Басты бетЖаңалықтарОҚО-да ардагерлерге...

ОҚО-да ардагерлерге көлік тарту етілді

Аудан орталығы Шолаққорғандағы «Даңқ» саябағында жалпыхалықтық шеру өтті. Тұрғындар «Белгісіз сарбаз» ескерткішіне гүл шоғын қойып, құран бағыштады. Жеңіс тойы сондай-ақ орталық атшабарда бәйге, көкпар, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлерімен де жалғасын тапты. Мереке күндері ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен тыл ардагерлеріне де аудандық қазынадан қаржылай сыйлық табыс етілді.

«Ауданда осындай шешім қабылдап, 6 ардагерімізге бір-бір автокөлік сыйға тарттық. Соғыс кезінде тылда еңбек етіп, үлкен дәрежеге жеткен ардагерлерімізді де мерекесімен құттықтап жатырмыз», — деді әкім Салыхан Полатов.

Айта кетейік, соғыс кезінде осы ауданнан майданға 6 мыңдай азамат аттанған. Бүгінде олардың алтауы Жеңістің 73-көктемін қарсы алды.

«Бұл соғыс оңайшылықпен болған жоқ. Оны тарихтан біліп жатқан шығарсыздар. Халықтың ынтымағы, бірлігінің арқасында үлкен жауды жеңіп шықтық. Менің айтарым соғыс болмасын. Елде бейбітшілік болсын», — соғыс ардагері Мырзахмет Жылысбаев ақ тілегін арнады.

Дереккөз24.kz