Басты бетЖаңалықтарШымкент еліміздегі...

Шымкент еліміздегі ірі агломерациялық орталыққа

Осы тұрғыдан алғанда болашақта Шымкент қаласының іргесіндегі елді-мекендер, өндіріс орындары қалаға «қызмет етушілер» болып табылары анық. Бұл әлемдік практикада бар дүние. Себебі, Нью-Йорк, Париж, Лондон нағыз агломерацияның айқын жемісі екендігін уақыт дәлелдеп берді. Әрі оны күллі әлем көрді. Сондықтан өзімізде бар табиғи шарт жағдайды пайдалана отырып, Шымкентті Оңтүстік өңірдің агломерациялық «жүрегіне» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен Шымкент өзінің жарқын даму жолында өзімен көршілес аудан-қалаларды да бірлікте алға сүйрей түсетіні анық. Бұған шаһардың экономикалық, әлеуметтік, мәдени потенциалы жеткілікті».

Бүгін қала әкімдігінде Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов облыс басшысы Б.Атамқұловтың алдында ҚР Үкіметінің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар туралы баяндамасында осылай деп мәлімдеді.

Оңтүстік агломерациясының изохрон тәсілі бойыша (1,5 сағат ішінде көлікпен қол жетімділік) Шымкент қаласы, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт аудандары, Арыс қаласы енгізілген. Оның ішінде Шымкент қаласы агломерацияның ядросына айнала отырып, көршілес аудан-қалалардың қаланың демографиялық өсіміне байланысты әлеуметтік, инженерлік жүйелер, транспорт, тұрғын үй құрылыстарын жүргізуге өнеркәсіп және ауыл шаруашылықты дамытуға таптырмас мегаорталыққа айналады.

Өз баяндамасында шаһар басшысы қаладағы агломерацияның тиімді факторларына тоқталып өтті. «Атап айтар болсақ, қаланың жаңа Бас жоспарына сәйкес 40 елді мекен (шекарасы 40,0 мың га-дан 117,0 мың га-ға дейін ұлғайды) Шымкентке қосылды. Ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласы жүйелі жолға қойылған Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарының қалаға жақын орналасуы бірінші тиімділік болып саналмақ. Елбасы тапсырмасына орай қала шын мәнінде елдің үшінші қаласы атану үшін ішкі және сыртқы форматта жүйелі жұмыс істелінуде. Бұл ретте ескі қала аумағынан бөлек бой көтерген Жаңа әкімшілік іскерлік орталығы мен индустриялық аймақтардың салынуы немесе қаланың инвестициялық тартымдылығы дәлел», — деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.

Өз баяндамасында шаһар басшысы қолданыстағы темір-жолдармен Ленгір-Шымкент, Түлкібас-Сайрам-Шымкент бағыттарына жолаушылар тасымалдауды «Электричка» (электрлі темір жол және осындай жолдың пойызы) арқылы жүзеге асыру ұсынысын айтып өтті. Бұл біріншіден, қалаға кіре берісте көлік кептелісін азайтып, уақыт үнемдеуге, екіншіден, елді мекендердегі тауар өндірушілердің өнімдерін дер кезінде қала аумағына жеткізуіне ыңғайлы болмақ.

Шымкент агломерациясы аумағына облысқа қарасты бірқатар аудан-қалалар енгендіктен облыстық әкімдік жанынан осы жұмыстарды үйлестіретін (координация) жұмыс органын құру керек. Осы жұмыс органының құзырына қаламен шекаралас аудандармен қоқыс тастау полигондарын, су тазарту ғимараттарының құрылысы (очистное сооружение) сияқты мәселелерді бірлесіп шешу қажет.

Шымкент қаласының Бас жоспарында инфрақұрылым жағдайына қарай (әуе, теміржол, автомобиль жолдары) шағын және орта кәсіпкерлік, сауда саласының маңызды нүктелері сол жол бойларында орналастыру жоспарланған.

«Шымкенттегі агломерациялық процессті реттеу үшін не істеу керек?», — деген сұраққа келер болсақ, әуелі қалада халықтың өмір сүруіне қажетті инженерлік жүйелерді дамыту қажет. Осы мақсатта биылғы жылы алғашқы қадамда 8 елді-мекенге ауыз су, 8 елді-мекенге кәріз, 8 елді-мекенге электр, 5 елді-мекенге газ тартылады.

Агломерацияның жүйелі жүзеге асуы үшін транспорт саласының маңызы зор. Кез келген тұрғынның уақытын үнемдеу үшін ең бастысы іркіліссіз жолдың болуы шарт. Осыны ескерген Шымкент қаласы әкімдігі шаһардағы айналма жолдарды және аудандарға баратын облыстық маңызы бар жолдарды қайта құру, қалаға кіре беріс жердегі көлік жүрісін жеңілдету үшін жүйелі жоспар әзірлеп, жұмыс істеуде.

Қаланың Бас жоспарға сәйкес келешекте қала жолдарында ЛРТ (жеңіл рельсті көлік) жүйесін салу қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта А-2 автомобиль тас жолын, Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысы, Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және қаланың Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-батыс бөліктерін байланыстыру көзделген.

Қала халқының табиғи өсіміне және урбандалу процесстерінің жүруіне байланысты тұрғын үйлерге деген сұраныс артады. Осыны ескере отырып, Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы, «Тұран» шағын ауданы, Сауран, Ташкент бағытында «Ақтас-1» шағын аудандарында көп қабатты тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарланған.

Қорыта айтқанда, Шымкент халқының саны жағынан елдегі «алып үштіктің» бірі. Сондықтан мұнда даму үшін қажеттіліктің бәрі бар деуге болады. Халықтың демографиялық өсімі де оны агломерация деп аталатын маңызды кешеннің құрамдасы болуына бастағандай.

Бұл аймақ ауызсуға ең бай өлке. Сондықтан суды тиімді пайдалану арқылы аймақты Қазақстанды көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз етуші басты өңір жасауға болады.

Шымкент—күн энергиясы ұзақ және мол болатын қала. Сондықтан баламалы энергия көзін пайдаланудың да мол мүмкіндігі бар. Қысқасы, Шымқала агломерациясының қарқынды дамуына жол ашатын қолжетімді әрі құнарлы азық-түлік және бұлардың салалас буыны саналатын жеңіл өнеркәсіптің «отанына» айналуы тиіс.