтым Ағзымның жалғыз ұлы болған ержүрек батыр. Ол Ақсақ Темірдің қарамағында әскер басқарған. Шешесі Нұрбике – Уәйіс ханның апасы еді. Нұриләнің әкесі әскерден қайтпаған, анасы жылан шағып, қайтыс болған соң, Нұрила атасы Мақтым ағзамның тәрбиесінде өседі. Мақтым Ағзам Қожа Ахмет Иассауидің қызы – Гауһар бибінің ұрпағы еді».

Халық арасында өзінің мейірбандығымен, адамгершілігімен, шыншылдығымен танылған Домалақ ананың шын есіміне қатысты деректер көп. Мәселен, Кенен ақын Домалақ ананың шын атын Бибісара, шежіреші И.Үсіпұлы Бибімәриям деп айтқан. Жүсіпбекқожа Шайқысламның шежіресінде тума аты Нұрбүбі деп көрсетілсе, Диқанбай батырдан жинаған Н.А. Аристов дерегінде ол Нұрила деп көрсетіледі. Шежіреші Көпжасар Мәденұлы болса, Домалақ ананың есімі Мейір бегім екенін айтқан.

Ел арасында Нұрилә анамыздың әулие адам болғаны туралы аңыз көп. Соның бірінде атасы Мақтым Ағзымның түсі баяндалады. Оған түсінде Қожа Ахмет Ясауи аян беріп: «Немере қызыңа әулиелік дариды, бақ қонады. Оның білегінен кім бірінші ұстаса, сол адаммен некесін қидыр!»,- деген екен. Бұл кезде Нұрилә анамыз сегіз жаста болған деседі. Ол 14 жасқа толғанда құдықтан су алмақ болып, байқамай ішіне құлап кетеді. Сонда оны білегінен тартып Бәйдібек шығарып алған екен. Мән-жайды білген Мақтым Ағзам немересін Бәйдібекке ұзатыпты.

Олардан Тілеуберді деген бала туып, одан Албан, Суан, Дулат тараған дейді. Қазіргі таңда Бәйдібектің Домалақ анадан тараған ұрпақтары Алматы, Жамбыл облыстарында қоныстанған деген дерек бар.

Неге Домалақ ана атанған?

Бәйдібек бабаның үшінші әйелінің неге Домалақ ана атанып кеткені жөнінде тараған аңыз-әңгіме де көп. Домалақ ана парсы тілінен аударғанда «Дихнат мама», яғни Әулие ана дегенді білдіреді. Дихмет сөзі уақыт өте келе Домалақ деп ауыстырылған.

Домалақ ананың парасаттылығы туралы тараған аңыз да көп. Солардың бірі мынадай:

«Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә: «Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз» – деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек».

Домалақ ана өмірден 1456 жылы 28 мамырда өткенде басына төрт қанатты күмбез орнатылыпты. Содан бері кесене бірнеше рет жөндеуден өткізілген. ХХ ғасырдағы жөндеу жұмыстарынан кейін алты бағана салынған. Алайда қалпына келтірілген ескерткіш бұл күнге дейін сақталмаған. 1966 жылы қайта қаланған болатын. Қазір кесененің биіктігі — 12 метр. Ол Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енген.

Домалақ ана кесенесіне не үшін барады?

Аңыз бойынша Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек қана ниеті таза адам өте алады. Сонымен бірге бұл жерге балалы болуды тілеп жүрген ерлі-зайыптылар келеді.

Кесенеге жақын жерде Домалақ ананың бастауы бар. Оны күтіп-баптайтын шырақшының айтуынша, Домалақ ана Жарықшақ бабаны өмірге әкелерде қатты толғатып, өкшесін жерге қатты тіреген екен. Сонда өкшесінінің астынан су шығып, аман-есен босаныпты. Сол суға баласын жуындырып, өзі де тазаланады. Міне, содан бері бұлақ көзі тартылмай, келіп-кетушілердің зиярат орынына айналады.

Бұлақ суының емдік қасиеті бар. Ел арасында оның суы көз, ішкі ағза ауруларына, қол мен денеге шыққан аллергия, қышыма, ұшық сияқты тағы басқа түрлі жараларға, аяқ-қол қақсағанда, елірме мен қояншық ауруына шалдыққандарға дауа болады деген сенім бар.

Кесенеге қалай баруға болады?

Кесене Шымкент қаласынан 65,2 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан бірінші Шымкент қаласына жетіп алу керек. Оған ұшақпен, пойызбен, автобуспен, тіпті жеке көлікпен баруға да болады.

Ұшақпен баруды қаласаңыз, билетті Шымкент қаласына дейін аласыз. Ұшу ұзақтығы бір сағатты құрайды. Әуежайдан ары қарай шамамен 69,8 шақырым жол бар. Оған таксимен 1-1,5 сағатта жетуге болады. Кесене Дулати көшесі арқылы саяжайға қарай жүріп, Боролдай ауылынан оңға қарай бұрылғанда жолдан 1,5 шақырым жерде тұр.

Шымкентке пойызбен баруға да болады. Билетті Шымкент қаласына дейін аласыз да, ары қарай жоғарыда көрсетілгендей не таксимен, не автобуспен жетесіз.

Бұдан бөлек, Астана немесе Алматы қалаларынан жеке көлік жалдап шығуға болады. Кесене Алматыдан 714 шақырым жерде орналасқан. Оған шамамен 8-9 сағатта жете аласыз.

Былтыр Домалақ ана кесенесінің жанынан 80 орындық қонақ үй ашылған. Оған орын болмаса, Шымкент қаласындағы қонақ үйлердің, хостелдердің біріне тоқтауға болады. Ол алыс десеңіз, Бәйдібек ауданында Домалақ ананың басына зиярат етіп келушілерге үйін жалға беретіндер де бар.